Каспий маңы артезиан алабы – Каспий теңізінің солтүстігінде орналасқан әлемдегі ең терең геологиялық ойысты алып жатқан сулы алап.

Жалпы ауданы 700 мың км². Құрылымы палеозойға дейінгі түзілімдерден бастап қазіргі шөгінділерге дейін үздіксіз жиналып қалыптасқан қабаттардан (жалпы қалыңд. 10 – 23 км) тұрады.Саз, құм, құмтас, әктас жыныстары төменгі палеозойдың тұз шөгінділерімен қабаттасып жатқандықтан бұл арада тұзкүмбезді құрылымдар өте көп (мыңнан астам). Құмды-құмтасты шөгінділерде шоғырланған артезиандық су қабаттарының тереңдігі алаптың орталығында 20 – 23 км-ге дейін жетеді. Жер бетінен төмендеген сайын әр қабаттың су өнімділігі кеміп, минералдары арта түседі. Ойыстың шығыс, оңтүстік-шығысында жер бетіне жақын жатқан қабаттарда, көбінесе, бор кезеңінің құмтасты шөгінділеріндегі судың минералд. 1 – 3 г/л болса, ойыстың орталығындағы тереңде жатқан сулы қабаттарда 350 – 550 г/л-ге дейін барады. Негізгі жер асты су қоры бор кезеңінің шөгінділерінде шоғырланған, оның минералдары 3 г/л-ге дейін. Арынды, шапшып-төгілмелі жер асты суының аймақтық жылдық пайдалану қоры 2,9 км3-ден асады, оған жылына 1,5 км3-ден артық сіңбе су қосылып алмасып отырады. Пермь-таскөмір кезеңдерінің карбонатты шөгінділеріндегі су құрамында бром, бор, стронций, йод, рубидий, цезий сияқты құнды микроэлементтер бар.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том

Дереккөздер

Санат:Артезиан алабы Санат:Қазақстан су алабы өңірлері