А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы (орыс. Городская универсальная библиотека имени А. Пушкина) — Шымкент қаласындағы көпшілік кітапхана. Толық атауы — «Шымкент қаласының Мәдениет, Тілдерді дамыту және Архивтер басқармасының А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап ғылыми кітапханасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі. Қысқартылған атауы — А. Пушкин ат. ҚӘК.
А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасы 220pxКітапхана логотипі Орналасқан жері Қазақстан, Шымкент қаласы, Қазыбек би көшесі, 13 «А» Ашылған уақыты 1886 жыл Директоры Жанысбекова Гүлмира Қалыбайқызы Сайты shymcityunilib.kz
Тарихы Кітапхана 1886 жылы Шымкент уезі полициясының бастығы, кітап жанашыры Николай Самойловтың бастамасымен ашылды. Ол қала тарихындағы алғашқы ақылы қоғамдық кітапхана болды. Бастапқыда бұрынғы Александровская көшесіндегі, №4 үйде (қазіргі Майлықожа көшесі) екі бөлмелі шағын үйде орналасты.
1891 жылы кітапхана қазіргі филармония орнында болған Әулие Сергий Радонежский шіркеуінің бір бөлмесіне көшірілді.
1899 жылы орыс ақыны Александр Сергеевич Пушкиннің туғанына 100 жыл толуына орай, Чимкент уезі бастығының орынбасары, өлкетанушы Нил Сергеевич Лыкошиннің ұсынысымен қалалық кітапханаға оның есімі берілді.
1919 жылы 14 сәуірде халық комиссарлары кеңесінің бұйрығымен республикадағы барлық қоғамдық, қалалық және жеке кітапханалар Түркістан кеңестік республикасының меншігі болып жарияланып, халық ағарту комиссариатының қарамағына берілді.
1920 жылдары мәдени-ағарту жұмыстары «Қызыл отау», клубтар мен оқу бұрыштары арқылы жүргізілді.
1922 жылы 29 қазанда халық ағарту округтік кеңесі Чимкент уезіндегі шағын кітапханаларды бір орталық кітапханаға біріктіру туралы шешім қабылдады.
1926 жылы кітапхана қазіргі «Кеңбаба» саябағының ішінде тұрған Никольский шіркеуінің бір бөлмесіне көшірілді.
1941–1945 жылдары Ұлы Отан соғысы кезінде кітапхана қазіргі Қазыбек би көшесіндегі №8 мектептің орнында тұрған ғимаратқа көшіріліп, облыстық және қалалық интеллигенцияның бас қосатын орталығына айналды.
1945 жылы КСРО үкіметінің қаулысымен Қазақ КСР Министрлер кеңесі жанында мәдени-ағарту мекемелері ісі жөніндегі комитет құрылды.
1950 жылдары кітапхана кітаптарды насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 1951 жылдан бастап аудандық кітапханашыларға әдістемелік көмек көрсетіле бастады.
1954 жылы кітапхана жанынан бір жылдық оқу курсы ұйымдастырылды.
1955 жылы кітапхана Пушкин көшесі, №9 мекенжайдағы (қазіргі Ілияс Есенберлин көшесі) партиялық ағарту үйіне орналасты.
1960–1963 жылдары Қазақстандағы кітапхана ісі жүйесі қайта құрылды.
1964 жылы Совет көшесіндегі (қазіргі Қазыбек би көшесі) Сергий Радонежский шіркеуінің артқы жағындағы атқора бұзылып, орнына кітапханаға арналған екі бөлмелі үй салынды.
1965 жылы қалалық Пушкин кітапханасы облыстық кітапхана болып қайта аталды.
1967 жылы өлкелік «Казахстаника» каталогы іске қосылды.
1970 жылы әдебиеттік, пәндік, кеңестік және шетелдік жүйелік каталогтар, мемлекеттік стандарттау картотекаларымен жұмыс жолға қойылды.
1975–1978 жылдары облыста мемлекеттік бұқаралық кітапханалар орталықтандырылды.
1976 жылы қордың көптігіне байланысты кітапхана екі ғимаратқа бөлінді. Бір бөлігі Тәуке хан даңғылы, 2 мекенжайына, екіншісі Ғани Ілияев пен Бауыржан Момышұлы көшелерінің қиылысындағы ғимаратқа көшірілді.
1980 жылдан бастап кітапхана жұмысын «КСРО-дағы кітапхана туралы Ережеге» сәйкес ұйымдастырды.
1986 жылы атауы А. Пушкин атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана болып өзгерді. 1986 жылғы 5 ақпандағы №26 бұйрыққа сәйкес Мәдениет басқармасының облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы деп аталды.
1987 жылы «Кітапханалық-библиографиялық жіктеу» (КБЖ) енгізілді.
1990–1993 жылдары кітапхана саласы тоқырауға ұшырады.
1994 жылы кітапхананың бір бөлігі Қазыбек би көшесіндегі орталық саябақ ішінде болған «Мир» кинотеатрының ғимаратына көшіріліп, онда кітап сақтау бөлімі мен оқу залы орналасты.
1995–2005 жылдары өлкетану тақырыбындағы жұмыстар қолға алынды.
1998 жылы кітапхана қызметкерлері Қазақстан Республикасы кітапхана қызметкерлері ассоциациясының құрамына енді.
2000 жылы кітапханаға РАБИС электрондық каталогы орнатылып, электронды библиографиялық мақалалар, жинақтар мен монографиялар картотекасы жүргізіле бастады.
2001 жылы облыс әкімінің шешімімен үш жерге бөлінген бөлімдердің барлығы Тәуке хан даңғылы, 2А мекенжайындағы бір ғимаратқа көшірілді.
Ғимараты Қазіргі уақытта кітапхана Қазыбек би көшесі, 13 «А» мекенжайында, бұрынғы өлкетану мұражайының ғимаратында орналасқан.
Қоры және қызметі Кітапхана қорында кітаптар, газеттер, журналдар, ноталық басылымдар, музыка және бейнелеу өнері туралы шығармалар, салалық әдебиеттер, қазақ, орыс және басқа тілдердегі көркем әдебиеттер бар.
Кітапхана барлық оқырман санаттарына арналған көпшілік кітапхана болып табылады. Оқырман болу үшін мемлекеттік үлгідегі жеке куәлік қажет. Негізгі қызметтер 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап тегін, 24/7 режимінде көрсетіледі.
Кітапхана қабырғасында байқаулар, турнирлер, кездесулер, кітап көрмелері, тұсаукесерлер өткізіліп тұрады.
Республикалық және халықаралық жобаларға қатысуы 2025 жылы 17–18 қыркүйекте Шымкент қаласы әкімдігінің және Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының қолдауымен, Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының ұйымдастыруымен кітапханада «Қазақстандық Кітапханалық Одақ» кеңесінің көшпелі жұмыс отырысы өтті. Отырысқа Шымкент қаласы әкімінің орынбасары, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры, республика бойынша облыстық, қалалық, аудандық кітапхана басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жетістіктері 2022 жылы кітапханада көркемсурет галереясы залы ашылды. 2023 жылы «СӨЗ» халықаралық әдеби фестивалі аясында «Әдебиет әлемді біріктіреді» атты поэзия-проза байқауы басталды. 2023 жылы MEGA-RABIS бағдарламасы орнатылып, қор электрондық каталогқа енгізіле бастады. 2024 жылы қала әкімі кітапхананың қызмет сапасына оң баға беріп, электрондық жүйені жетілдіруді тапсырды. 2026 жылы 10 сәуірде «Қазақстандағы Франкофония көктемі» мәдени фестивалі және «Париждегі Нотр-Дам соборын қайта жаңғырту» фотокөрмесі өтті. 2026 жылы 15 сәуірде Әлихан Бөкейханның 160 жылдығына арналған «Ұлт көсемінің мұрасы – ұрпаққа өнеге» атты өңірлік жыр мүшәйрасы өтті.
Дереккөздер
Санат:Шымкент кітапханалары Санат:Қазақстан кітапханалары Санат:1886 жылы құрылғандар