«The Way You Make Me Feel» () — америкалық музыкант Майкл Джексонның әні. Әншінің жетінші студиялық альбомы Bad-тан шыққан үшінші сингл 1987 жылы қарашада Epic Records лейблінде жарық көрді. Продюсерлік жұмысты Джексон мен Куинси Джонс бірге атқарды.

АҚШ-тың Billboard Hot 100 хит-парадының бірінші орнына көтерілген «The Way You Make Me Feel» Джексонның осы альбомнан шыққан үшінші №1 синглі болды. Әнге түсірілген бейнеклиптің телевизиялық тұсаукесері 1987 жылы 31 қазанда өтті. Клип «MTV Video Music Awards» сыйлығының «Бейнеклиптегі үздік хореография» номинациясына ұсынылды.

Жасалу тарихы және композицияның ерекшеліктері Джексон «The Way You Make Me Feel» әнін анасының ырғақтық суреті — шаффлмен орындалатын ән жазу туралы өтінішіне жауап ретінде жазды.

Дәл осы шаффлды дыбыс режиссері Брюс Свиден әннің басты ерекшеліктерінің бірі деп атаған. Барабаншы Джон Робинсон 2017 жылы: «Шаффлды танымал музыкада қолдану — үйреншікті құбылыс емес. Бұл композиция әлі күнге дейін өзге әндерден ерекшеленіп тұрады», — деп еске алған. Свиден әнді микшеру кезінде «клиникалық тәсілді», яғни дыбысты барынша мінсіз әрі таза етіп өңдеуді әдейі қолданбағанын жазған. Саусақпен шерту, аяқтың дүбірі (Джексон жазба кезінде билеген) сияқты табиғи дыбыстардың барлығы таспаға жазылып қалған. «Егер тректі мінсіз тазалыққа жеткізуге тырыссам, оның тартымдылығының басым бөлігін жоғалтып алар едім деп ойлаймын», — деп еске алған Свиден. Ларри Уильямс саксофонда өз солосын орындағаннан кейін, Джексонның командасы осы аспаптың шамамен 30 түрлі дыбысын жазып алған. Кейін Майклдың өзі бірнеше аккордты дауыспен орындап, олардың барлығы синтезаторға бағдарламаланған. «Нәтижесінде, сіз саксофонның дыбысын естіп тұрғандай боласыз, ал шын мәнінде естіп тұрғаныңыз — Майклдың дауысы», — деп еске алған кернейші Гари Грант. Композициядағы барлық бэк-вокал Джексонның дауысы жазылған көптеген вокалдық жолдардан тұрады. Кейін бұл жазбалар бірінің үстіне бірі қабаттастырылған. «The Way You Make Me Feel» — Bad альбомындағы ең қарқынды әрі оқиғасы жылдам өрбитін әндердің бірі. Композиция күрделі 12/8 музыкалық өлшемінде орындалған. Ән мәтінінде әнші қызға өзіне деген сезімдері туралы сыр шертеді. Алғашында ән «Hot Fever» () деп аталған.

Синглдің жарыққа шығуы және сыншылардың пікірі Ән Джексонның жетінші студиялық альбомы Bad-тан шыққан үшінші сингл ретінде 1987 жылғы 9 қарашада жарық көрді. АҚШ-тың Billboard Hot 100 хит-парадында бірінші орынға көтерілген «The Way You Make Me Feel» әншінің осы альбомынан бірінші орын алған үшінші сингл болды. Сонымен қатар композиция Hot R&B/Hip-Hop Songs чартында төрт апта бойы көш бастады. Жалпы алғанда, «The Way You Make Me Feel» хит-парадтарда 18 апта бойы сақталды — бұл Bad альбомындағы басқа синглдердің барлығынан ұзақ көрсеткіш. Композиция әлемнің бірнеше елінде алтын және платина сертификаттарына ие болды.

The New York Times басылымының 1987 жылғы шолушылары: «Заманауи электронды музыка аясында бұл әннен ескі соул музыкасының лебі сезіледі: ырғақ тербеліп, блюзге тән гармониялар естіледі», — деп жазды. Los Angeles Times газеті «The Way You Make Me Feel» әнін «ойнақы ырғақпен алға ұмтылған шаффл» деп сипаттады. Rolling Stone журналистері бұл әнді Bad альбомындағы ең үздік композициялардың бірі деп бағалады: «Бұл әнде әрбір сөз бен әрбір нота өз орнын тапқан, ал үрмелі аспаптар мәтіндегі әрбір комплиментке ерекше екпін береді». The Chicago Tribune басылымы да әннің махаббат тақырыбындағы композиция екенін атап өтіп, «оның ерекшелігі — қуатты әрі әсерлі үрмелі аспаптар партиясында» екенін жазды.

Музыкалық бейне Әнге түсірілген бейнебаянның режиссері Джо Питка болды. Түсірілім жұмыстары Лос-Анджелестегі Скид-Роу ауданында өтті. Бейнебаянға көпшілік сахналарына сол маңдағы Crips көше тобының шынайы мүшелері де шақырылды. Бастапқыда Джексон да, режиссер де бейнебаянға бірнеше бишінің қатысуымен хореографиялық қойылым қосуды жоспарламаған. Мұндай көрініс сценарийде де болмаған. Алайда түсірілімнің соңғы сәтінде оны бейнебаянға енгізу туралы шешім қабылданды. Хореографияны Винсент Патерсон қойды.

Бейнебаян оқиғасы қараңғы көшеде өрбиді. Бір топ афроамерикалық ер адам жалғыз келе жатқан көрікті қызды көреді. Оның рөлін Татьяна Тамбтзен сомдаған. Джексон қызға жақындамақ болады, бірақ әлгі ер адамдар оған жол бермей, мазақтап қуып жібереді. Джексон кетіп бара жатқанда, сәл әріректе отырған қарт оны шақырып алып, ақыл айтады: «Сен ана жігіттер сияқты болғың келеді, бірақ олардың өздері түкке тұрмайды. Неге өз қалпыңда болмайсың? Өзіңді қолға ал да, ішкі болмысыңды көрсет». Осы сөздерден кейін Джексон батылданып, қыздың жолына қайта шығады. Жақын жерде тұрған ер адамдар болған жағдайды әлі де сөз етіп тұрады. Олардың бірі: «Ол не істеп жүр? Мен оған үйіне қайтсын деп айтқан сияқтымын... Қара, қыз оның жанынан өтіп кетеді», — деп айқайлайды. Қыз шынымен де оның жанынан өтіп кетеді. Алайда Джексон қатты дауыстап, оның назарын өзіне аударады. Қыз тоқтайды. Сол сәтте «The Way You Make Me Feel» әні басталады. Жас әйел әрі қарай жүре бермек болады, бірақ әнші оның соңынан еріп, ән арқылы қыздың бойында қандай сезім тудыратынын айтып келеді. Әннің соңғы музыкалық бөлігінде Джексонға бірнеше биші қосылады. Композиция аяқталған сәтте әнші кадрдан ғайып болады. Қыз оны жан-жағынан іздей бастайды. Ақырында Джексон оның алдына қайта келіп, екеуі құшақтасады. Дәл осы сәт синглдің мұқабасына бейнеленген.

Бейнебаянның үш нұсқасы монтаждалды. Ұзақтығы 7 және 9 минут болатын нұсқалар Джексонның Number Ones, Video Greatest Hits — HIStory және Michael Jackson’s Vision музыкалық бейнежинақтарына енгізілді. Ал толық 25 минуттық қысқаметражды нұсқасы әншінің Неверленд ранчосына келген қонақтарға көрсетілген. Бұл нұсқа ресми түрде әлі жарық көрген жоқ.

Бейнебаянның теледидардағы тұсаукесері 1987 жылы 31 қазанда өтті. 1988 жылы ол MTV Video Music Awards сыйлығында «Бейнебаянда үздік хореография» аталымы бойынша номинацияға ие болды.

Концерттік орындаулар thumb|right|250px|Джексон «The Way You Make Me Feel» әнін Bad World Tour (1988–1989) турнесі аясындағы концерттердің бірінде орындауда Джексон «The Way You Make Me Feel» әнін алғаш рет 1988 жылы «Грэмми» сыйлығын табыстау рәсімінде орындады. Сол жылдың соңында әнші композицияны өзінің әлемдік жеке турнесі Bad World Tour-дың екінші кезеңінің концерттік бағдарламасына енгізді. Джексон әннің алғашқы шумағы мен қайырмасын әрдайым баяулатып орындаған. Мұндай нұсқада композицияның блюзге тән гармониялары анағұрлым айқын сезілді. Ән Джексонның 1992 жылғы Dangerous World Tour және 1996–1997 жылдардағы HIStory World Tour әлемдік турнелерінің бірнеше концертінде де орындалды. 2001 жылы әншінің жеке шығармашылық жолының 30 жылдығына арналған екі концерттің бірінде Джексон «The Way You Make Me Feel» әнін Бритни Спирспен бірге дуэт ретінде орындады. Ал музыканттың қайтыс болуына байланысты өтпей қалған This Is It концерттік турнесінің бағдарламасына да бұл әнді енгізу жоспарланған болатын.

«The Way You Make Me Feel» әнінің концерттік орындауларының бірі Live at Wembley July 16, 1988 DVD жинағына енгізілді. Ал This Is It турнесіне дайындық кезінде түсірілген әннің репетициясы «Майкл Джексон: Міне, осымен бітті» деректі музыкалық фильміне енді.

Композицияның тізімі 7" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 34-07645)

12" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 651275 6)

Жазбаның қатысушылары

Майкл Джексон — музыка, мәтіні, вокал, бэк-вокал, саусақпен шерту, ырғақ пен вокалдың аранжировкасы Джон Робинсон — соқпалылар Дуглас Гетчел — синтезаторларды бағдарламалау Эрик Гейт, Дэвид Уильямс — гитаралар Ким Хатчкрофт и Ларри Уильямс — саксофондар Гари Грант, Джерри Хэй — трубалар Олли Е. Браун, Паулинью да Кошта — перкуссия

Кристофер Карелл — синклавир, саусақпен шерту Джон Барнс пен Майкл Боддикер, Грег Филингейнс — синтезаторы Ларри Уильямс — синтезаторларды бағдарламалау Джерри Хей — үрмелілердің аранжировкасы

Чарттардағы көрсеткіштері және сертификаттары

Чарттардағы орны Чарт (1987—88) Жоғарыпозиция Аустралия5 Аустрия1525px| Бельгия (Фландрия)2 Ұлыбритания3 Германия12 Ирландия1 Канада7 Нидерланд6 Жаңа Зеландия2 АҚШ (Hot 100)1 АҚШ (R&B/Hip-Hop Songs)1 Франция29 Швейцария8 ОАР16

Сертификаттар Мемлекет Сертификат Аустралия (ARIA)Алтын Дания (IFPI)Платина Ұлыбритания (BPI)Платина АҚШ (RIAA)2× Платина

Дереккөздер

Санат:1987 жылғы әндер Санат:Майкл Джексонның әндері Санат:Майкл Джексонның синглдері Санат:Майкл Джексонның бейнелері Санат:Epic Records синглдері Санат:Billboard Hot 100 хит-парадын басқарған әндер Санат:Billboard Hot R&B/Hip-Hop Songs хит-парадын басқарған әндер Санат:Ирландия хит-парадын басқарған әндер Санат:Billboard Dance Club Songs хит-парадын басқарған әндер Санат:Майкл Джексон жазған әндер Санат:Майкл Джексон продюсерлік еткен әндер