Ейдзи Тойода (, Toyoda Eiji, 12 қыркүйек 1913 – 17 қыркүйек 2013) — жапондық индустриалист. Ол Toyota Motor Corporation компаниясын табысты әрі әлемдік деңгейде танымал етуге үлкен үлес қосты. Алдымен Toyota-ның президенті, кейін төрағасы ретінде қызмет атқарды. Ейдзи Тойода кейіннен Toyota президенті қызметінде Шоичиро Тойодаға орын берді.

Мансабы

Ейдзи Тойода 1933-1936 жылдары Токио Императорлық Университетінде механикалық инженерия мамандығы бойынша білім алды. Осы кезеңде оның немере ағасы Киичиро Тойода орталық Жапониядағы Нагоя қаласында Toyoda Automatic Loom Works автокөлік зауытын құрды. Ейдзи оқуын аяқтаған соң осы зауытқа қосылып, өмір бойы Киичиро Тойодамен жақын достық қарым-қатынаста болды. 1938 жылы Киичиро Ейдзи Тойодаға Нагоядан 32 км шығыста, Коромо қалашығында жаңа зауыттың құрылысын басқаруды тапсырды. Кейін бұл қала Toyota City деп өзгертілді. Бұл зауыт «Honsha» («бас кеңсе») деп аталды және бүгінгі күнге дейін Toyota-ның жаһандық өндірістік орталығы болып саналады.

1950 жылдардың басында Ейдзи АҚШ-қа сапармен барып, Фордтың «River Rouge» зауытын аралады. Ол зауыттың ауқымына таңғалғанымен, өндірістік тиімсіздігін сынады. Бұл кезде Toyota 13 жыл бойы көлік шығарып, небәрі 2,500 көлік өндірген еді, ал Ford зауыты күніне 8,000 көлік жасап шығарды. Осы тәжірибеден кейін Ейдзи Тойода американдық жаппай өндіріс әдістерін қабылдауға, бірақ сапаны арттыруға ерекше назар аударуға шешім қабылдады.

Ейдзи Тайити Оно есімді тәжірибелі инженермен бірге Toyota Production System (Toyota өндірістік жүйесі) негізін қалады. Олар «Канбан» жүйесін (өндірістік процестердегі бөлшектерді белгілеу әдісі) және «Кайдзен» қағидасын (өндіріс пен еңбекті оңтайландыру арқылы сапаны үнемі жетілдіру жүйесі) жетілдірді. Toyota компаниясының басқарушы директоры ретінде Ейдзи 1950 жылдары АҚШ нарығына Toyota Crown моделін ұсынды, бірақ ол сәтсіздікке ұшырады. Алайда, 1968 жылы Toyota Corolla моделін шығарған соң, ол АҚШ-та үлкен сұранысқа ие болды.

1967 жылы Toyota-ның бесінші президенті болып тағайындалған Ейдзи компания тарихындағы ең ұзақ уақыт қызмет еткен басшы атанды. 1981 жылы ол президенттік қызметтен кетіп, Toyota-ның төрағасы атанды. Оның орнына Шоичиро Тойода президент болды. 1983 жылы төраға ретінде Ейдзи люкс-көліктер нарығына шығу туралы шешім қабылдады, нәтижесінде 1989 жылы Lexus бренді пайда болды. 1994 жылы, 81 жасында, Ейдзи Toyota-ның төрағалығынан кетті. Кейінгі жылдары және қайтыс болуы

Өмірінің соңғы жылдарында Ейдзи Тойода жамбас сүйегіне байланысты ауруханаға жатқызылды және біраз уақыт мүгедектер арбасын қолдануға мәжбүр болды. Дегенмен, ол ашық мінезді болып қала берді және судоку шешуді ұнататын. Ол өмірінің соңғы жылдарын Жапонияның Toyota City қаласындағы Toyota Memorial Hospital ауруханасында, компанияның штаб-пәтеріне жақын жерде, ем қабылдаумен өткізді.

2013 жылдың 17 қыркүйегінде, 100 жасқа толғанына бес күн өткен соң, Ейдзи Тойода жүрек жеткіліксіздігінен Toyota Memorial Hospital ауруханасында қайтыс болды.

Ейдзи Тойодаға құрмет көрсеткен Center for Automotive Research ұйымының бұрынғы төрағасы Дэвид Коул: «Ол шынайы көреген және шабыттандырушы көшбасшы болды. Toyota-ның табысты компанияға айналуы үшін не істеу керектігін жақсы түсінді.» – деп атап өтті.

Petersen Automotive Museum музейінің кураторы Лесли Кендалл оны «Жапондық Генри Форд» деп сипаттады.

Марапаттары

Жапондық марапаттар: Сәуір 1971 – Көк ленталы Құрмет медалі (Medal of Honor with Blue Ribbon) Қараша 1983 – Қасиетті қазына орденінің Үлкен Кордоны (Grand Cordon of the Order of the Sacred Treasure) Қараша 1990 – Күншығыс орденінің Үлкен Кордоны (Grand Cordon of the Order of the Rising Sun)

Шетелдік марапаттар: Наурыз 1985 – Португалияның Генри ханзада орденінің Командоры (Commander of the Order of Prince Henry of Portugal – ComIH) Желтоқсан 1990 – Тайландтың Ақ Піл орденінің Рыцарь Командоры (Knight Commander of the Order of the White Elephant of Thailand) Сәуір 1991 – Бельгияның Тәж орденінің Үлкен Офицері (Grand Officer of the Order of the Crown of Belgium) Сәуір 1992 – Тайландтың Тәж орденінің Үлкен Рыцары (Knight Grand Cross of the Order of the Crown of Thailand) Қыркүйек 1993 – Аустралия орденінің Құрметті Компаньоны (Honorary Companion of the Order of Australia – AC) 1994 – АҚШ-тың Автомобиль өнеркәсібі Даңқ залына енгізілді (Automotive Hall of Fame, USA) Мамыр 2001 – Тайландтың Дирекгуннабхорн орденінің Үлкен Рыцары (Knight Grand Cross of the Order of the Direkgunabhorn of Thailand)

Шежіресі Ейдзи Тойода тоқыма өндірушілер отбасында дүниеге келген. Ол Toyoda Loom Works компаниясының негізін қалаушы Сакичи Тойоданың ағасы Хейкити Тойоданың ұлы болған. Сакичи Тойоданың ұрпақтары 1937 жылы құрылған Toyota Motors компаниясының жоғарғы басшылығын ұзақ уақыт бойы басқарды. Ейдзи Тойода 2013 жылдың қыркүйек айында қайтыс болды. Оның жары Казуко Тойода 2002 жылы дүниеден өтті. Олардың үш ұлы (Кансиро, Тетсуро және Шуҳей) және көптеген немерелері бар. Тағы қараңыз Сакичи Тойода Киичиро Тойода

Дереккөздер

Санат:Toyota