Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты — Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты тіл ғылымының теориялық және қолданбалы мәселелерін зерттеуга бағытталған ғылыми-зерттеу орталығы. Қазақ ұлттық ғылым академиясының құрылымдық бөлімі ретінде әрекет етеді.
Қазақ тілі мен түркітанудың іргелі де қолданбалы мәселелерін зерттеумен айналысады. Институтта қазақ тілінің құрылымы мен тарихы, диалектологиясы, ономастика мен терминологиясы, қоғамдық қызметі, туыстас және өзге де тілдермен байланысы, мәдени өмірдегі орны, т.б. мәселелер көне түркі, ортағасырлық, кейінгі ортағасырлық жазба ескерткіштер негізінде зерттеліп, тіл білімінің жетістіктері мен нәтижелері жұртшылыққа насихатталып отырады.
Институт ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізумен қатар жоғары білікті мамандар (ғылым кандидаттары мен докторларын) даярлайды.
Институттың негізгі мақсаттары: мемлекеттік тілдің ғылыми-лингвистикалық базасын жасау (қазақ тілінің ұлттық тіл ретіндегі нормативтік сөздіктерін, академиялық сипаттағы Қазақ грамматикасын, көптілді аударма сөздіктерді дайындау; терминологиялық зерттеулер жүргізу, ұлттық сөздік қорды жинақтап, байытып отыру; жұртшылықтың сөз мәдениетін, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп тереңдететін лингвоәлеуметтік//мәдени// елтанымдық зерттеулер мен құралдар әзірлеу); Институттың зерттеу бағытының инновациялық сипатын айқындайтын әлемдік лингвистиканың дамуына сәйкес қазақ тіл ғылымын дамыту (когнитивтік, антропоөзектік бағыт, лингвомәдениеттану, этнолингвистика, психолингвистика, прагмалингвистика, компьютерлік лингвистика, функционалды грамматика, мәтін лингвистикасы т.б.); іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеу бағдарламалары аясында қазақ тіл білімінің қазіргі даму үдерістері мен жаңа үрдістерін белгілеу; қазақ тілі мен түркі тілдерін салыстырмалы, салғастырмалы аспектілерде қарастыратын зерттеулер жүргізу; Қазақстан бойынша кәсіби біліктілігі жоғары лингвист-мамандар дайындау.
Институт тарихы 1932 жылы КСРО Ғылым Академиясының Қазақстан базасы жасақталып, 1936 жылы оның құрамында Ұлт мәдениеті институты құрылған. Алғашқы директоры С.Аманжолов|С.Аманжолов. Институттың тіл, әдебиет, халық шығармашылығы және тарих секторлары аталмыш база негізінде 1938 жылы шаңырақ көтерген КСРО ҒА Қазақ бөлімшесі Тіл, әдебиет және тарих институтының (алғашқы директоры Нығмет Сауранбаев) құрылуына негіз болды.
1945 жылы институттан Тарих, археология және этнография институты мен Тіл және әдебиет институты бөлініп шықты.
1961 жылы Қыныш Сәтбаев пен Мұзтар Әуезовтың бастамасымен Тіл және әдебиет институтының негізінде Әдебиет және өнер институты мен Тіл білімі институты (директоры академик Ісмет Кеңесбаев) қайта құрылды.
1990 жылы 26 ақпанда институтқа Ахмет Байтұрсынұлының аты берілді.
Қазіргі кезде институт құрамында грамматика, лексикология, фонетика, тіл мәдениеті, қолданбалы лингвистика бөлімдері және тілдер кафедрасы бар. Сондай-ақ ономастика, терминология, әдеби тіл тарихы, этнолингвистика топтары жұмыс істейді.
1990 Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі Тіл білімінің дамуы ерекше қарқын мен жаңа сипат алды. Бұл ең алдымен қазақ тілінің Қазақстан Республикасы мемлекет құрушы ұлтының тілі ретінде мемлекеттік мәртебе алуымен – саяси фактормен, осы мәртебесінің қоғамдық өмірдің барлық салаларында заңды түрде бекітілуімен – құқықтық фактормен, қазақ тілінің қолданыс аясынан, кеңеюімен қатар қолдану мәдениеті сапасының артуымен – әлеуметтік лингвистикалық фактормен, қазақ тілінде сөйлейтін тілдік тұлғалар саны мен сапасының артуымен – демографиялық фактормен, қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің көркеюі, тарихи санасының жаңғыруымен – тарихи фактормен, сол сияқты басқа да қазақ тілді қоғам үшін тың факторлармен байланысты болды. Осы факторлар негізінде қазақ тілінің дамуында тың әрі қарқынды даму үрдістер орын алды. Қазіргі тіл білімінде қоғамдық санадағы, қоғамдық болмыстағы осы өзгерістердің тілдегі рефлексиясына талдау жасау, тілдің даму болашағын айқындау, тілдегі кейбір үдерістердің бағытын тілдік жүйенің іргелі, қоғам сұранысына тиімді жауап беретіндей болуы үшін дұрыс арнаға бұру мақсатында дәстүрлі ғана емес бейдәстүрлі – антропоцентристік бағыттағы әлемдік тіл ғылымы салалары бойынша да күрделі зерттеулер жүзеге асырылды.
Институт – қазақ тілінің дыбыстық және лексикалық қорын жинақтау, жүйелеу, нормалау негізінде қазақ тілі және тіл ғылымы бойынша құнды зияткерлік (интеллектуалдық) мүліктің сақтаушысы жинақтап, байытушысы болып табылатын бірден бір мекеме. Мұнда көлемі 5 миллионнан астам картотекадан тұратын Ұлттық тілдің сөздік қоры бар. Осы күнге дейінгі шыққан сөздіктердің сөзтізбесіне негіз болған, үнемі толығып отырған бұл сөздік қор еліміздің мемлекеттілігінің бірден бір нышаны ретіндегі мемлекеттік тілдің лексика-фразеологиялық байлығын, сөзтізбелік құрамын айқындайтын құнды мұра болып табылады. Сонымен бірге Институт жанынан қорғалған кандидаттық және докторлық жұмыстардың қоры және үнемі толығып отыратын 6 мыңнан аса лингвистикалық әдебиет жинақталған арнайы кітапханасының қоры жоғарыда айтқан ұлттық сөздік қормен бірге Институттың құнды зияткерлік қорын құрайды.
Тіл мәдениеті бөлімі Тіл мәдениеті бөлімі 1971 жылы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәулен Балақайұлы Балақаевтың бастамасымен құрылды. Бөлімнің ашылуына баспа өнімдерінің тілдік сапасына, көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне қойылатын талаптарға деген қоғамдық сұраныстың күшеюі де түрткі болды. Бөлімде алғашқы жылдары ғылым докторлары М.Балақаев, С.Талжанов, ғылым кандидаттары И.Ұйықбаев, Ө.Айтбаев, З.Бейсенбаева, Қ.Неталиева, Н.Уәли, Ж.Манкеева, А.Алдашева қызмет етті.
1971-1980 жж. аралығында бөлімді басқарған профессор М.Балақаевтың негіздеуімен қазақ тіл білімінде алғаш рет тілдік нормаItalic text
1980-1994жж. бөлімді филология ғылымдарының докторы, Түрік Тіл қоғамының корреспондент-мүшесі, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР ҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері профессор Рабиға Сыздық басқарды. Бөлім «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1981-1984 жж.), «Қазақ көркем әдебиет тілінің мәдениеті» (1985-1989 жж.), «Қазақ поэтикалық тілінің сөз мәдениеті» (1990-1993 жж.) тақырыптарымен іргелі зерттеулер жүргізді. Олардың негізінде «Қазақ әдеби тілінің ауызша түрі» (1983 ж.), «Сөз мәдениеті» (1984), «Көркем текске лингвистикалық талдау» (1989 ж.), «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988 ж.), «Сөз сазы» (Р.Сыздықова, 1983 ж.) кітаптары жарияланды. Соңғы зерттеуде сөз мәдениетінің іргелі мәселелерінің бірі ретінде орфоэпиялық нормалар айқындалып, әдеби тілдегі жеке сөздердің, біріккен сөздердің, ритмикалық топтардың дыбысталу нормалары көрсетіліп, орфоэпиялық ережелері түзілді. Сөйтіп, кодификациялау жұмыстары іске асырылды. Сөз мәдениеті функционалдық аспектіде қарастырыла бастады.
Бұл жылдары бөлім меңгерушісі Р.Сыздықтың бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен Тіл мәдениеті бөлімі қызметкерлері теле, радио, баспа («Жазушы», «Жалын», «Қайнар» баспалары) қызметкерлері, М.Әуезов атындағы драмалық театр актерлеріне, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қазақ қыздар педагогтік институты, Ауылшаруашылық институты, Педагогикалық институты, Театр және өнер институты, Семей, Ақтөбе, Қарағанды педагогикалық институттары, бастауыш мектеп, қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп (№2, №12 мектептер) мұғалімдеріне сөз мәдениеті, көпшілік алдында сөйлеу мәдениеті, сахна тілі, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасы, жастар тілінің мәдениеті, жазу нормасы, стилистика туралы іргелі тұжырымдарды таныту үшін семинар, баяндама, дөңгелек үстелдер, эфир арқылы берілетін арнаулы хабарлар («Сөзстанға саяхат»), тіл үйірмелері үзбей ұйымдастырылып тұрды. Институт көлемінде жүргізіліп отырған «Лингвистикалық жұма» теориялық семинарының ұйымдастырылу шараларына Бөлім меңгерушісі басшылық етіп отырды. Бөлім қызметкерлері Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер мен толықтырулардың жасалып, бекітілуіне (1983 ж.), осы ережедегі нормалардың қалыптануына, жұртшылықтың жеңіл қабылдауына түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізді. Осы жылдардан бастап Қазақ тілі орфографиялық сөздігі корпусын толықтыру, емле ережелеріне енгізілген түзетулер негізінде құрастыру, сөзтізбеге алынған бірліктерді, іріктеу, жүйелеу жұмыстары үзбей атқарылып, 1988 ж. Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің 4-басылымы жарыққа шықты. Осы орфограммаларды түсіндіру мақсатында 1989 ж. Қазақ тілі орфографиялық анықтағышы түзетіліп, қайыра жарияланды. «Қазақ орфографиясындағы қиындықтар» (1988) атты ұжымдық монография жарық көрді. Іргелі зерттеулермен қатар бөлім үнемі қазақ тілінде пайда бола бастаған жаңа сөздер мен қолданыстарды тіркеп, жүйелеумен айналысты. Соның нәтижесінде 1985 ж. және 1990 ж. «Қазіргі қазақ тіліндегі жаңа қолданыстар» жинағы жарыққа шықты. 1988 ж. ақталған А.Байтұрсынұлы еңбектерін қазіргі графикаға түсіріп, 1992 ж. «Тіл тағылымы» кітабының жариялануына бөлім қызметкерлері үлкен үлес қосты. Жаңадан шығып жатқан қазақ тіліндегі көркем әдебиеттердің тілі мен стилін зерттеу нысаны ретінде үнемі назарында ұстап отырды.
1994-2008 жж. аралығында бөлімді филология ғылымдарының докторы, профессор Уәли Мақажанұлы Нұргелді басқарды. Бұл жылдары «Қазіргі қазақ тіліндегі функционалдық стильдердің қалыптасуы мен дамуы» (1994-1996 жж.), «Тіл мәдениетінің ғылыми негіздері» (1997-1999 жж.), «Бұқаралық ақпарат құралдарының тілі мен стилі» (2000-2002 жж.), «Қазақ тілінің лексика-фразеологиялық жүйесіндегі жаңа қолданыстар» (2003-2005 жж.), «Қазақ жазуының қалыптасу кезеңдері, даму жолдары мен бағыттары» (2006-2008 жж.) атты іргелі зерттеулер жүргізілді. Мұнда сөз мәдениеті функционалды тұрғыдан, сөз мәтінмен байланыста қарала бастады. Сөз мәдениеті мен тіл мәдениеті ұғымдарының аражігі ажыратыла сөз етілді. Сөз мәдениеті тіл мәдениетінің бір құрамдас бөлігі ретінде тілді қолдануды, жеке тұлғалардың сөз саптау мәдениетін нысан етті. Сондықтан Тіл мәдениеті бөлімі тілдік норманы, орфографиялық, орфоэпиялық норманы айқындайтын сөздік, анықтағыштар шығару, жұртшылықтың лингвистикалық біліктілігін көтеретін мақала, кітап шығаруды мақсат тұтты.
Алдымен Қазақ тілі орфографиясының негізгі ережелеріне түзетулер енгізді (2000 ж.); Қазақ тілі орфоэпиясының негізгі ережелері түзілді. Осы негізде Қазақ тілі орфографиялық сөздігінің үш (2001, 2005, 2007 ж.), «Қазақ тілі анықтағышының» екі (1996, 2000 ж.), «Сөз сазының» екі (1995, 2000 ж.) басылымы, Қазақ тілі орфоэпиялық сөздігі (2005 ж.), Орфоэпиялық анықтағыш (2004 ж.) жарық көрді. Сөз мәдениеті негіздері мектеп бағдарламаларына енгізіліп, пән ретінде оқытыла басталды: қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы 10-сыныпқа арналған «Сөз мәдениеті» оқулығы, әдістемелік құралдар (2006 ж.), «Емлесі қиын сөздер» сөздігі пайдаланылуға енгізілді. Р.Сыздықтың зерттеулерінде көркем мәтіндегі тілдік таңбалар эстетикалық мәнділік ретінде, эстетизм, функционализм тұрғысынан қарастырылды.