Дондук-Омбо (қалм. Дондг Омб, моңғ. Дондог-Омбо, туған жылы белгісіз – 1741 жылдың 21 наурызы) – Қалмақ хандығының үшінші билеушісі. Аюка ханның немересі. Дондуков кінәздік әулетінің негізін салушы.

Өмірбаяны

Болашақ қалмақ ханының саяси өмірге араласуы XVIII ғасырдың 20-шы жылдары басталды. Ол 1724 жылы Аюка ханның өлімінен кейін қалмақ тағына басты үміткердің біріне айналды. Әскери және саяси таланттарының арқасында өз айналасында қалмақ тайшыларын топтастырып, биліктен хан тағына басты үміткер Чакдорджабтың үлкен ұлы Досангты шеттеткен. Досанг пен оның бауырлары арасында іріткі салғанымен, Дондук-Омбо Церен-Дондуктың билік басына келуіне тосқауыл қоя алмады. Церен-Дондуктың 1731 жылы патшалық үкіметтен хан лауазымын иеленуі Дондук-Омбо мен оның жақтастырының қарулы көтерілісіне алып келді. 1731 жылдың 4 қарашасында Дондук-Омбоның әскері Церен-Дондук күшін талқандады. Бұл жеңістен кейін ұлыстардың басым бөлігі Дондук-Омбоның қол астына көшті. Ресейдің қудалауынан қауіптенген Дондук-Омбо Қобанға қоныс аударып, онда 1735 жылға дейін Осман империясы мен Қырым хандығының қамқорлығында болды. 1734 жылдың жазында орыс-түрік соғысы қарсаңында патшайым Анна Иоанновнаның үкіметі қалмақтарды қайтарып, олардың әскери күшін пайдалану мақсатында бірқатар жеңілдіктерге баруға мәжбүр болды. Осы мақсатпен сол жылдың қарашасында қалмақ билеушісіне дондық старшина Данила Ефремов патшайымның жарлығын жеткізген. Қалмақ ханын өз жағына тарту үшін қырым ханы Дондук-Омбоға «түріктің серәскер-сұлтаны, қобан және қалмақ халықтарының билеушісі» атағын берген. Алайда, Ресеймен соғысқа дайындық барысында осман және қырым билеушілері Дондук-Омбоға Қобандағы қалмақ-татар мемлекетін құруды және оны бодандыққа қабылдауды кеш ұсынды. Ұзаққа созылған келіссөздердің нәтижесінде қалмақ билеушісі ұлыстарымен Ресейге қайта шақырылды. 1735 жылдың 20 наурызындағы жарлықта Дондук-Омбо қалмақтардың бас ханы ретінде мойындалды. 1735 жылдың 14 қарашасында Дондук-Омбо Астрахан түбінде Ресейге адалдық антын беріп, хандықты басқаруды өз қолына алды. Оның басты қарсыластары Церен-Дондук және Шакур-лама 15 қараша күні Царицинде тұтқындалып, алдымен, Мәскеуге, кейін Петербургке жер аударылды.

Еділдің бойына оралып, 1735–1739 жылдардағы орыс-түрік соғысына белсене қатысқан жаңа хан патша үкіметінің үмітін ақтады. 1736 жылы Дондук-Омбоның Қобандағы және Қырымдағы сәтті аяқталған жорықтарының нәтижесінде қырым ханының бодандығындағы ноғай ұлыстары патшалық Ресейдің қол астына өтті. Қырым бағытында қалмақ әскерін бастаған Дондук-Омбоның үлкен ұлы Қалдан-Норба Қарасубазар қаласын қоршауға алып, басып алды. 1736 жылдың 11 тамызында Анна Иоанновнаның бұйрығымен Дондук-Омбоға қызметі үшін қосымша 2 500 рубль жалақы тағайындалған. Қалмақ билеушісінің бұл соғысқа қатысуын мейлінше ынталандыру үшін орыс патшайымы 1737 жылдың 3 наурызындағы жарлығымен Дондук-Омбоға ресми түрде «хан» атағын берді. Қалмақ әскерінің қобан және қырым бағыттарында шоғырлануы оның шығысындағы қауіпсіздігіне кері әсерін тигізді. 1738 жылы Қалмақ хандығының шығыстағы ұлыстарын 20 мыңдық қазақ әскері шабуылдаған.

Дондук-Омбо хан тағына отырған соң, билікті орталықтандыруға бағытталған қатаң саясат жүргізді. Ол өзіне жақпайтын жергілікті билеушілерді қызметтен шеттетіп, олардың орнына қарапайым халық арасынан шыққан, өзіне адал адамдарды тағайындады. Дондук-Омбо Қалмақ хандығында патшалық үкіметтің көмегімен өз билігін орнатқанымен, VII Далай-лама тарапынан тиісті жарлықтың болмауына байланысты қалмақ тайшыларының көпшілігінің қолдауына ие бола алмады. Алайда, оның ықпалының күшейіп бара жатқанына алаңдаған Ресей үкіметі 1739 жылы ханның іс-әрекетін қадағалау және оның билігін шектеу мақсатында оның жанына полковник Л. В. Боборыкинді жіберді.

1740 жылдың соңына қарай Дондук-Омбо қатты науқастанып қалды. Ол 1741 жылы 21 наурызда қайтыс болған. Дондук-Омбоның жас ұлы Рандул оның мұрагері ретінде тағайындалды. Оның өлімі Қалмақ хандығындағы ішкі алауыздықтардың жаңа кезеңіне жол ашты.

Әдебиет

Бакунин В. М. Описание калмыцких народов, а особливо из них торгоутского, и поступков их ханов и владельцев. 2-е изд. Элиста: Калм. кн. изд-во, 1995. 153 c. История Калмыкии с древнейших времён до наших дней: в 3 т. — Элиста: ГУ «Издательский дом «Герел», 2009. — 848 с. Колесник В. И. Последнее великое кочевье: переход калмыков из Центральной Азии в Восточную Европу и обратно в XVII и XVIII веках. М.: Вост. лит., 2003. 286 с. Митиров А. Г. Ойраты-калмыки: века и поколения. — Элиста: Калм. кн. изд-во, 1998. — 384 с. Новолетов М. Г. Калмыки. Исторический очерк. СПб.:. Тип. В. Демакова, 1884. 77 с. Цюрюмов А. В. Калмыцкое ханство в 1724–1741 гг.: хроники династийных междоусобиц. Элиста: Джангар, 2005. — 160 с. Цюрюмов А. В., Батыров В. В. Калмыцкое ханство в российско-крымских отношениях (XVIII в.). Элиста: АОр «НПП «Джангар», 2006. 95 с. Цюрюмов А. В. Калмыцкое ханство в составе России: проблемы политических взаимоотношений. Элиста: ЗАОр «НПП «Джангар», 2007. 464 с.

Санат:Қалмақ хандары Санат:1741 жылы қайтыс болғандар