Сырым шыққан төбе, мемориалдық кешені – Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген тарихи жер және монументтік өнер құрылысы ескерткіші.

Орналасқан жері Сырым ауданы Тоғанас ауылының шығысынан 12 км жердегі Аңқаты-Ерсары өзендерінің бойында, Орал қаласынан 89 км жерде Самара-Шымкент автожолының бойында орналасқан.

Тарихи деректер Көрнекті басшы, атақты батыр Сырым Датұлының ескерткіші орнатылған жердегі төбені (Сырым төбе) Сырым және оның сарбаздары 1790 жылы үйген. Ашық күндері оның үстіне шығып 10-15 км аймақты шолуға болады. Сырым бұл төбенің басына бақылаушыларды қойған. Ел аузындағы әңгімелер бойынша, Сырымның сарбаздары жасақтың санын көп етіп көрсету үшін төбенің ең биік жеріне тоқтамастан көтеріліп, төменге жүгіріп түсіп, жауларына сес көрсетіп, қорқыныш тудырған. 1992 жылы төбенің басына ескерткіш орнатылды. 2007 жылы Сырым Датұлының туғанына 265 жыл толуына орай Өзбекстандағы оның жерленген моласынан капсулаға салынған топырақ әкелініп, осы жерге мемориалдық кешен тұрғызылды. Бұл жұмыстар тарих ғылымының докторы, профессор М.Н. Сыдыковтың жетекшілігіндегі ғылыми экспедицияның нәтижесінде жүргізілді. Сырым Датұлының моласы Гурлен ауданы орталығынан 9 км Майлышеңгел жерінде жатыр. 2007 жылы Хорезм облысы Гурлен кентіндегі кесене маңына батырдың аруағына құрмет көрсету ретінде "Ғайып ата Сырым Датұлы" дгене жазуы бар қара мәрмәрден жасалған құлпытас қойылды.

Кешен сипаты thumb|right|200px|Сырым Датұлы кесенесі. М. Сыдықов түсірген фотосурет. Кешен – мықты төрт тіреуі бар ротонда түріндегі және үсті киіз үй секілді үлкен орталық күмбезбен, ал төрт бұрышы шағын шың сияқты күмбезшелермен жабылған құрылыс. Орталық күмбезді шығыстың найзасы түрінде жасалған биік сүмбі аяқтайды. Бағаналар арасы бүйірлік аркалармен аяқталады. Құрылыстың ортасында ойылып жазылған мемориалдық тас орналасқан. Ғимараттың артқы жағында биіктіктері бірдей үш найза бекітілген тұғыр қойылған. Найзаларға Сырым Датұлы қалқанының белгісі ретінде бекітілген қалқан бар. Найзалардың екі жағында қанаттары қайтарылған түрінде жасалған екі бетон қабырға қаланған. Мемориалдық тасқа бару үшін келушілерге арнап бетон баспалдақтар салынған. Құрылыс төбенің басындағы монолитті темір бетонды тақтаға орнатылған. Құрылысқа кіреберістің оң жағында тағы бір тұғыр орналастырылған. Онда ертоқым мен домбыра бейнесіндегі мүсіндер қойылған. Мемориалдық кешеннің күмбезі көгілдір, бағаналары ақ, қаптаған тақталары сұрғыш көгілдір, мемориалдық тасы сұр түсті. Сүмбі алтын немесе күміс түспен көмкөрілген. Құрылыс өзінше біртұтас монолиттік құрылымды құрайды. Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7

Дереккөздер

Санат:Батыс Қазақстан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан кесенелері Санат:Батыс Қазақстан облысы сәулеті