Бейбіт Төлеубайұлы Сапарәлі (Б.Сапаралин, Б.Сапаралы, Бейбіт қажы Сапаралы, Б.Т.Сапар Али, Байғазы, Байшоғал) — 1962 жылы 8 ақпанда Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылында туған. Жазушы, көсемсөзші, деректі прозашы, жорналшы, халықаралық жорналшы, абайтанушы, дінтанушы, қоғам қайраткері, «Еуразия» халықтық-патриоттық қозғалысының жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы Адам хұқықтары жөніндегі комиссияның сараптама-талдау кеңесінің мүшесі, «Экология» халықаралық академиясының академигі, ҚР Мәдениет қайраткері, Еуро-Азияттық география қоғамының құрылтайшысы, "Қағанат" консорциумының президенті.

Өмірбаяны 1979 жылы Абай атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп шыққан.

1979 жылы Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жорналшылар факультетіне бір ғана емтихан, шығармадан өте жақсы деген баға алып түсіп, оны 1984 жылы үздік тәмамдап шыққан. Ф.Оразаев, Т.Амандосов, А.Сейдімбеков жетекшілік еткен, ректор Ө.Жолдасбеков, декан Т.Қожакеев өте жақсының өте үздігі деп баға қойып берген дипломдық зерттеуі «ХІХ-шы ғасырдың екінші жартысындағы қазақтар жайында тың деректер» деген тақырыпта жазылған. Мамандығы – жорналшы, халықаралық жорналшы (Баспа, полиграфия және кітап саудасы бойынша КСРО Мемкомбаспасының баспасөз қызметкерлері мамандарын жетілдіру жөніндегі Бүкілодақтық институтының 07.06.1991ж. берілген №842 куәлігі растайды).

1985ж. Қазақстан журналистер одағы, КСРО Жорналшылар Одағының толық мүшесі.

1995ж. Қазақстан жазушылар одағының мүшесі. Жазушы, көсемсөзші.

1995ж. Халықаралық «Экология» академиясының академигі.

2000ж. Қазақ исламтану институтының құрылтайшысы.

08.1983 – 10.1983ж.ж. «Қазақфильм» киностудиясында кіші редактор қызметінде.

08.1984 – 08. 1987ж.ж. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің ұйғарымы бойынша (Сұраныс хат жазушы Қазақ КСР кинематография жөніндегі мем.комитет төрағасы О.Сүлейменов) «Қазақфильм» киностудиясының редакторы, жас маман.

Республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» жорналының әдеби қызметкері.

08.1987 – 05.1989ж.ж. Республикалық ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» жорналының қоғамдық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі (өзгерген атауы «Зерде»).

05.1989 – 09.1991ж.ж. Республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторының орынбасары (өзгерген атауы «Ұлан»).

09.1991 – 12.1991ж.ж. Республикалық балалар мен жасөспірімдердің «Ұлан» газетінің бас редакторы. Б.Сапарәлінің ұсынысымен «Ұлан» газетінің ұжымы Қазақстанда алғаш болып балама, демократиялық негізде өздерінің бас редакторы етіп 30.12.1991ж. балалар ақыны Сұлтан Қалиевті сайлап алды.

12.1991 – 03.1994ж.ж. ҚР Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары М.Жолдасбековтің ұсынысымен Қазақстандағы тұңғыш халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқарды.

03.1994 – 04.1994ж.ж. Жаңа құрылтайшыларымен тіркелген халықаралық [«Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы.

04.1994 – 05.1994ж.ж. Түркия «Заман» қоры мен газетінің Қазақстандағы өкілдігі басшысының бас кеңесшісі.

05.1994 – 07.1995ж.ж. ҚР Президентіне тікелей бағынған статусқа ие «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясының вице-президенті.

07.1995 – 01.1997ж.ж. Қазақстан жазушылар одағы мүшесі ретінде шығармашылық жұмыста.

01.1997ж. бастап қазіргі уақытқа дейін «Қағанат» ғылыми-мәдени орталығының президенті, халықаралық «Қағанат» консорциумының басшысы.

Еңбек жолы, шығармашылық және қоғамдық қызметі Б.Сапарәлі еңбек жолын 1983 жылы «Қазақфильм» киностудиясында кіші редактор қызметінен бастады. Сол жылы ЮНЕСКО тапсырысы бойынша 150 жылдық мерейтойы қарсаңында 6 тілде аударылып шыққан «Шоқан Уәлиханов» деректі фильмінің жауапты редакторы болды. Өзге де деректі-көсемсөздік фильмдердің жарыққа шығуына атсалысты.

1980-1990 жылдар аралығында республикалық «Жұлдыз», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Білім және еңбек», «Арай-Заря», «Денсаулық», «Пионер» т.б. көптаралымды жорналдар беттерінде, «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» т.т. мерзімдік баспасөз беттерінде жас қаламгер Б.Сапарәлінің жүздеген зерттеу-зерделеу, көсемсөздік, танымдық, дерекнамалық, әдеби - көркем мақалалары жарық көрді. 985 жылы Шоқан Уәлихановтің 150 жылдық тойына арналған «Білім және еңбек» жорналының №11 арнайы санын жеке бір өзі дайындап шығуы шоқантанудағы тың белес ретінде маман-ғалымдар, редакция алқасы тарапынан жоғары бағаға ие болды.

1991-1992 жылдары ислам және инсан тақырыбын тереңдей зерттеп, шариғат, дін және әдебиет, қажылық, еліміздегі ислам ахуалына байланысты көптеген зерттеу мақалалар жазды, тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұстағы дін ислам мәселелеріне де кеңінен тоқталды. Жалғасты бес кітаптан тұратын танымдық-ғұмырнамалық күрделі хамсаның алғашқысы «Құнанбай қажы» көлемді зерттеу еңбегін жазды. БАҚ беттерінде бейсенбі, жұма күндерін демалыс етіп жариялау, ораза айт, құрбан айт күндерін мемлекеттік мейрам етіп белгілеп беру мәселелерін көтеріп, Абай атындағы Опера және балет театрында 1992 жылы өткен ҚМДБ ІІ-ші Құрылтайының ұйымдастырылу және өткізілу барысына, БАҚ беттерінде жан-жақты қамтылып жазылуына белсене атсалысты. 1994-1995 жылдары «Қазақстан-1» мемлекеттік телеарнасы таңертеңгі эфирді қасиетті Құран аяттарымен ашып, қазақ және орыс тілдеріндегі қосарлама аударма жолдар арқылы түсіндіріліп отыруына себепші болды. Ұлттық телеарна мен радиода Ислам тарихы, Ислам мәдениеті, Ислам құндылықтары жайында жалғасты хабарлар жүргізілуі үрдісін орнықтырды, қасиетті екі харам – Мекке мен Мединеден 1994 жылы қыркүйекте алғаш телерепортаждар ұйымдастырды.

1993 жылы халықаралық «Заман-Қазақстан» газетінің бас редакторы Қ.Мұқаметжановтың тапсырмасымен Жарғы мәтінін түзіп, «Түркістан» газетінің жаңа атауын ұсынды, екі басылымда бірінші орынбасар қызметін атқарды.

1995 жылы ҚТРРК-ның вице-президенті қызметінде «Қазақстан-1» телеарнасындағы ақпараттық бағдарлама бас редакциясы негізінде құрылған Ұлттық теледидарлық ақпарат агенттігі (НТИА) «Хабардың» жаңа атауын ұсынып, ҚР Президенті әкімшілігінде жаңа атауды бекіттіріп (Елбасы атынан ҚТРРК-ын оның көмекшісі, баспасөз қызметі жетекшісі И.М.Романов қадағалады), қазіргі таңдағы «Хабар» Агенттігінің негізі қалануына себепші болды.

1980-1990 жылдар аралығында Алматы, Ташкент, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, т.б. қалалардағы көшпелі қазақ өркениетінің үш мың жылдық тарихнамасына қатысты мұрағаттарды ықтияттап зерттеп жүріп, Н.Д.Оңдасынов, Ы.Жақаев, Л.Н.Гумилев, Ә.Х.Марғұлан, Н.А.Раевский, Ғ.М.Мүсірепов, Ш.Т.Айтматов, Ә.Т.Әлімжанов, О.О.Сүлейменов, С.Н.Марков, Ш.Әбенов, А.Шаһкәрімұлы, А.Ж.Машани, Ш.Медеуұлы, Ө.Жәнібеков, Ә.Кекілбаев, М.Мағауин, Қ.Мұқамедханов, Х.Ерғалиев, Ә.Шәріпов, Ә.Нұрпейісов, Қ.Мұқаметжанов, С.Мәуленов, К.Смайылов, К.Оразалин, Х.Матаев, М.Шәйжүнісов, Р.Нұрғалиев, С.Оразалинов, А.Сейдімбеков, С.Әшімбаев, К.Ақышев, Х.Арғынбаев, Л.М.Әуезова, Ш.Қ.Сәтбаева, М.Дүйсенов, Ж.Бектұров, Ш.Мұртаза, О.Бөкеев, С.Бердіқұлов, Қ.Мандоки, М.Мырзахметов, З.Қабдолов, З.Ахметов, М.Қозыбаев, З.Серікқалиев, И.Тасмағамбетов, М.Құл-Мұхамед, Қ.Сартқожаұлы, Ж.Кәрменов, Ж.Бабалықұлы, Р.Сейсенбаев, С.Ақатаев, С.Мұхтарұлы, М.Хасанаев, т.б. көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, әдебиет пен мәдениет, өнер саласының біртуар тұлғаларымен жастығына қарамастан өте жақын араласты, құнды пікірлерін, кеңестерін тыңдады, көсемсөздік, дерекнамалық зерттеу-зерделеу еңбектерінде, «Адалбақан» кітабында, «Уақыт және қаламгер» жинағында, теле және радиохабарларында жарыққа шығарды.

1985-ші жылдан бастап «Жұлдыз», «Білім және еңбек», т.б. жорналдар беттерінде Моңғолияның шалғайдағы таулы аймақтарындағы көне түркі руникалық жазба ескерткіштерінің қараусыз қалған, кеңес әскерлері нысанаға айналдырып мақсатты түрде құрта бастаған мәселесін көтеріп, 1993 жылы Ұлан-Батыр, Налайха, Баян-Өлгий аймақтарына арнайы іссапармен барып қайтып, байырғы бәдізшілердің қайталанбас қолтаңба еңбектерін біртіндеп түпнұсқа күйінде қазақ топырағына қайтып оралту жағдаятын ЮНЕСКО-ның назарына ұсыну деңгейіне дейін көтереді.

1990-1992 жылдары республикалық баспасөз беттерінде еліміздің тұңғыш президенті Н.Назарбаевтің балалық шағына байланысты жалғасты мақалалар жарыққа шығарып, Қаскелең, Шамалған атаулары өзгертілуі, Қаскелеңдегі Абай атындағы орта мектептің 1958 жылғы ғимараты қайтадан күрделі жөндеуден өткізіліп, тұңғыш президенттің есімімен байланысты тарихи қара шаңырақ негізінде өлкетанушылық мұражай ашылуы мәселесін үкімет басшылары алдына төтеден қояды.

1990 жылы сол кездегі Қазақ КСР Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Сағат Әшімбаевтің тікелей қолдап жол ашуы арқасында Б.Сапарәлі қазақ халқының біртуар перзенті, химик-академик, әдебиетші-аудармашы Евней Букетов туралы 45 минуттан тұратын «Тағлым», «Тағзым» деп аталатын дерекнамалық-көсемсөздік 2 телехабар түсіріп, онда атақты И.Қарағұлов, Ш.Есенов, З.Қабдолов, З.Молдахметов, Ж.Бектұров, Қ.Букетов, З.Дүйсенқызы, М.Жұрынов, Ж.Әбішев, т.б. сұхбатқа қатыстырылып, өкімет басшыларына қарата нақтылы ұсыныс-пікірлер көтеріп, нәтижесінде Евней Букетов есімі Қарағанды мемлекеттік университетіне, қаладағы бір көшеге беріліп, ғалым атындағы мұражай ашылады.

1990-1992 жылдар аралығында «Егемен Қазақстан» газетінде «Алтын киімді адам қайда?», «Казахстанская правда» газетінде «Достояние в эмиграции»атты тақырыппен бірнеше санға жалғасты мақалалар жариялап, онда қазақ халқының өткен ғасырлардағы тарихи, мәдени, этнографиялық, археологиялық құнды мұралары Мәскеу мен Санкт-Петербург, Еуропа мұражайларындағы шаң басып жатқан қоймаларынан тәуелсіз елімізге қайтарылуы мәселесі өткір қойылып, КСРО Президенті М.С.Горбачев, Ресей Президенті Б.Н.Ельцинге дейін осы мақалада көтерілген ақпарат СОКП Орталық Комитетінің сектор меңгерушісі Тайыр Мансұров арқылы жетеді.

1990 жылдың басында аудандық «Абай елі» газетінде, содан кейін «Қазақ әдебиеті» басылымы бетінде абайтанушы, құнанбайтанушы Б.Сапарәлі ЮНЕСКО шеңберінде өтетін Ұлы Абайға 150 жыл толуы мерекелік іс-шараларына дайындықты бастап кеп жіберу жөнінде айқарма беттер әзірлеп, қалың қауымға ерте бастан қозғау салады. «Абай» энциклопедиясына жүзден астам мақалалар жариялап, Жидебайда бой көтеріп келе жатқан «Абай-Шәкерім» кешенді құрылысының бас шебері, ақын Сайын Назарбекұлының ағымдағы күрделі жұмыстарына болысады.

1991-1993 жылдар аралығында Шаһкәрім Құдайбердіұлынан кейін алғаш құнанбайтану, абайтану, мұхтартану мәселесін Тобықты шежіресімен салыстыра зерделеп, «Құнанбай қажы», «Байшөгел» танымдық-дерекнамалық кітабында Тобықты руы шежіресінің кейінгі біршама толық нұсқасын жариялайды.

1995 жылы 11 қаңтарда «Интелсат» жер серігі жүйесінің 16 тораптық арнайы зымыраны Қазақстан және Орта Азия елдері үшін ұшырылуына ҚТРРК-ның вице-президенті қызметінде жүріп айрықша атсалысады. Вашингтонда қол қойылған бұл келісім-шарт Қазақстан үкіметі өз мойнына алған міндеттемелерді орындамауы себепті 1995 жылғы мамыр айында өз күшін жойып, жер серігі Үндістанға пайдаланылуға бұрылып жіберіледі.

1996 жылы 16 мамырда Олжас Сүлейменовтің 60 жасқа толу мерейтойына байланысты салтанатты жиында сахнаға 7 Олжас атты оқушыларды алып шығып, «Олжастың балалық шағы» деп аталатын кітапшасын әуелі мерейтой иесіне, сонан соң Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа, содан кейін мыңдаған жиналған қауымға тарту етіп таратып, Олжабай батырдан таралатын арғы тарихы мен әкесі Омархан Сүлейменұлы тағдырын, оның әкесі 1937ж. Ташкентте халық жауы деп ұсталып, Нориллагте айдауда жүргенде атақты көшпелілер жылнамашысы, тарих және география ғылымдарының докторы Л.Н.Гумилевпен бірге болғандығы алғаш көпшілікке жария етіледі. Осы тарихи сабақтастық, Б.Сапарәлінің 1985 жылы Л.Н.Гумилевпен Ленинградта кездесулері, онда айтылған жүрекжарды сырлар 1996 жылғы 23 мамырда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің Астанадағы Ұлттық Еуразиялық университетке арнайы жарлықпен Л.Н.Гумилев есімін беруіне негізгі себепші болады.