Сүйіртұмсық бақа () – бақа тұқымдасына жататын қосмекенді.

Қазақстанның солтүстік өңірлеріндегі орманды, орманды-дала аймақтарында, Батыс және Орталық Қазақстан облыстарында кездеседі. Әдетте денесінің ұзындығы 5 – 7, ең ірілері 8 см-дей. Түсі қоңыр, терісінің сыртында қара қоңыр дақтары болады, көбейер кезде аталықтарының тері жабындысы көгілдір түске боялады. Бауыры ақ немесе сарғылт. Сүйір тұмсықты көзінен жонына дейін созылған қара дақ жіңішкеріп барып бітеді. Шұбар өрнекті алқымы ақшыл түсті. Аналығы 1200 – 3500 жұмыртқа салады, тек суда ұрықтанады. Судағы және құрлықтағы жәндіктермен, моллюскалармен, өрмекшілермен қоректенеді. Сүйіртұмсық бақаның шөмішбалықтарын (дернәсілдерін) жыртқыш қоңыздар, ал ересек бақаларды көлбақа, сарбас жылан, сұр жылан, кейбір құстар (қалбағай, әупілдек), сүтқоректілер (борсық, түлкі) жейді. Қысты шұңқырларда, тышқандардың інінде, томар, қураған ағаштардың жапырақ үйінділерінің астында жатып өткізеді. Қысқы ұйқысы 6 – 7 айға созылады. Омыртқасыздардың сан алуан түрімен қоректенетіндіктен, экологикалық және шаруашылық маңызы бар.“Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9

Дереккөздер

Санат:Нағыз бақалар Санат:Қауіптен тыс түрлер Санат:Еуразия қосмекенділері