Қырым таулары (, ) — Қырым түбегінің оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан тау жүйесі.

Тау жүйесі батыста Балықлава маңындағы Айя мүйісінен шығыста Кефе маңындағы Әулие Ілияс мүйісіне дейін созылып жатқан үш тау жотасынан тұрады. Қырым тауларының ұзындығы — шамамен 160 км, ені — шамамен 50 км. Сыртқы тізбегі біртіндеп биіктігі шамамен 350 м-ге дейін көтерілетін куэсталар қатарынан тұрады. Ішкі тізбегінің биіктігі 750 м-ге дейін жетеді. Қырымның оңтүстік жағалауы бойымен созылып жатқан Басты тізбегінің ең биік нүктесі — Бабыған яйладағы биіктігі 1545 м болатын Орман Қос тауы.

Географиясы thumb|right|200px|Сыртқы тау тізбегінен Ішкі және Басты тау тізбектеріне қарағандағы көрініс Қырымды зерттеген барлық ғалымдар Қырым тауларының солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай бағытталған, екі бойлық аңғармен бөлінген үш параллель тізбектен тұратынын атап көрсетеді. Үш тізбектің де беткейлері бірдей сипатқа ие: солтүстік беткейлері еңістеу, ал оңтүстік беткейлері тік келеді. Тау жыныстарының жасын ескеретін болсақ, Сыртқы тізбектің басталуын Феленк мүйісінен есептеу керек, өйткені мұнда бірінші тізбекті құрайтын тау жыныстары басым болып келеді. Сыртқы тізбек Ескі Қырым қаласына дейін созылып жатыр, оның биіктігі 149 м-ден 350 м-ге дейін жетеді. Ішкі тізбек Ақиар маңынан (Сапун тауы) басталып, сондай-ақ Ескі Қырым қаласының маңында аяқталады, биіктігі 490 м-ден 750 м-ге дейін жетеді. Басты тізбек батыста Балықлава маңынан басталып, Ескі Қырым қаласының маңындағы Ағармыш тауымен аяқталады. Қырым тауларының Басты және Орта тізбектерінің арасында оңтүстік-шығыста Қыстау қазаншұңқыры (Индол-Сало қазаншұңқыры) орналасқан. Басты тізбектің төбелік беті толқынды үстірт болып келіп, яйла деп аталады.

Тақта тәрізді сілемдер Басты тау тізбегінің бойымен оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай мынадай ретпен тізбектеле орналасқан: теңіз деңгейінен 739 м-ге дейінгі биіктікте орналасқан Байдар яйласы, Ай-Петри яйласы (1320 м-ге дейін), Ялта яйласы (1406 м-ге дейін), Никита яйласы (1470 м-ге дейін), Гурзуф яйласы (1540 м-ге дейін) және Қырымның ең биік нүктесі — биіктігі 1545 м Орман-Қос тауы орналасқан Бабыған яйласы. Бұл яйлалардың барлығы өзара жалғасып, Басты тау тізбегінің батыс бөлігінің тұтас шыңдық бетін құрайды. Олардан шығысқа қарай орналасқан яйлалар, керісінше, бір-бірінен терең тау өткелдері немесе асулармен (бұғаздармен) оқшауланған бытыраңқы сілемдер болып табылады. Кебіт асуы Бабыған яйла мен одан шығыста орналасқан, теңіз деңгейінен 1527 м-ге дейінгі биіктікке жететін Шатырдақ сілемін бөліп тұрады. Келесі Аңғар асуынан кейін Темірші яйласы (ең биік нүктесі — 1356 м) және Субатқан яйласы (1000 м-ге дейін) сілемдері орналасқан. Одан әрі, тағы бір асудың ар жағында, 1259 м-ге дейінгі биіктікте ең ауқымды Қараби яйласы созылып жатыр. Қырым тауларының шығыс бөлігінде яйлалардың орнына жекелеген шыңдары мен төбелері бар шағын қырқалар мен қысқа тау тізбектері қалыптасқан. Олардың арасында Қарадақ сілемі сияқты жанартаулық жолмен пайда болған нысандар да бар.

Басты тау тізбегі — Қырымның ең көне бөлігі, жалпы ауданы 1565 км². Барлық яйлалардың жалпы аумағы 34,6 мың га құрайды. Басты тау тізбегінің оңтүстік беткейлері едәуір бөлігінде Қара теңізге қарай тігінен құлап, биіктігі 500 м-ге дейін жететін, әктас пен рифтік жыныстардан түзілген тік жартастарды қалыптастырады. Бұл жартастарды альпинистер кеңінен пайдаланады. Көптеген яйлалардың беткейлері мен жиектеріндегі жарықтар мен кулуарларда көптеген тау асулары орналасқан, олардың көпшілігі туристік әдебиеттерде сипатталып, санаттарға бөлінген.

Геологиясы thumb|right|250px|Шатырдақтан қарағандағы Ішкі және Басты тау тізбектері Геологиялық тұрғыдан Қырымның тау құрылымдары Альпілік қатпарланудың геосинклиналдық аймағының құрамына кіреді. Бұл жағынан олар платформалық құрылымға ие және Скиф тақтасына жататын Қырым түбегінің жазық бөлігінен ерекшеленеді. Таулы Қырымның қатпарлы аймағы — ірі тасжақпарлы көтерілу құрылымы. Оның оңтүстік бөлігі кейінгі геологиялық дәуірлердегі төмен түсу нәтижесінде Қара теңіз деңгейінен төмен батып кеткен. Бұл аймақ қарқынды дислокацияланған триас-юра флиштік шөгінділерінен және біршама жайпақ орналасқан жоғарғы юраның карбонатты жыныстары мен бор, палеоген және неогеннің құмды-сазды қабаттарынан құралған. Олармен темір кендері, әртүрлі тұздар, флюстік әктас және басқа да пайдалы қазбалар кен орындары байланысты. Мұнда жарықтар бойындағы қозғалыстар әлі де жалғасып, жер сілкіністерін туындатады.

Қырым тауларының Басты тау тізбегі — солтүстігінен бірқатар жарықтармен шектелген көтеріңкі блок. Бұл құрылым бор дәуірінің ерте кезеңінде Қырымның оңтүстік бөлігіндегі қалдық синклиналдық ойыстар тұйықталып, жер бетінің жалпы көтерілуі нәтижесінде қалыптасқан. Қырым тауларының геологиялық даму тарихында екі кезеңді бөліп көрсетуге болады: докембрий-палеозой және мезозой-кайнозой (альпілік) кезеңдері.

Геосинклиналдық дамудың бастапқы кезеңінде (кейінгі триас — орта юраның соңы) Қырымның оңтүстігінде геосинклиналдық ойыстың қалыптасуы және қуатты шөгінді әрі эффузивтік кешендердің жиналуы жүріп, сонымен қатар әртүрлі реттіліктегі қатпарлы құрылымдар қалыптасты. Кейінгі юра — ерте бор кезеңінде бұрын біртұтас болған геосинклиналдық ойыс жекелеген ойыстар мен көтерілімдерге жіктелді. Осы кезеңнің соңына қарай Қырым мегантиклинорийінің ішкі құрылымы қалыптасты. Ерте бордың соңында, кейінгі бор мен палеоген кезеңдерінде Қырым мегантиклинорийі жекелеген ойыстар мен жарылымдар күрделендірген ірі біртұтас көтерілім ретінде қалыптасты.

Қырым тауларының көтерілуі бастапқыда арал түрінде, бор дәуірінің соңында және эоценде болды. Неогеннің ортасында Яйланың тегістелген беті қалыптасты. Неогенге дейін таулар Қара теңіздің қазіргі жағалау сызығынан оңтүстікке қарай 20–30 км-ге дейін созылып жатты. Неогенде олар қазіргі асимметриялық құрылымының белгілеріне ие болды. Орогендік (молассалық) кезеңде (палеогеннің соңы — неоген) Таулы Қырым мегантиклинорийінің қарқынды көтерілуі жалғаса түсті және оның оңтүстік қанатының төмен түсуі басталған болуы мүмкін. Неоген мен антропогенде Таулы Қырымның қазіргі жер бедері қалыптасты. Плиоценде Ішкі және Сыртқы тауалды тізбектері орографиялық тұрғыдан айқын көрініс тапты, ал неогеннің соңы — антропогенде сараланған неотектоникалық қозғалыстар байқалды. Антропогенде эрозиялық үдерістер күшейіп, теңіздің бұзушы және қалыптастырушы әрекеті жағалау сызығының қалыптасуына ықпал етті. Осы үдерістер кешенінің нәтижесінде Қырым таулары қазіргі пішініне ие болды.

Қырымның қатпарлы көтерілу құрылымы әртүрлі жастағы шөгінділерден тұрады. Оның тұғырын шамамен 180–200 млн жыл бұрын қалыптасқан Таврия сериясының шөгінділері құрайды. Олар жоғарғы триас пен төменгі юраға жататын, ұсақ қатпарларға қатты иілген сазды тақтатас пен кварцитті құмтастардың кезектесіп орналасқан қабаттарынан тұрады. Одан жоғары орналасқан келесі қатпарлар орта юра дәуірінің шөгінділерінен құралған. Оларға сазды-құмды қабаттар, конгломераттар және магмалық тау жыныстары жатады. Таулы көтерілімнің орталық бөлігінің үшінші қабатын жоғарғы юраның әктастары, құмтастары мен конгломераттары құрайды. Кей жерлерде бұл өңірдің шеттерінде 100 млн жылдан астам уақыт бұрын қалыптасқан төменгі бор шөгінділерінің қалың қабаты кездеседі. Олар саздардан, құмтастардан және әктастардан тұрады. Оңтүстік жарқабақтың етегінде көптеген опырылмалар мен юра әктастарының ірі кесектерінің құлауы байқалады. Таврия сериясы мен орта юра жыныстарының арасында ұсақ атқыламалы жыныстардың көптеген денелері кездеседі. Оларға Аюдақ, Урагу және Шамдымұрын таулары жатады. Сонымен қатар жанартаулық қабаттар да бар, олардың ең ірісі Қарадақ тау тобы болып табылады. Қырым тауларының солтүстік алдыңғы тау тізбектері бор, палеоген және неоген шөгінділерінен құралған.

Өзендері мен бұлақтары

Бүкіл Қырым түбегінің басты суайрығы Қырым тауларында орналасқан. Өзендердің көпшілігі Басты тау тізбегінен, 600–1100 м биіктіктен бастау алады. Яйлалардың өзінде су ағындары дерлік болмайды, бұл карст құбылыстарының әсерімен байланысты. Қырым тауларындағы өзендердің жалпы ағыны 773,5 млн м³ құрайды, ал өзен желісінің тығыздығы 0,2 км/км². Жер бедеріне қарай өзендерді мынадай топтарға бөлуге болады: Қырымның Оңтүстік жағалауындағы өзендер, бұлақтар мен сайлар; Қырым тауларының Басты тау тізбегінің солтүстік-шығыс беткейлеріндегі өзендер мен сайлар; Қырым тауларының Басты тау тізбегінің солтүстік-батыс беткейлеріндегі өзендер мен сайлар.

Ең қысқа су ағындары Қырымның Оңтүстік жағалауында орналасқан. Мұндағы өзендердің ұзындығы әдетте 10 км-ден аспайды. Су ағындары Қырым тауларының Басты тау тізбегінің оңтүстік беткейлерінен басталып, Қара теңізге құяды; олардың еңістігі 172–234 м/км аралығында болады. Су жиналу алаптарының орташа биіктігі — 900 м-ге дейін жетеді. Су жиналу алаптарының аумағы шағын — 1,6–161 км². Кейбір өзендердің бастауын карст бұлақтары құрайды. Өзен аңғарларының жоғарғы бөліктері тар, шатқал тәрізді болады, кейін біртіндеп кеңейіп, төменгі ағысында трапеция тәрізді пішінге ие болады. Аңғар жайылмалары тар және тек төменгі ағыстарында кездеседі. Төменгі ағыстарындағы өзен арналары негізінен аз ирелеңделген, түзуленген, тереңдетілген және су тасқынының алдын алу мақсатында бетон плиталармен бекітілген. Бұл топқа жалпы ұзындығы 293,6 км болатын 36 негізгі су ағыны жатады. Қырымның Оңтүстік жағалауындағы негізгі өзендер: Ұшқансу () Дерекөй () Ауында () Ұлы Өзен () Темірші () Шығыс Ұлы Өзен ()

Қырым тауларының Басты тау тізбегінің солтүстік-батыс беткейлерінен Қырымдағы ұзындығы мен су мөлшері жағынан ең ірі өзендер бастау алады. Негізгі өзендердің саны — сегіз, олардың жалпы ұзындығы 328 км. Бұл топқа жататын өзендердің барлығы Қара теңізге құяды. Өзендер ағысының шамамен орта тұсына дейін таулы өзендерге тән сипатта болады. Мұнда арналардың еңістігі жоғары — 180 м/км-ге дейін жетеді. Өзен алаптары өзендердің бойымен созылыңқы пішінді болып келеді, ал жоғарғы бөлігінде кеңейеді; негізгі салалардың көпшілігі осы жерде құяды. Бұл топтың негізгі өзендері: Қазықты-Өзен () — ұзындығы 34,1 км. Ол Байдар аңғарынан бастау алып, оның бойымен 7,5 км ағады. Оның беткейлерінде өзенді жоғарғы ағысында қоректендіретін бірқатар су ағындары орналасқан. Арнасындағы тұрақты ағыс кейде үзіліп қалады: өзен шөгінділердің астына сіңіп, арнасын құрғатады. Нөсер жаңбыр мен су тасқынынан кейін арна қайтадан суға толады. Уркуста өзені құйғаннан кейін Қазықты-Өзен ұзындығы шамамен 16 км болатын тар шатқалға енеді. Мұнда су ағыны дерлік тік жартастардың қыспағында ағып, оның жылдамдығы арта түседі. Өзен Інкермен аңғарына шыққаннан кейін ағыс жылдамдығы бәсеңдейді. Мұнда Қазықты-Өзенге екі оң жақ саласы құяды. Олардың бірінің (Ай-Тодорка) суы мол, өйткені оны бұлақтар қоректендіреді, ал екіншісі (Сухая) өзенге жаңбыр суларын әкеледі. Белбек () — ұзындығы 63 км. Қырымдағы суы ең мол өзен. Ол екі тау өзенінің қосылуынан басталады. Тау тізбектерінің арасындағы Белбек — арнасы тар, ағысы жылдам, жағалаулары биік әрі тік, суы ешқашан тартылмайтын долы өзен. Төменгі ағысында Белбек сазды шөгінділерді тіліп өтіп, ағысының жылдамдығы баяулайды. Теңізге құяр тұсында оның арнасы ені 25–30 м болатын сайға ұқсайды. Көккөз () — ұзындығы шамамен 18 км, Белбек өзенінің саласы. Қырымның Үлкен каньоны деп аталатын тар шатқал арқылы ағады. Қашы () — ұзындығы 69 км. Қырым тауларының орталық тізбегінің солтүстік беткейінде Писара мен Үлкен-Өзен атты екі өзеннің қосылуынан бастау алады. Оның жағалаулары биік әрі тасты, арнасы кең, түбі бүкіл дерлік ұзындығында малтатасты. Барлық салалары Қашыға жоғарғы ағысында құяды. Қатты жаңбыр кезінде, сондай-ақ күз бен қыста Қашы қатты тасуы мүмкін. Жазда суының суару мақсатында пайдаланылуына байланысты тартылып қалады. Марта () — ұзындығы 21 км. Қашының саласы.