Пьер Огюст Ренуар (; 25 ақпан 1841, Лимож — 17 желтоқсан 1919, Кань-сюр-Мер) — француз кескіндемешісі, графикашы әрі мүсінші, бейнелеу өнеріндегі импрессионизм ағымының негізін салушылардың бірі.

Өмірбаяны мен шығармашылығы 1862—1864 жылдары Сән өнері мектебі мен Шарль Глейрдің шеберханасында білім алды. Өмірінің негізгі бөлігін Париж қаласында өткізді. Шығармашылығының алғашқы кезеңінде Гюстав Курбе, Эдуард Манэ, Клод Моне және Альфред Сислей сияқты шеберлердің ықпалында болды.

Ренуардың «Антони әжейдің жүрек жалғауы» (1866), «Жаз» (1869) және «Сенадағы шомылу» (1869) секілді картиналарынан қоршаған ортадағы жарық пен сәуленің құбылмалы өзгерістерін дәл бейнелеуге және образдардың өміршеңдігіне ұмтылу байқалады.

Танымал туындылары Суретшінің шалқар шабытынан туған келесі картиналары пленэрлік кескіндеменің озық үлгілері болып саналады: «Мулен де ла Галет» (1876); «Төсекте отырған жалаңаш әйел» (1876); «Жанна Самари портреті» (1877); «Желпуішті қыз» (1881).

Өнердегі стилі Ренуардың шығармашылығы басқа импрессионистермен салыстырғанда, картинаның алдыңғы қатарына адамды қоюымен және олардың өмірден ләззат алған сәттерін шынайы бейнелеуімен ерекшеленеді. Қала өмірінің көңілді көріністері мен сауық-сайран сәттері оның туындыларының негізгі арқауына айналды. 1880—1890 жылдары суретші сәнділік шарттылығына көбірек көңіл бөлді.

Сонымен қатар, Пьер Огюст Ренуар көптеген литография, офорт және мүсіндердің авторы. Соның ішінде «Венера» (қола, 1914—1916) мүсінін атап өтуге болады.

Мұрасы Оның кескіндемелік шығармалары әлемнің ірі мәдени орталықтарында, соның ішінде Стокгольм, Берлин, Мәскеу, Париж, Санкт-Петербург және Кёльн қалаларының мұражайларында сақталған.Қазақша энциклопедия 7 том.

Дереккөздер

Санат:XIX ғасыр Франция суретшілері Санат:XX ғасыр Франция суретшілері Санат:Франция импрессионист-суретшілері Санат:Пневмониядан қайтыс болғандар