Ғалиябану Махметқызы Кертаева — ғалым-ұстаз, профессор, Акмеология ғылымдар академиясының, Халықаралық педагогика академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Педагогика Ғылым академиясының академигі.

Өмірбаяны, еңбек жолы 1946 жылы 3 қыркүйекте Павлодар облысының Ефремовка ауылында туған.

1968 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтын "Физика" мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Павлодар қаласындағы орта мектепте физика, математика пәндерінің мұғалімдігінен бастаған. 1987-1995 жылдары Павлодар педагогикалық училищесінің физика пәнінің оқытушысы және қазақ бөлімінің меңгерушісі, 1995-2013 жылдары С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің доценті, профессоры, кафедра меңгерушісі, құрметті кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2012 жылдың қыркүйек айынан бастап Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетіндегі Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану кафедрасының профессоры болып еңбек етуде. Сондай-ақ ғалым-ұстаз әр жылдары Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің диссертациялық Кеңесінің мүшесі, төрағасының орынбасары, "Өзін-өзі тану" адамгершілік-рухани білім беру бойынша республикалық кеңесінің мүшесі, Павлодар облысының Балалардың құқықтарын қорғау департаменті жанындағы "Игілігі үшін ұрпақтың" педагогикалық клубының ғылыми-зерттеу секторының жетекшісі, Астана мен Павлодар қалаларындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен мектептерде денсаулық сақтау технологияларын егізу бойынша ғылыми жетекші болып қызмет атқарды.

Ғылыми бағыты, еңбектері Ғылым жолындағы шығармашылық ізденістері бойынша "Физика пәні мұғалімінің әдістемелік шеберлігінің дидактикалық негіздері" тақырыбында кандидаттық диссертациясын, "Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярылығын қалыптастыру" тағырыбында докторлық диссертациясын жоғары деңгейде қорғаған. 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монография, 2 электронды оқулық, 5 оқу-әдістемелік құралы, 4 оқу құралы, 5 бағдарлама, авторлық патентке ие боған 2 оқу құралы мен 2 электронды оқу құралдарының авторы. Ғалым еңбектері еліміздің жоғары оқу орындары мен орта арнаулы білім беру ұйымдары мен мектептерде пайдаланылуда. Ғалиябану Махметқызы педагогикалық ғылым мен практикада жаңа инновациялық идеяларды ідестірумен ерекшеленеді. Ол педагогика ғылымына "деонтология" ұғымын енгізудің теориясы мен практикасын алғашщы рет ашып көрсетті. Сонымен қатар деонтология ғылымын педагогикалық кәсіпте қолдану аясын айқындап, жүйеге келтіріп, ұғымдар жүйесін анықтап, педагогтың деонтологиялық даярлығын қалыптастырудың ғылыми-теориялық негіздерін жасады, тың технологиясын ұсынды. Ғалымның идеяларын шетелдік ғалымдар қолдау білдірп, нақты іске асыруға ынта танытты. Осы орайда Ғ. Кертаеваның "Ұстаз қызметіндегі педагогикалық деонтология" атты монографиясы, "Педагогикалық деонтология негіздері", "Основы педагогической деонтологии", "Deontological readiness of future teachers" оқу құралдары, "Ұстаздың ұлттық тәлім-тәрбие беруге деонтологиялық даярлығы" (Д. Есімовамен бірлесуімен), "Болашақ мұғалімнің деонтологиялық даярлығын халық педагогикасы құралдары арқылы қалыптастыру" (Ажығалиевамен бірлесуімен) сынды оқу-әдістемелік құралдары жарық көрді. Ғалиябану Махметқызы педагогикалық ғылымға деонтологиялық дайындық, деонтологиялық әлеует, деонтологиялық сана және т.б. ұғымдарын енгізді. Тағы бір ерекше идеясы – тәлім-тәрбие үрдісін психологиялық тұрғыда қамтамасыз ету. Бұл жаңа идея негізінде оқушының денсаулығына зиян келтірмейтіндей, қарым-қатынас психогигиенасын ескере отырып әсер етудің әдіс-тәсілдері айқындалып, сабақта психологиялық жағымды жағдай жасаудың амалдары ұысынылды. Оны теориялық-әдістемелік қамтамасыз ету ретінде "Рахат" мектебі: жаңа ғасырға – жаңа мектеп" монографиясы мен "О психологическом комфорте на уроке" оқу-әдістемелік құралы жарық көрді.

Марапаттары Білім беру және ғылымды дамыту саласындағы ерен еңбегі үшін "Қазақ КСР халық ағарту ісінің озат қызметкері" белгісі; Халықаралық педагогика ғылымдары академиясының дипломы; КСРО Педагогикалық Ғылымдар академиясының Құрмет грамотасы; Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрілігінің Мақтау грамоталары, "Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері", "Ыбырай Алтынсарин" белгілері; С. Торайғыров атындағы Алтын медаль және халықаралық, республикалық байқаулардың жүлдегері; "Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы"; "С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың үздік ғалымы"; 2013 жылы Сократ атындағы Номинациялық комитет Ғалиябану Махметқызын ерекше ғылыми, кәсіби және қоғамдық қызметі үшін "The Name in Science" атағына ұсынды.Ұ 43 Ұлттың ұлағатты ұясы: Анықтамалық-танымдық жинақ. – Алматы: "Қыздар университеті" баспасы, 2020 жыл. – 458 бет. ISBN 978-601-346-029-1

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер Кертаева Калиябану Махметовна

Санат:Қазақстан ғалымдары Санат:Педагогика ғылымдарының докторлары Санат:Академиктер Санат:Еуразия ұлттық университетінің профессорлары Санат:Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті түлектері