Панк-рок (немесе жай ғана панк) — 1950 жылдардағы рок-н-ролл мен 1960 жылдардағы гараж рок музыкасына негізделген, 1970 жылдардың ортасында пайда болған рок-музыка жанры. Панк-топтар негізгі ағымдағы арена-роктың шамадан тыс дыбыс өңдеуі мен коммерциялық сипатын қабылдамады. Олар әдетте қысқа, екпіні жылдам, дауысы мен аспапта ойнауы өрескел, әрі қасаң, сондай-ақ жүйеге қарсы тақырыптарды қозғайтын әндер шығарады. Сондай-ақ әртістер DIY этикасын ұстанып, көптеген топтар өз жазбаларын өздері шығарды және инди-лейблдер арқылы таратып отырды.

1970 жылдардың басында «панк-рок» терминін кейбір американдық рок-сыншылар алғашқыда 1960 жылдардың ортасындағы гараждық топтарды сипаттау үшін қолданған. Ұлыбританиядағы глэм және паб-рок, Нью-Йорктен шыққан The Velvet Underground пен The New York Dolls, сондай-ақ Детройттан келген MC5 пен The Stooges сияқты кейінгі бағыттар негізгі әсер етуші факторлар ретінде аталады. 1970 жылдардың ортасына қарай «панк-рок» термині бірнеше аймақтық андерграунд музыкалық сахналарымен байланыстырыла бастады. Олардың қатарына Нью-Йорк қаласындағы Television, Патти Смит, Suicide, The Dictators, Richard Hell and the Voidoids және Ramones; Огайодағы Rocket from the Tombs, Electric Eels және Dead Boys; Аустралиядағы The Saints пен Radio Birdman; сондай-ақ Англиядағы Sex Pistols, X-Ray Spex, The Clash, The Damned және Buzzcocks кірді. 1976 жылдың аяғына қарай панк Ұлыбританияда үлкен мәдени құбылысқа айналып, жастардың бүлікшіл рухын айқын көрсететін панк субмәдениетін тудырды. Бұл субмәдениет әдейі дөрекі суреттері бар футболкилер, былғары күртелер, шегеленген немесе тікенектелген баулар, зергерлік бұйындар, бондаж киімдері және түйреуіштер сияқты өзіне тән киім стильдерімен ерекшеленді.

1977 жылға қарай панк музыкасы мен оның субмәдениетінің ықпалы бүкіл әлемге таралып, көптеген жергілікті сахналарда тамыр жайды. 1970 жылдардың соңында бұл қозғалыс әртүрлі субжанрларға таралып, постпанк, нью-вейв және арт-панк сияқты бағыттардың пайда болуына түрткі болды. 1980 жылдардың басында панк тағы да дамып, хардкор-панк (мысалы, Bad Brains, Minor Threat және Black Flag); Oi! (мысалы, Sham 69 және The Exploited); стрит-панк (мысалы, GBH, The Partisans және Chaos UK); және анархо-панк (мысалы, Crass) сияқты субжанрлармен толықты. Бұл қозғалыс Жапония, Нидерланд, Германия, Испания, Эстония, Грекия және Югославия сияқты елдердің аймақтық сахналары арқылы кеңейіп, поп-панк, гранж, риот-гррл және альтернативті рок жанрларының дамуына шабыт берді.

1990 жылдары Nirvana сияқты топтардың жетістігі арқасында альтернативті рок негізгі ағымға шыққаннан кейін, панк-рокқа ірі дыбыс жазу лейблдері тарапынан қайтадан үлкен қызығушылық артып, ол көпшілік арасында танымал бола бастады. Мұның айқын мысалы ретінде Green Day, Social Distortion, Rancid, The Offspring, Bad Religion, Blink-182 және NOFX сияқты калифорниялық топтардың өрлеуін атауға болады.

Дереккөздер

Санат:Панк-рок Санат:Рок-музыка жанрлары Санат:Панк Санат:Контрмәдениет