Жәнібек Қызыр (1949 ж.т.) – журналист, жазушы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Өмірбаяны

1949 жылы 28 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылында дүниеге келген. Е. П. Рыков атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Катонқарағай автоколоннасында темір ұстасы, кейін жүргізуші болып жұмыс істейді.

Шығармашылық жолы

1972 жылы әскерден оралғаннан кейін «Арай – Луч» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. Бұл ұйымда ұзақ жылдар жұмыс істейді, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары болады. ХХ ғасырдың 60-жылдарында Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданады.

Жәнібек Қызырдың алғашқы өлеңдері «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» жинағында жарияланады. Жәнібек Қызыр Катонқарағай ауданының 70 жылдығына арналған «Алтайдың алтын алқасы» атты мерейтойлық кітаптың жарыққа шығуына ықпал еткен. Жазушының «Жер жаннаты Катонқарағай», «Ер дастан» I, II том, «Ақбұлақ» кітаптары да оқырмандар арасында жоғары бағаланды. Автордың көптеген өлеңдеріне ән жазылып, ШҚО Катонқарағай ауданы ауылдарының сахналарында орындалады.

Марапаттары

Жәнібек Қызырдың шығармашылық қызметі «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерейтойлық медалі, ҚР мәдениет, ағарту және қоғамдық келісім министрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің қолы қойылған Құрмет грамотасы, Қазақстан Журналистер одағының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының грамотасы, облыс әкімінің қолы қойылған грамота, «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің қазақстандық салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облыстық филиалының грамотасы сияқты наградалармен марапатталған.

2009 жылғы 18 ақпанда Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен Жәнібек Қызырға ауданның рухани-адамгершілік құндылықтарын сақтауға және насихаттауға қосқан зор үлесі үшін «Катонқарағай ауданының Құрметті азаматы» атағы беріледі.

Шығармалары Ағажай, Алтайдай жер қайда : Өлеңдер жинағы. - А. : Полиграфия, 1999. - 303 б. Ерлік - дастан : [Электрондық ресурс] : [Ұлы Отан соғысы кезіндегі катонқарағайлықтардың ерлік, еңбек жолдары туралы.] / дайындаған: Ж. Қызыр. - Алматы : Алаш, 2005. - 288 б. Ерлік - дастан : [Электрондық ресурс] : [Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына арналған кітапта катонқарағайлықтардың ерлік, еңбек жолдары баяндалады.]. . 2-кітап. / дайындаған: Ж. Қызыр. - Алматы : Орхон, 2010. - 320 б. Жер жаннаты - Қатонқарағай / құраст. Ж. Қызыр. - Алматы : Орхон, 2008. - 368 б. Қызыр, Жәнібек. Ақын ауылы : өлең / Ж. Қызыр // Нұрбаев А. Шығармалары : айтыстар, поэмалар, проза. арнаулар, естеліктер. - Алматы : Орхон баспа үйі, 2019. Т. 2. - Б. 227.