Шәкерхан Әзмұхамбетов (1942) – журналист, жазушы, қоғам қайраткері

Өмірбаяны 1942 жылы 05 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы Маңырақ тауындағы қыстауда дүниеге келген. 1949 жылы Калинин атындағы жеті жылдық мектепте оқиды. Кейін, Ақжар селосындағы Абай атындағы орта мектепте оқуын жалғастырады.

Мектепті бітірген соң, 1959 жылы Алматыдағы С. М. Киров атындағы Мемлекеттік университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетіне (қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі) оқуға түседі. Үшінші курстан кейін сырттай оқуға ауысады. 1962-1963 оқу жылдары Калинин атындағы жеті жылдық мектепте мұғалім болады.

1963-1966 жылдары армия қатарында әскери борышын өтейді.

1966 ж. қыркүйегінен 1972 ж. мамырына дейін Тарбағатай аудандық «Ленин туы» газетінде жауапты хатшы қызметін атқарады. 1972 ж. мамырда облыстық «Рудный Алтай» газетіне Марқакөл ауданы, Зайсан және Тарбағатай аудандары бойынша меншікті тілші қызметіне шақырылады. Ш. Әзмұхамбетов 1991 жылдың желтоқсан айына дейін осында еңбек етті.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары – екі тілде шығатын тәуелсіз «Веха» және «Ізгілік үні» газеттерінің редакторы болды. Шәкерхан Әзмұхамбетов бұл басылымдарды өз бастамасымен демеушілердің қаржылық көмегімен құрды.

1995 жылы «Рудный Алтай» газетіне, бұрынғы меншікті тілші қызметіне оралады. 1999 жылы редакциялық аппаратқа, шолушы қызметіне шақырылады. Ол осы газет редакциясының штатында 2014 жылға дейін еңбек етті.

Шығармашылығы

Мақалалары орыс тілінде – республикалық «Казахстанская правда», «Страна и мир», «Аграрный Казахстан», «Караван», «Простор» журналында, қазақ тілінде – облыстық «Дидар» газеті, «Өтүкен» альманағында жарияланды.

Екі кітаптың авторы: «Соколиная судьба» (2006), «Үкілі найза ұстанған үш Бәйжігіт» (2017).

Марапаттары

Марапаттары: ҚР Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы (2001); «Ерен еңбегі үшін» медалі (2008), Облыс әкімі сыйлығының иегері (2005, 2016).