Жұбанышев Тілеуғазы Рахимұлы (12 шілде 1959 жыл, Семей) — қазақстандық суретші, педагог, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі. «Ерен еңбегі үшін» медалінің, А. Қастеев атындағы медальдің және бейнелеу өнері саласындағы бірқатар марапаттардың иегері.

Өмірбаяны Тілеуғазы Рахимұлы Жұбанышев 1959 жылғы 12 шілдеде Семей қаласында дүниеге келген.

1986 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған.

1993 жылдан бастап Семей мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Шәкәрім университеті) бейнелеу өнері кафедрасында аға оқытушы болып қызмет атқарды. 2023 жылға дейін педагогикалық қызметте болып, суретші-педагог ретінде көптеген жас мамандарды тәрбиеледі.

2017 жылдан бері Семей қаласының көркемөндірістік шеберханаларын басқарады. Оның бастамасымен жергілікті және республикалық деңгейдегі көптеген пленэрлер ұйымдастырылды. Солардың ішінде «Менің қалам – Семей» қалалық пленэрі (2024) және «Ертісім – еркіндіктің белгісі» өңірлік пленэрі (2024) ерекше аталады.

Шығармашылығы Тілеуғазы Жұбанышев педагогикалық қызметін шығармашылық жұмыстармен қатар алып келеді. Ол көптеген қалалық, облыстық және республикалық көрмелердің қатысушысы. Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде өткен көрмелерге қатысып, Семей қаласының бейнелеу өнерін таныстырып келеді.

2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының және Қазақстан дизайнерлер одағының мүшесі.

Марапаттары 2016 — Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының А. Қастеев атындағы «Үздік шығармашылығы үшін» медалі; 2018 — «Қазақстан бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін» медалі; 2018 — Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 90 жылдығына арналған мерейтойлық медалі; 2019 — Астана қаласы Суретшілер одағының «Құрмет» төсбелгісі; 2019 — Шәкәрім университетінің «Бейнелеу өнеріне сіңірген еңбегі үшін» медалі; 2021 — «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі; 2024 — Семей қаласының «Құрметті азаматы» атағы.

Дереккөздер

Санат:Қазақстан суретшілері Санат:Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшелері