«Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалі () — КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1979 жылғы 25 мамырдағы Жарлығымен белгіленген КСРО мемлекеттік марапаты.
Медал жайлы ереже «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалімен Варшава шартына қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа социалистік және өзге де достас мемлекеттердің әскери қызметшілері, мемлекеттік қауіпсіздік органдарының, ішкі істер органдарының қызметкерлері және басқа азаматтары жауынгерлік достастық пен әскери ынтымақтастықты нығайтудағы еңбегі үшін марапатталды.
«Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалімен марапаттау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан КСРО Қорғаныс министрі, КСРО ішкі істер министрі және КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы арқылы жүзеге асырылды.
Медалмен қайта марапаттау жүргізілмеді. Медалмен бірге марапатталған адамға белгіленген үлгідегі медал куәлігі табысталды.
«Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалі кеуденің сол жағына тағылып, КСРО-ның басқа медалдары болған жағдайда «КСРО Қарулы Күштерінің ардагері» медалінен кейін орналасады.
Медалдің сипаттамасы «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалы алтын түсті томпактан дайындалып, диаметрі 32 мм болатын дұрыс дөңгелек пішінге ие. Медалдың алдыңғы бетінде ұштары қызыл эмальмен қапталған бесбұрышты жұлдызша орналасқан. Жұлдызшаның ортасында бетінде «ЖАУЫНГЕРЛІК ДОСТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТҚАНЫ ҮШІН» () және «КСРО» () деген жазулар бар қалқан бейнеленген. Жұлдызшаның сол және оң жағында шеңбер бойымен дәмжапырақ бұтақтары, ал медалдың төменгі бөлігінде айқастырылған екі қылыш бейнеленген. Медалдың артқы беті күңгірт. Медалдың алдыңғы беті ернеумен жиектелген. Медалдағы барлық бейнелер мен жазулар шығыңқы келеді.
Медал құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға бекітіледі. Таспаның түс үйлесімі Варшава шартына қатысушы мемлекеттердің туларындағы түстерден құралған. Таспадағы бойлық түсті жолақтар солдан оңға қарай мынадай ретпен орналасқан: жасыл, ақ, қызыл, сары, қара, сары, қызыл, ақ және көк. Жолақтардың ені: жасыл және көк түстердікі — 4 мм, ақ, сары және қара түстердікі — 1 мм, қызыл түстердікі — 5,5 мм.
Медалдің ТМД елдеріндегі баламасы «Халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі (Қазақстан) «Әскери ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалі (Қырғызстан) «Әскери ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» медалі (Молдова) 1995 жылы 27 наурызда Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалі басқа бейнелеумен тағайындалды.
Әдебиет
Сілтеме «Жауынгерлік достастықты нығайтқаны үшін» медалі. КСРО ордендері мен медалдары
Дереккөздер
Санат:КСРО медалдары