Біләл Малдыбайұлы (1890, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Қаратал ауылы – 1937) — ағартушы, аудармашы, әдебиеттанушы, дәрігер-фельдшер, публицист, Алаш қайраткері .
Өмірбаяны Біләл Малдыбайұлы 1890 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Қаратал ауылында дүниеге келген . Арғын тайпасының Атығай руынан шыққан. Жеті атасы: Есіркеп, Ешкене, Шаншар, Шыңғыс, Төлек, Малдыбай, Біләл. Біләлдан төрт ұл туған: Сұлтанбек, Қорғанбек, Шауқатбек, Сейілбек .
Ол ерте жастан білімге құштар болып, ауыл молдасынан алғашқы сауатын ашқан. 1912 жылы Омбыдағы малдәрігерлік-акушерлік мектебін үздік стипендиямен тәмамдаған. Оқу орнын аяқтаған соң, алғашқы қызметін Атбасар уезінде бастаған. Ирмовка орталау мектебінде директор болып жүрген кезінде өз өмірбаянын жазып қалдырған. Бұл құжаттың көшірмесі қазіргі таңда Қаратал орта мектебінің Ш. Құсайынов атындағы әдеби-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр .
Қызметі және ағартушылық еңбегі Біләл Малдыбайұлы ХХ ғасыр басында қазақ қоғамындағы ағартушылық қозғалысқа белсене араласты. Ол ауыл мектептерін ұйымдастыруға, білім беру ісін дамытуға үлес қосты. Оның ағарту саласындағы еңбек жолы Кеңес билігінің бұйрығымен жаңадан ұйымдастырылған халықтық білім беру бөліміне мектептен тыс инспектор лауазымына тағайындалудан басталды .
Кейінгі атқарған қызметтері: 1920 жылдың күзінде аз ұлттардың халықтық білім беру бөлімінің меңгерушісі; 1921 жылдан бастап Көкшетау уезінің қырғыз-татар мектептерінің нұсқаушысы; 1924 жылдың ақпанынан халықтық білім беру инспекторы болып қызмет етті .
Біләлдің ұсынысымен Көкшетау қаласында балалар үйі мен Луначарский атындағы қазақ-татар клубы ашылған. Қызылжардағы «Талап» қазақ ұлттық комитетінің мүшесі, кейін төрағасы болған. Оның жазған мақалалары «Айқап», «Сарыарқа», «Жаңа әдебиет» газет-журналдарында басылған. «Екінші жұмбақ» атты өлеңі «Айқаптың» 1914 жылғы №1 санында жарық көрген .
Қызылжар қаласынан шыққан «Жас азамат» газетінің 12-16 нөмірлерінің редакторы Біләл Малдыбайұлы болған. 1918 жылдың 30 шілдесінен бастап, 1919 жылдың 8 ақпанына дейін шығып тұрған газеттің бас-аяғы 22 нөмірі жарық көрген .
1927 жылы туған жері Айыртау ауданы Қаратал ауылына екі қабатты, 16 кабинеті бар зәулім мектеп салдырады. Мектептің ашылуына Үкілі Ыбырайдың өзі келіп, жыр шашуын арнаған. Мектепке қажетті құрылыс материалдарын Имантау станицасындағы кәмпескеленген кулактың үлкен үйін бұзып, ағаштарын ауыл адамдары арбамен Қараталға тасып жеткізген .
Шығармашылығы және аударма еңбектері Біләл Малдыбайұлы медицина және оқу-ағарту саласына қатысты еңбектерді қазақ тіліне аударған. Оның аудармалары терминдерді қазақ оқырманына түсінікті түрде жеткізуімен ерекшеленеді .
Дәрігер, педагог, қайраткер Біләл Малдыбайұлы төмендегі медициналық кітаптарды қазақ тіліне аударып, Мәскеудегі Күншығыс халықтары баспасынан жарыққа шығарған: Доктор С.Е. Незлиннің «Құрт ауыруы» (Мәскеу, 1927 жыл); Доктор Горбовтың «Денсаулық негізі – тазалық» (Мәскеу, 1926 жыл); Доктор Шанстың «Безгек» (Мәскеу, 1927 жыл); Доктор Б. Проннердің «Жегі ауырулар» (Мәскеу, 1927 жыл) .
Медицинасы дамымаған, дәрі-дәрмегі жоқ, оқыған дәрігері мүлде аз сол кезеңде бұл кітаптар қазақ халқы үшін аса қажетті құрал болып, мыңдаған таралыммен қайта басылды. Біләл медицина саласына машықтанғандықтан, орыс ғалымдарының кітаптарын ана тіліне қарапайым, жеңіл әрі ұғынықты мысалдармен аударған .
Сонымен қатар, ол Гомердің «Илиада» және «Одиссея» атты атақты шығармаларын да қазақшалаған. Бұл туралы Мұсахан Қанапиянұлының «Ұстаз» атты кітабында Әсия Тілегенованың: «...ол отызыншы жылдары Гомердің «Илиадасы» мен «Одиссеясын» қазақша аударған» деген дерегі сақталған .
Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» атты романын Олег Фрелихпен бірігіп орыс тіліне аударған. 1935 жылы Мәскеудегі «Көркем әдебиет» баспасынан «Сын бая» деген атпен жарық көрген романның қолжазбасы мен алғашқы сүйінші данасы қазіргі таңда Мәскеудегі Орталық Мемлекеттік Әдебиет және өнер архивінің қорында (РГАЛИ) сақтаулы тұр .
1929 жылы Қызылжар қаласында жаңа әліпбимен (латын қарпімен) «Тілашарлық әліппе» кітабы жарық көреді. Біләл Малдыбайұлының тағы бір авторлық еңбегі — «Қазақстандағы жоғары, орта дәрежелі мектептер» деп аталады. Бұл кітап 1926 жылы Қызылорда қаласындағы «Еңбекші Қазақ» газетінің редакциясында басылған. 14 бөлімнен тұратын кітапта 32 оқу орны туралы толық мәлімет берілген .
Қуғын-сүргін жылдары Саяси қуғын-сүргін жылдарында 1937 жылы 5 мамыр күні тұтқынға алынып, дәл сол жылдың 13 қыркүйегінде ату жазасына кесілді. КСРО Жоғарғы Сотының шешімімен 1958 жылдың 27 желтоқсанында толықтай ақталды .
Мұрасы мен зерттелуі Біләл Малдыбайұлы қазақ ағартушылығы мен ХХ ғасыр басындағы ұлттық зиялылар, Алаш арыстары қатарында құрметпен аталады. Еліміз Тәуелсіздігін алған жылдары ағартушы мұрасы қайта зерттеліп, бірқатар материалдар жазылды. Олардың қатарында зейнеткер мұғалім Айтмағамбет Дауылбайұлының «Репрессия құрбаны», «Жақсының аты өлмейді», журналист Маман Ементаевтың «Көкшетау арыстары. Ақсақалмен әңгіме», ақын, өлкетанушы Ерсін Ерғалиевтің «Туған жер – тұғырым» атты зерттеу еңбектері бар .
Дереккөздер
Санат:1890 жылы туғандар Санат:1937 жылы қайтыс болғандар Санат:Айыртау ауданында туғандар