Kings of Leon () — Теннесси штатының Нашвилл қаласынан шыққан, альтернативті рок стилінде ойнайтын америкалық музыкалық топ. Оны 1999 жылы үш ағайынды Фоллоуиллдер: Калеб (вокал және ритм-гитара), Джаред (бас-гитара, бэк-вокал және синтезатор) және Натан (барабандар, соқпалы музыкалық аспаптар және бэк-вокал) өздерінің немере ағасы Мэттью Фоллоуиллмен (соло-гитара және бэк-вокал) бірге құрды. Топ мүшелерінің Леон есімді әкесі мен атасының құрметіне аталған.
Топтың ерте шығармашылығы оңтүстік рок пен гараждық роктың әсерінен құралған жанды қоспа болды. 2003 жылғы дебютінен бастап олар тәуелсіз шығармашылық шеңберінен шығып, халықаралық танымалдылыққа ие болды, әсіресе Ирландияда, Ұлыбританияда және Аустралияда. Сондай-ақ, топ топқа үш «Грэмми» сыйлығын алып келген 2008 жылғы Only by the Night альбомынан кейін Канада мен Америка Құрама Штаттарында танымалдылығының айтарлықтай өскенін сезінді. 2009 жылғы мәліметтер бойынша, Kings of Leon өзінің «Sex on Fire» синглімен Ұлыбританияның Top 40 синглдері арасында 9-орынға тұрақтады. Kings of Leon бесінші альбомын 2010 жылдың қазан айында шығарды. Олардың алтыншы альбомы, Mechanical Bull, 2013 жылдың 24 қыркүйегінде жарық көрді.
Тарихы
Алғашқы жылдар: 1999–2002 Ағайынды Фоллоуиллдер (Мэттью олардың немере ағасы) Оклахома мен Теннессиде шіркеу уағызшысы болған әкесі Иван Леон Фоллоуиллмен және анасы Бетти-Эннмен бірге өсті. Әкесінің қызметі кезінде ұлдар Теннесси штатының Джексон қаласында тұрған бес жылдық кезеңді қоспағанда, үйде білім алды немесе шағын шіркеу мектептеріне барды.
Әкесі уағыз айтуды тоқтатып, ата-аналары 1997 жылы ажырасқаннан кейін, Натан мен Калеб Нэшвиллге көшті. Рок-музыкаға қызығушылық танытқан жігіттер бұрынғы өмір салтынан бас тартып, музыка индустриясына енуге тырысты. Сол жерде олар ағайындыларға өздерінің музыкалық шеберліктерін шыңдауға көмектескен және оларды Thin Lizzy, The Rolling Stones және The Clash топтарымен таныстырған композитор Анджело Петральямен кездесті. Олардың інісі Джаред пен немере ағасы Мэттью Нэшвиллге көшкен кезде (1999 жыл), Kings of Leon тобы құрылды.
2002—2003 2002 жылға қарай бірнеше музыкалық лейбл топқа қызығушылық танытып, соңында RCA Records компаниясымен келісімшартқа отырды. Сұхбатында Натан: «Біз інімізге бас-гитара сатып аламыз, Калеб гитарада ойнауды үйренеді, Мэттью 10 жасынан бастап гитарада ойнап келеді, ал мен барабанда ойнайтын боламын», — деді. Кейінірек сұхбатында Калеб топқа қосылуы үшін немере ағасын Миссисипи штатындағы туған қаласынан «ұрлап әкетуге» тура келгенін мойындады. Олар анасына оның тек бір апта ғана қонақ болатынын айтқан, бірақ ол үйіне ешқашан оралмаған. «Біз жертөлеге марихуанамен қамалып, онда тура бір ай өткіздік», — деп қосты Натан, — «Және лейбл адамдары келгенге дейін бізде „Molly’s Chambers“, „California Waiting“, „Wicker Chair“ және „Holy Roller Novocaine“ әндері дайын болды».
Топтың Holy Roller Novocaine (мини-альбом) деп аталатын алғашқы жазбасы 2003 жылдың 18 ақпанында жарық көрді. Бұл кезеңде Джаред 16 жаста еді және әлі бас-гитарада ойнай алмайтын. Соған қарамастан, Holy Roller Novocaine Rolling Stone журналынан 4/5 жұлдыз алды. Осы шағын альбомда жарық көрген барлық әндер Анджело Петральяның қатысуымен жазылды, ол сонымен қатар жазбаның продюсері болды. Сондай-ақ, 5 әннің 4-і кейінірек жарық көретін дебюттік Youth and Young Manhood альбомында шығарылды.
Ерекшеліктері Топтың музыкасы оңтүстік рок, гараждық рок және инди-роқтың қоспасынан тұрады. Kings of Leon сегіз студиялық альбом шығарды.
Құрамы Калеб Фоллоуилл (1982 жылғы 14 қаңтарда туған) — вокал, ритм-гитара, Джаред пен Натанның туған ағасы (інісі). Мэтью Фоллоуилл (1984 жылғы 10 қыркүйекте туған) — соло-гитара, бэк-вокал, Калеб, Джаред және Натанның немере ағасы (інісі). Джаред Фоллоуилл (1986 жылғы 20 қарашада туған) — бас-гитара, бэк-вокал, синтезатор, Калеб пен Натанның туған інісі. Натан Фоллоуилл (1979 жылғы 26 маусымда туған) — барабандар, соқпалы музыкалық аспаптар, бэк-вокал, Калеб пен Джаредтің туған ағасы.
Дискография
Студиялық альбомдар Youth and Young Manhood (2003) Aha Shake Heartbreak (2004) Because of the Times (2007) Only by the Night (2008) Come Around Sundown (2010) Mechanical Bull (2013) Walls (2016) When You See Yourself (2021) Can We Please Have Fun (2024)
Марапаттары Грэмми 2009 — «Дуэт немесе топтың үздік вокалдық рок орындауы» — Only By The Night альбомындағы Sex on Fire әні үшін. 2010 — «Жыл жазбасы» — Only By The Night альбомындағы Use Somebody әні үшін. 2010 — «Дуэт немесе топтың үздік вокалдық рок орындауы» — Only By The Night альбомындағы Use Somebody әні үшін. 2010 — «Үздік рок ән» — Only By The Night альбомындағы Use Somebody әні үшін.
Грэмми 2010 — «Жыл әні» — Only By The Night альбомындағы Use Somebody әні үшін. 2011 — «Дуэт немесе топтың үздік вокалдық рок орындауы» — Come Around Sundown альбомындағы Radioactive әні үшін. 2011 — «Үздік рок ән» — Come Around Sundown альбомындағы Radioactive әні үшін. 2012 — «Үздік рок альбом» — Come Around Sundown альбомы.
Дереккөздер