Перизат Қайрат (толық аты — Перизат Қайратқызы Қайрат, 5 шілде 1991 жылы туған, Ақтөбе, Қазақстан) — қазақстандық қоғам қайраткері, волонтер, кәсіпкер және инфлюенсер. Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының бұрынғы басшысы.
2025 жылы алаяқтық және ақшаны заңдастыру ісі бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол төтенше жағдайлар мен әскери қақтығыстардан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін ақша жинаған.
Сотта ұсынылған материалдарға сәйкес, 2021 жылы Перизат Қайрат құрылтай құжаттарын қолдан жасап, жаңа ұйымның атауын жұмыс істеп тұрған қордың атауына ұқсас етіп таңдау арқылы «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоғамдық бірлестігін тіркеген. Ол анасымен алдын ала сөз байласу арқылы мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығын салу, Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге, сондай-ақ Палестина тұрғындарына көмек көрсету деген сылтаумен ақша жинай бастаған. Мамандардың қорытындысы бойынша, бірлестіктің банктік шоттарына келесідей қаражат түскен: оңалту орталығына арналған қаражат эпизоды бойынша — 126 миллион теңгеден астам, Палестинаға көмек эпизоды бойынша — 566 миллион теңгеден астам және су тасқыны эпизоды бойынша — 2,86 миллиард теңгеден астам. Жиналған және жымқырылған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеден асты.
Тергеу мәліметтері бойынша, ол қайырымдылық көмектің негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, сәндік заттар сатып алуға және шетелдік курорттарда демалуға жұмсаған
Өмірбаяны Перизат Қайрат 1991 жылдың 5 шілдесінде Ақтөбеде дүниеге келген. Мектепті Ақтауда аяқтаған. 2015 жылы Астанаға көшіп келген.
Білімі Білімі туралы мәліметтер қайшы. Өзі Ноттингем университетінде (Ұлыбритания) «Бизнес басқару» мамандығы бойынша білім алғанын айтқан. Алайда сот материалдарында 2006 жылы Ақтаудағы өнер колледжінде хор дирижерлігі факультетіне түсіп, бір курс оқығаны ғана көрсетілген.
Қызметі 2016–2020 жылдары Біріккен Араб Әмірліктерінде (Абу-Даби) түрлі компанияларда жұмыс істеген (сот кезінде расталмады). 2020 жылы Қазақстанға оралып, қоғамдық және кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Астанада Rebel Flowers гүл дүкендері желісінің иесі болған.
2019 жылы анасы Гайни Алашбаевамен бірге ауыр жол апатына түсіп, соның салдарынан қатты жарақаттар мен ми шайқалуын алған. Көлік тізгінінде Перизат болған.
Қайрат волонтерлікпен және қайырымдылықпен коронавирус пандемиясы кезінде, халыққа дәрі-дәрмек пен азық-түлік жетіспей жатқан уақытта белсенді айналыса бастады.
2020 жылғы қыркүйекте пандемия кезінде атқарған жұмысы үшін Президенттің жарлығымен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.
Қоғамдық қызметі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Қоғамдық кеңесінің мүшесі болды және «Қазақстан Жастар Конгресі» ҚБ қайырымдылық бағытын басқарды. Нұр-Отан партиясының жаныдағы волонтерлік қызметтер атқарып, белсенді болады. Кезекті тағайындаудан кейін ол әлеуметтік желіде сол кездегі «Nur Otan» партиясы (қазіргі «Amanat» партиясы) төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке «көрсеткен сенімі үшін» алғыс айтқан.
2021 жылы Қайрат Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің инвестиция тарту және әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2018 жылы Халық қорының іске қосылған birgemiz.kz порталы халық арасында қайырымдылықтың ресми әрі сенімді көзі ретінде танылды. Пандемия кезінде «Біз біргеміз» ұраны жалпыұлттық сипатқа ие болып, мемлекеттік деңгейдегі көмек науқандарының басты атауына айналды. Бірнеше жылдан кейін, 2021 жылғы маусымда, Перизат Қайрат Астанада атауы ұқсас — Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорын тіркеді. Ұйым өзін құрамында 15 мыңнан астам адамы бар жалпыұлттық волонтерлік қозғалыс ретінде таныстырды.
Қайратқа қарсы сотта волонтерлік қозғалыс биліктегі Nur Otan (жаңа атауы Amanat) партиясы төрағасының орынбасары Бауыржан Байбектің бастамасымен құрылғаны белгілі болды. Партияның жоспары бойынша, «жедел әрекет ету» үшін әр өңірде волонтерлік орталықтар ашылуы тиіс еді.
Қор пандемия кезінде, 2024 жылғы су тасқыны кезінде және Палестинаға көмек жинау науқандарында белсенді жұмыс істеді. Перизат Қайраттың волонтерлік қызметі үшін «Халық ризашылығы» және «Шапағат» медальдарымен марапатталған.
2024 жылдың қазанында Қазақстан пара үстел теннисі федерациясының президенті болып тағайындалды (кейін қызметінен босатылды).
2025 жылғы 15 қарашада Перизат Қайрат Пара үстел теннисі федерациясының президенті қызметінен босатылды. Ал биліктегі «Amanat» партиясы БАҚ-та қор құрылтайшыларының арасында партиямен байланысы бар адамдар туралы ақпарат тарағаннан кейін, «BizBirgemiz Qazaqstan» қорына ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Қайрат қазақ тілінде өлеңдер мен монологтар жазады. Оның Instagram-дағы Perizat Kairat (@01pk) парақшасына 562 мың адам жазылған. Оның Instagram-дағы соңғы жарияланымы 2024 жылғы 1 сәуір.
2024 жылдың қарашасында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты ұрлау күдігімен ұсталды. Кейін айыптау сомасы 3,5 млрд теңгеге (шамамен 6,6 млн АҚШ доллары) жетті. Ол және анасы Ғайни Алашбаева алаяқтық және ақшаны заңдастыру бойынша айыпталды.
Мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығының ашылуы Орталықтың құрылысы үшін 2021 жылы Қайрат қайырымдылық аукционын ұйымдастырып, 21 миллион теңгеден астам (390 мың доллар) қаражат жинаған. Тергеудің мәлімдеуінше, айыпталушы бұл қаражаттың айтарлықтай бөлігін өз қажеттіліктеріне, мысалы, Дубайға сапар шегуге, қонақүйлерде тұруға және люкс киімдер сатып алуға жұмсаған. Оңалту орталығы сол күйі салынбады.
Палестиналықтарға арналған қайырымдылық жиыны 2022 жылдан бастап Қайрат пен «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоры бірнеше ірі қайырымдылық кампанияларын, соның ішінде Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге және палестиналықтарға көмек көрсету шараларын өткізді.
Қор Газа тұрғындары үшін 566 миллион теңгеден астам (1 миллион доллардан астам) қаражат жинаған, оның тек 7,4 миллионы (13 мың доллар) ғана мақсаты бойынша аударылған.
Қылмыстық іс және сот Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты алаяқтық, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру фактілері бойынша тергеудің аяқталғанын хабарлады. Кейін шығын көлемі едәуір өсіп 3,5 млрд теңге құрағандығы хабарланды. Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары барлық істер бойынша жәбірленушілердің нақты санын айта алмады. «Ірі сомалар аударған жәбірленушілер бар. Ал басқа жәбірленушілерге келетін болсақ, олардың мүддесін прокуратура қорғайды», - деп нақтылады Елемесов. Перизат Қайраттың тағылған эпизодтар бойынша өз кінәсін мойындамайтынын да атап өтті.
Перизат Қайраттың анасына қатысты қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») және 218-бабы («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру (жылыстату)») бойынша айып тағылды. Тағылған айып бойынша 190-бап («Алаяқтық») бойынша үш эпизод, және қылмыстық жолмен алынған қаражатты активтерге біріктіру арқылы жасырған екі заңдастыру фактісі тіркелген.
30 маусым күні Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотына жолданды.
Перизат Қайрат пен оның анасы Ғани Алашбаеваның үстінен жүргізілген сот процесі 9 шілдеде басталып, екі аптадан сәл астам уақыт ішінде — 25 шілдеде аяқталды. Сот талқылаулары ішінара жабық режимде өтті, өйткені іс материалдарында құпия мәліметтер, соның ішінде банктік құпиямен қорғалған құжаттар бар. Айыпталушылардың соңғы сөзі айтылған сот отырысы да жабық режимде өтті. Бұған дейін, тараптардың жарыссөзі кезінде, екі айыпталушы да бірде-бір эпизод бойынша кінәсін мойындамады. Алашбаева сотта айғақ беруден мүлдем бас тартты.
Сот отырыстары барысында прокурорлар Қайраттың телефонынан табылған видеоға назар аударды. Бейнежазбада 20 мыңдық теңге купюраларына толтырылған чемодан көрсетілген. Кадр сыртындағы дауыс: «Не айтуға болады, ең жақсы жыл. Аллаға шүкір», — дейді. Прокурорлар видеоның түсірілген күнін және чемодандағы ақшаның сомасын нақтыламады.
Тергеудің есебі бойынша, өз қызметі кезінде Қайрат пен оның анасы Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен 323 млн теңгеге (600 мың доллар) үш пәтер, құны 150 млн теңге (278 мың доллар) болатын коттедж қалашығынан үй, 170 млн теңгеге (315 мың доллар) премиум кластағы үш автокөлік, сондай-ақ 158 млн теңгеге (294 мың доллар) брендтік киімдер, аксессуарлар мен бағалы әшекейлер сатып алған.
Заң бойынша қоғамдық бірлестікті кемінде үш адам құруы тиіс. Сотта көрсетілген сараптама бойынша Перизат Қайрат құрылтай жиналысының №1 хаттамасына таныс еріктілердің есімдерін енгізіп, өзін президент етіп тағайындаған делінген. Кейіннен басқа қатысушылардың қолдарын қолдан қойған.
2021 жылғы 1 қазанда Әділет департаменті Biz Birgemiz атауын тіркеуден бас тартты. Себебі бұрыннан бар заңды тұлғаның атауына ұқсас болған. 4 қазанда Қайрат №1 хаттамадағы қолдарды қайтадан қолдан қойып, атауын Biz Birgemiz Kazakhstan 2030 деп өзгерткен. Қорды тіркеу кезінде көрсетілген мекенжайда іс жүзінде компьютерлік клуб орналасқан болып шықты. Мекенжайдың компьютерлік клубтан тіркелуін Amanat партиясының аудандық филал жетекшісі Сергей Матюшенко сотта берген куәлігінде айтты. Матюшенко ағасының компьютерлік клубын ұйымды тіркеу үшін құлдануға рұқсат сұрағанын, ал кейін Қайрат кеңсе партияның орталық аппараты орналасқан мекенжайға ауыстырылатынын айтқан. Матюшенко бұл сөзге сенген себебі партия басшысы Бауыржан Байбек волонтерлік штаб құруды тапсырған жиналыста Бауыржан Байбектің қасында Перизат Қайрат отырған.
Палестинаға қолдау көрсету кезіндегі қолма-қол қаржы шешіп алуды Перизат Қайрат ақшаны банктік аударымдар арқылы жіберген жағдайда, бұл әскери қақтығысты қаржыландыру ретінде бағалануы мүмкін деп қорыққан. Осы арқылы Қайрат өзінің шетелге жасаған көптеген сапарларын түсіндіруге тырысты.
16 қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге арналған тағы 200 миллион теңгені жымқыруға қатысты жаңа эпизод туралы хабарлады. Тергеу нұсқасы бойынша, қаражаттың басым бөлігі Mercedes-Benz EQE автокөлігін және Астанадағы элиталық тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алуға жұмсалған.
Оңалту орталығын салу үшін аукционда 12 млн 600 мың теңге жиналған. Алайда, Перизат Қайрат әлеуметтік желіде бұл соманы 48 млн теңге деп өтірік көрсеткен. Ол ауыр дертке шалдыққан балаларды оңалтумен айналысатын қорға құны 100 млн теңге тұратын ғимаратты сыйға тарттым деп мәлімдеген. Тергеу барысында мұндай ғимараттың іс жүзінде болмағаны анықталды. Жиналған ақша аукционнан кейін екі күн өткен соң-ақ мақсатсыз жұмсала бастаған.
2021 жылғы 29 қарашада ол БАӘ-ге ұшып кеткен. Онда Attana Hotel Dubai және Habtoor Palace Dubai сияқты қымбат қонақүйлерде тұрып, Gucci мен Tommy Hilfiger бутиктерінен сауда жасаған. Бұл сапарға, соның ішінде мейрамханалар мен такси шығындарына 1 897 476 теңге жұмсалған. 2021 жылғы 28 желтоқсанда ол халықтан қайырымдылық жиналатын ForteBank-тегі шоттан 600 мың теңге алып, Toyota Camry автокөлігін жалдау ақысын төлеген.
Сотқа қатысушылар
Прокурор – Мадина Оразалина, Арман Кизикен Прокурор – Индира Жумагаликызы (екінші сот процессі) Cот – Сабыржан Каримов Адвокат – Арман Давлетьяров Адильхан Мусин – куәгер, «Консалтинг групп» директоры, ақша шығарып берген. Толганай Боранкул – куәгер, қазақстандық университет дипломын сатып алу туралы сөйлескен Жулдыз Амангелдинова – The Akan Building компаниясының қаржы директоры, 700 000 теңге жолдаған. Ғалия Исаева – куәгер, АО "Стройконструкция" заң консультанты, 200 миллион теңге жолдаған. Сауле Куандыкова – куәгер, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің ата-аналар комитетінің өкілі, 901 855 теңге жолдаған. Ляззат Распеки – куәгер, Перизат Қайраттың Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі ретінде тағайындалғанын айтты.
Зардап шеккендер
«Сұңқар» Алматы құс фабрикасының кадр бөлімінің бастығы: Кәсіпорын атынан 60 мың теңге «Анеко Л» мекемесі арқылы су тасқынымен күресуге 3 миллион теңге аударған.