Динара Сүйерханқызы Базарбаева-Сахаман (22 шілде 1985, Алматы) — қазақстандық скрипкашы, өнертану магистрі, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» медальінің иегері, Алматыдағы Жамбыл Жабаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының солисті және мемлекеттік «Forte Trio» ансамбльінің мүшесі.
Өмірбаяны мен білімі Динара Базарбаева-Сахаман 1985 жылдың 22 шілдесінде Алматы қаласында дүниеге келген. Бес жасынан бастап классикалық музыкамен шұғылдана бастады. Алғашында фортепиано мен скрипка арасында таңдау жасап, нәтижесінде скрипканың техникалық мүмкіндіктері мол болғандықтан осы аспапқа тоқталды.
К.Байсейітова атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық мектепте скрипка сыныбында оқыды. Ұстазы — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Нина Михайловна Патрушева. (Құрмет және Достық II дәрежелі ордендерінің кавалері). Мектепті бітірген соң Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ішекті аспаптар кафедрасында Нина Патрушева сыныбында білімін жалғастырды. Магистратураны скрипкашы Алла Камаловна Кармысова сыныбында аяқтады.
Шығармашылығы Динара Базарбаева-Сахаман — Қазақстан скрипка мектебінің жарқын өкілдерінің бірі. Жеке орындаушы ретінде де, камералық ансамбльдер құрамында да өнер көрсетеді. Оның репертуарында классикалық шығармаларымен қатар қазақ композиторларының туындылары бар. Өнер жолында Қазақстанмен қатар АҚШ, Ресей, Үндістан, Израиль, Франция, Италия, Біріккен Араб Әмірліктері, Испания, Швейцария, Мальта, Антигуа және Барбуда, Германия, Аустрия, Қытай және басқа елдердің сахналарында өнер көрсеткен музыкант.
2014 жылы Дариға Назарбаева ұйымдастырған қайырымдылық концерттерге музыкант ретінде қатысқан. «Abai TV» телеарнасында «Әндіground» және «Вечные ценности» (Светлана Коковинецпен бірге) бағдарламаларына қатысқан.
Ол Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының солисті болып жұмыс істейді. Сонымен қатар Алматыда «Candlelight Seasons Almaty» (Алматы майшам маусымдары) концерттік сериясының ұйымдастырушысы. Маңызды концерттік бағдарламалары:
«День свободного ветра» (The Violin Season 3); «The Red Violin»; «Концерт скрипичной музыки»; «Ұлы Дала Аңыздары» (Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналған); «Dessert Time»; «Осенняя фантазия»; «Музы и Легенды»; «Мелодии ветра и степей»; «The Soul» «Струнные фантазии» «Времена года» «Весенняя мелодия» және тағы да басқалары.
Оркестрлерде солисттік қызметі Солист ретінде академиялық симфониялық оркестрлерімен бірнеше рет өнер көрсеткен. 2021 жылдың 16 қыркүйек айында Астана қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драмалық театрының үлкен концерт залында Астана әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрімен «XXII концерттік маусымында» дирижёр Ернар Нұртазин басқаруында қазақстандық композитор Шырын Базарқұлованың «Скрипка мен оркестрге арналған концерт, соль мажор» шығармасын орындаған. (композитордың Н.Римский-Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясындағы дипломдық жұмысы).
2023 жылдың 11 қарашасында Қарағанды қаласында Е. Рахмадиев атындағы академиялық симфониялық оркестрімен (дирижёр – халықаралық байқаулардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев) композитор Макс Брухтың «Скрипка мен оркестрге арналған №1 концерт, соль минор, op. 26» шығармасын орындаған. 2025 жылдың 12 желтоқсанында Алматыдағы Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстанға Болгариядан шақырылған дирижёр Диан Чобанов басқаруында Т.Әбдірашев атындағы академиялық симфониялық оркестрімен композитор Иоганнес Брамстың «Скрипка мен оркестрге арналған концерт, ре мажор, op. 77» концертін орындады.
«Forte Trio» Динара Базарбаева-Сахаман – мемлекеттік «Forte Trio» ансамбльінің тұрақты мүшесі (скрипка). Трионың негізін қалаушысы және көркемдік жетекшісі – Тимур Урманчеев (фортепиано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері). Үшінші мүшесі – Мурат Нарбеков (виолончель). Ансамбль көптеген жылдар бойы опералық әнші Азамат Желтыргузов (баритон, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері) сияқты әртістермен бірлесіп өнер көрсеткен. Олар бірлескен концерттерде (соның ішінде 2020 жылы «Звезда на карантине» онлайн-жобасында) классикалық музыканың шығармаларын орындаған.
Педагогикалық қызметі Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында және П.И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде скрипка сыныбы бойынша оқытушы болып жұмыс істейді.
Жеке өмірі Динара Базарбаева-Сахаман қазақстандық режиссёр және сценарийші Айдын Сахаманға тұрмыста. Айдын Сахаман «Дос-Мұкасан» (2022, музыкалық байопик); «Любой ценой»; «Анажан» фильмдерінің және «Вопреки всему» сериалының режиссёрі болып табылады.
Скрипка аспабы туралы Қазіргі уақытта мемлекеттік коллекциядан Николо Амати (Антонио Страдиваридің ұстазы) жасаған скрипкада ойнайды. Ол бұл аспапты «нағыз серіктес» деп атап, ол әрбір жанасуға жауап беріп, күтпеген дыбыстарды шығаруға мүмкіндік береді.
Дәрежелері «Ерен еңбегі үшін медалі» Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаты (скрипка)
Дереккөздер
Санат:Қазақстан скрипкашылары Санат:Қазақстан академиялық музыканттары