«Қозылар үнсіздігі» () — 1991 жылы жарық көрген америкалық психологиялық триллер. Режиссер Джонатан Демми бұл туындыны Томас Харристің 1988 жылғы аттас романының желісімен түсірген, сценарийін жазған — Тед Тэлли.

Сюжет орталығында ФТБ жас тыңшысы Кларисса Старлинг (Джоди Фостер) тұр. Ол өз құрбандарының терісін сыпыратын «Буффало Билл» (Тед Левин) лақап атымен танылған қауіпті қылмыскердің ізіне түседі. Қанішерді қолға түсіру үшін Кларисса түрмеде отырған данышпан психиатр әрі адам етін жегіш маньяк Ганнибал Лектерден (Энтони Хопкинс) көмек сұрауға мәжбүр болады.

«Orion Pictures» компаниясы тарапынан 1991 жылдың 14 ақпанында шығарылған бұл туынды 19 миллион доллар бюджетпен бүкіл әлем бойынша 272,7 миллион доллар табыс тауып, жылдың ең табысты бес фильмінің қатарына енді. Фильмнің тұсаукесері 41-ші Берлин халықаралық кинофестивалінде өтіп, Джонатан Демми «Үздік режиссер» номинациясы бойынша «Күміс аю» жүлдесін иеленді.

64-ші «Оскар» марапаттау рәсімінде бұл туынды кино тарихындағы басты бес номинацияны («Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актер», «Үздік актриса» және «Үздік бейімделген сценарий») бірдей жеңіп алған үшінші әрі әзірге соңғы фильм болды. Сонымен қатар, «Қозылар үнсіздігі» — осы күнге дейін «Үздік фильм» номинациясында жеңіске жеткен жалғыз қорқынышты фильм ретінде тарихта қалды.

Киносыншылар, режиссерлер мен көрермендер «Қозылар үнсіздігін» әлемдік кино тарихындағы ең ұлы әрі ықпалды туындылардың бірі ретінде жиі атайды. 2018 жылы Empire журналы бұл фильмді барлық уақыттағы ең үздік 500 кинотуындының ішінде 48-ші орынға қойды. Фильм IMDb сайтындағы ең жоғары бағаланған 250 фильмнің тізімінде алғашқы жиырма бес фильмнің қатарына кіреді.

Америка кино институты бұл туындыны америкалық кинодағы ең үздік фильмдер тізімінде 65-ші орынға, ал шытырман оқиғалы фильмдер рейтингінде 5-ші орынға жайғастырды. Сондай-ақ, Кларисса Старлинг пен Ганнибал Лектер кино әлеміндегі ең ұлы қаһарман мен зұлымдардың қатарына енді. 2011 жылы АҚШ-тың Конгресс кітапханасы фильмді «мәдени, тарихи немесе эстетикалық» тұрғыдан маңызды деп танып, оны сақтау үшін АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне енгізді.

Сюжеті ФТБ белгісіз қанішер жасаған бірқатар аяусыз қылмыстарды зерттейді. Өлтірген әйелдерінің терісін сыпырып алатын әдеті үшін, қылмыскерге бизондарды аулаушы америкалық кәсіпкердің құрметіне «Буффало Билл» деген лақап ат беріледі. Тергеу тығырыққа тірелгенде, ФТБ басшылығы бұрынғы психиатр, аса қауіпті каннибал-қанішер Ганнибал Лектерден көмек сұрауды ұйғарады. Қазіргі таңда доктор Чилтонның қатаң бақылауындағы психиатриялық ауруханада отырған Лектермен сөйлесуге ФТБ академиясының курсанты Кларисса Старлинг жіберіледі.

Лектер мен Старлингтің арасында ерекше эмоционалды байланыс орнайды. Лектер қызбен психологиялық ойын бастайды: ол Клариссаға тергеуге көмектесу үшін оның жеке өмірінің ең құпия тұстарын айтып беруді талап етеді. Старлинг оған балалық шағындағы ауыр естеліктерін ақтарады: әкесінен қалай айырылғанын және асырап алған отбасынан сойысқа бара жатқан қозыны құтқарып қалу үшін қалай қашқанын баяндайды. Осы ашық сырласудың қайтарымы ретінде Лектер Клариссаға қылмыстық істегі түйінді тұстарды шешуге көмектесетін құнды бағыт-бағдар береді. Бұл бағыт-бағдар соңында оны «Буффало Биллдің» ізіне алып келеді.

Осы аралықта «Буффало Билл» сенатордың қызы Кэтринді ұрлап кетеді. Өз атын шығарғысы келген Чилтон Старлингтің Лектермен сөйлесуіне тыйым салады. Сенатор Лектермен келісімге келеді, бірақ күзет режимі жеңілдеген сәтте Ганнибал полицейлер мен жедел жәрдем бригадасын жайратып салып, түрмеден қашып шығады. Старлинг Лектердің нұсқауларына сүйене отырып, құрбандардың бірінің өткен өмірін зерттейді де, Биллдің оны бұрыннан танитынын түсінеді. Кларисса қанішердің өз құрбандарының терісінен киім тігіп жүргенін және оның тігіншілік өнерін жақсы меңгергенін түсінеді.

Бірінші құрбан туралы ақпарат іздеген агент Старлинг тағы бір куәгер тұруы тиіс үйге келеді. Бірақ ол жерде баяғыдан бері маньяк Джейм Гамб тұрып жатқан болып шығады. Кларисса оның бөлмесінен құрбандарының аузына салып кететін «Өлі бас» көбелегінің пілләсін және тігін құралдарын көргенде, қанішердің дәл алдында тұрғанын сезеді. Қылмыскердің ізіне түскен Старлинг жертөлеге түседі. Ол жерден үй иесінің мәйіті салынған ваннаны, теріден тігіліп жатқан костюмді және Гамбтың сүйікті итін кепілге алып, құдықтың ішінде отырған Кэтринді табады. Кенет маньяк жарықты өшіріп тастап, түнде көру құрылғысымен Старлингтің ту сыртынан көздейді. Алайда Кларисса қылмыскердің тапанша шүріппесін басқан дыбысына қарай оқ атып, «Буффало Биллді» мерт қылады.

Фильм соңында Лектер Клариссаға телефон соғып: «Қозылар үнсіз қалды ма?» — деп сұрайды. Бұл сұрақпен ол көп жылдан бері қыздың түсіне кіріп, жанын мазалаған қозылардың аянышты даусы ақыры басылды ма, яғни Кларисса бала кезгі қорқынышынан арылды ма дегенді меңзейді. Ганнибал оны бұдан былай мазаламайтынына уәде береді, бірақ кезекті құрбанының таңдалып қойғанын тұспалдайды. Тұтқаны қойған Лектер ұшақтан жаңа ғана түскен доктор Чилтонды көз жазбай бақылап, соңынан ереді.

Рөлдерде

Джоди Фостер — Кларисса Старлинг Маша Скоробогатов — жас Кларисса Энтони Хопкинс — доктор Ганнибал Лектер Скотт Гленн — Джек Кроуфорд Тед Левин — Джейм «Буффало Билл» Гамб Энтони Хилд — доктор Фредерик Чилтон Брук Смит — Кэтрин Мартин Дайан Бейкер — АҚШ сенаторы Рут Мартин Каси Леммонс — Арделия Мэпп Чарльз Напьер — лейтенант Билл Бойл Трейси Уолтер — Ламар Роджер Корман — ФТБ директоры Хейден Берк Рон Вотер — Пол Крендлер Дэнни Дарст — сержант Тейт Фрэнки Фэйсон — Барни Мэттьюс Пол Лазар — Пилчер Дэн Батлер — Роден Крис Айзек — SWAT командирі Стюарт Рудин — Миггс Дарла — Прешес (ит) Синтия Эттингер — офицер Джейкобс Брент Хинкли — офицер Мюррей Алекс Коулман — сержант Джим Пембри Даниэль фон Барген — SWAT байланысшысы Гарри Нортап — мырза Биммель Лорен Розелли — Стейси Хабка Джордж Ромеро — түрме күзетшісі (титрда көрсетілмеген)

Марапаттары мен номинациялары Марапаттары мен номинациялары Марапат Санат Номинант НәтижеОскарҮздік фильмЭдвард Саксон, Кеннет Утт, Рональд БозманҮздік режиссерДжонатан ДеммиҮздік актерЭнтони ХопкинсҮздік актрисаДжоди ФостерҮздік бейімделген сценарийТед ТэллиҮздік монтажКрейг МаккейҮздік дыбысТом Флайшман, Кристофер НьюманBAFTAҮздік фильмРональд Бозман, Эдвард Саксон, Кеннет УттҮздік режиссерДжонатан ДеммиҮздік актер Энтони ХопкинсҮздік актрисаДжоди ФостерҮздік бейімделген сценарийТед ТэллиҮздік операторлық жұмысТак ФудзимотоҮздік монтажКрейг МаккейҮздік фильм музыкасыГовард ШорҮздік дыбысСкип Ливсей, Кристофер Ньюман, Том ФлайшманАлтын глобусҮздік фильм (драма)Кеннет УттҮздік режиссерДжонатан ДеммиҮздік актер — драмаЭнтони ХопкинсҮздік актриса — драмаДжоди ФостерҮздік сценарийТед ТэллиҰлттық киносыншылар кеңесіҮздік фильмҮздік режиссерДжонатан ДеммиҮздік көмекші актер Энтони ХопкинсАҚШ режиссерлер гильдиясының сыйлығыҮздік режиссер (толықметражды фильм)Джонатан ДеммиАҚШ сценарийшілер гильдиясының сыйлығыҮздік бейімделген сценарийТед ТэллиСатурнҮздік қорқынышты фильмҮздік актер Энтони ХопкинсҮздік актрисаДжоди ФостерҮздік сценарийТед ТэллиҮздік гримКарл Фуллертон, Нил МартцҮздік музыкаГовард Шор

Маңыздылығы мен рейтингтер Америка кино институты (AFI) «Қозылар үнсіздігі» фильмін және оның кейіпкерлерін келесі рейтингтерге енгізді: 100 жыл… 100 фильм: № 65 (1998 тізімі) 100 жыл… 100 шытырман оқиғалы фильм (2001): № 5 100 жыл… 100 қаһарман мен зұлым (2003): Кларисса Старлинг — қаһармандар тізімінде № 6 орын Ганнибал Лектер — зұлымдар тізімінде № 1 орын 100 жыл… 100 дәйексөз (2005): «Бірде мені халық санағын жүргізуші тексермек болды. Мен оның бауырын фава бұршақтарымен және керемет Кьянтимен қосып жеп қойдым» () — № 21 орын 100 жыл… 100 фильм (10 жылдық мерейтойлық басылым) (2007): № 74 АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі (2011)

Сыртқы сілтемелер

Дереккөздер

Санат:Джонатан Демми фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:1991 жылғы АҚШ фильмдері Санат:АҚШ қорқынышты фильмдері Санат:АҚШ триллер фильмдері Санат:АҚШ криминалды фильмдері Санат:АҚШ романдарының экрандаулары Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Orion Pictures фильмдері Санат:АҚШ фильмдерінің ұлттық тізілімі