Хан ордасы — Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен шамамен 300 метр батысқа қарай орналасқан тарих және мәдениет ескерткіші. XVIII ғасырда Ескі Түркістан қаласында бір мезгілде екі хан ордасы (цитадель) қызмет атқарғаны тарихи деректерден белгілі. Бұл туралы И.В. Ерофеева, сондай-ақ Б.Т. Тұяқбаева мен А.Н. Проскуриннің ғылыми еңбектерінде кеңінен баяндалады.

Тарихи деректер Зерттеуші И.В. Ерофееваның еңбектерінде 1743–1745 жылдар аралығында Түркістан қаласы мен оған жақын аймақтарды Әбілмәмбет хан және Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт хан екіге бөліп басқарғаны көрсетіледі. Мұндай мәліметтер XVII ғасырдың соңында жасалған Д.Г. Мессершмидт картасында алғаш рет кездеседі. 1875 және 1954 жылдардағы қалалық карталарды, сондай-ақ кейінгі кезеңдердің жоспар-схемаларын салыстыру нәтижесінде Хан ордасының нақты орналасқан орны айқындалды.«Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығына қарасты тарихи-мәдени ескерткіштер»: жинақ / «Service Press» баспасы, 184 б. Алматы 2025 ж. 102 бет. - ISBN 978-601-7316-24-2

Археологиялық зерттеулер Археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған құрылыс қабаттарының алтыншысы XVII ғасырдың соңы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысына сәйкес келетіні белгілі болды. Бұл кезеңде аталған орданы Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, Сәмеке хан және Әбілмәмбет хан пайдаланғаны дәлелденді. 1743–1745 жылдары Сәмеке ханның үлкен ұлы Сейіт Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің шығыс бетінде екінші Хан ордасын қалыптастырған. Әбілмәмбет хан қайтыс болғаннан кейін (1771 ж.) алғашқы хан ордасын оның ұлы Болат хан 1798 жылға дейін мекендеген деген ғылыми тұжырым бар.

2011 жылғы қазба барысында аршылған 15 бөлменің қабырғалары саз кесектермен қайта қаланып, олардың сақталу деңгейіне қарай биіктігі 1,2–2 метрге дейін көтерілді. Сонымен қатар бөлмелердегі сыпалар, тандырлар, ташнаулар мен сандалдар қалпына келтірілді. Қабырғалары сабан аралас сыбақпен сыланып, хан резиденциясының бір бөлігі тарихи келбетіне жақындатылды. 2012–2022 жылдары Түркістан археологиялық экспедициясы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Археология институты бірлесіп, Хан ордасының солтүстік-шығыс бөлігіндегі Тәуке хан дәуіріне (1680–1715) жататын нысандарды аршып зерттеді. Қазқайтажаңғырту мекемесі анықталған құрылыстарды көтеріп, консервациялау жұмыстарын жүргізді. Осы кезеңде Әбілмәмбет хан мен Тәуке хан дәуіріне тиесілі құрылыстар Шығыс және Солтүстік көшелерге дейін толық аршылып, Орталық көше бағытындағы нысандар да тұмшаланды. Төрт жағынан көшемен және қорған қабырғаларымен қоршалған Хан орданың жалпы аумағы шамамен 1,32 гектарды құрайды. Орда аумағына Жеті ата көшесінің 110 метрі, Шығыс көшенің 82 метрі, Солтүстік көшенің 100 метрі, Батыс көшенің 120 метрі кіреді. Сонымен қатар орданы қақ жарып өтетін көшенің ұзындығы 110 метр. Жалпы есепте 522 метр көше желісі археологиялық тұрғыдан зерттелді. Хан ордасына қатысты құрылыстардың жалпы ауданы 928,972 шаршы метрді құрайды.

Хан ордасының қалыптасуы Хан ордасының негізі Есім хан тұсында (1598–1628) қаланған. Кейін бұл орданы Жәнібек хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Қайып хан, Болат хан, Сәмеке хан, Әбілмәмбет хан және Абылай хан өз резиденциясы ретінде пайдаланған. Осылайша, Түркістандағы Хан ордасы шамамен 150 жыл бойы Қазақ хандығы билеушілерінің саяси орталығы қызметін атқарған.

Дереккөздер

Санат:Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері