Майер Карл фон Ротшильд (; 5 тамыз 1820, Неаполь – 16 қазан 1886, Майндағы Франкфурт) — Ротшильдтер әулетінің өкілі, неміс банкирі және саясаткер, барон.

Өмірбаяны Майер Карл — Ротшильдтер әулетінің негізін қалаушы Майер Амшельдің бес ұлының төртіншісі болған Карл Майер Ротшильдтің төрт ұлының үлкені, анасы — Аделаида. Ол білімін Еуропадағы Ротшильдтер үйінің бірнеше бөлімшесінде алды, сондай-ақ Гёттинген және Берлин университеттерінде құқықтану саласын оқыды. 1843 жылдан бастап Франкфурттағы банктің бас бөлімшесінде қызмет атқарды, ал әкесі мен ағасының қайтыс болуынан кейін 1855 жылы інісі Вильгельм Карлмен бірге банкті басқарды.

1842 жылы Майер Карл Ротшильд Лондонда тұратын ағасы Натан Майер Ротшильдтің қызы Луиза Ротшильдке (1820–1894) үйленді. Ерлі-зайыптылардың жеті қызы болды: олардың үшеуі Ротшильдтер әулетінің мүшелеріне тұрмысқа шықты, ал екеуі христиан дініндегі ақсүйектерге күйеуге тиді.

Майер Карл Ротшильд Франкфурт сауда палатасының құрамына кірді және Франкфурт банкінің негізін қалаушылардың бірі болды, Парма мен Баварияның консулы, сондай-ақ Аустрия империясының бас консулы қызметтерін атқарды. 1866 жылы Ротшильд Франкфурттың Пруссияға қосылуына қатысты жеңілдетілген шарттар жөнінде Отто фон Бисмаркпен жүргізілген келіссөздерге қатысқан делегация құрамында болды. 1867—1871 жылдары Майер Карл фон Ротшильд Франкфурт қалалық жиналысының депутаты, сонымен қатар Солтүстік Герман одағының рейхстагының депутаты болды. 1871 жылы Ротшильд Пруссия лордтар палатасының құрамына енген алғашқы еврей атанды.

Ротшильд пен оның жұбайы коллекционерлікпен және қайырымдылықпен айналысты. Гюнтерсбург вилласындағы олардың ауқымды кітапханасы өсиет бойынша қалалық кітапхана қорына берілді. 1843 жылы Майер Карл фон Ротшильд кейіннен Ротшильдтер сарайы деген атаумен белгілі болған ғимаратты сатып алып, қайта салдырды. Қазіргі таңда бұл ғимаратта Франкфурт еврей музейі орналасқан.

Әдебиеттер Hilmar Hoffmann: Die großen Frankfurter: Ehrenwürdige Bürger und Ehrenbürger. Societäts-Verlag, Frankfurt am Main 2004, ISBN 3-7973-0928-7, S. 65-68. Katharina Medici-Mall: «Lass den Anfang mit dem Ende sich in Eins zusammenziehn!»; Zum Wettbewerbsprojekt für den Frankfurter Günthersburgpark; Ausführliche, auch historische Darstellung einschl. Plänen. In: Brigitt Sigel: Der Garten — ein Ort des Wandels: Perspektiven für die Denkmalpflege. Band 26 von Veröffentlichungen des Instituts für Denkmalpflege an der Eidgenössischen Technischen Hochschule Zürich. Verlag vdf Hochschulverlag, 2006.

Дереккөздер

Санат:Ротшильд әулеті Санат:Германия банкирлері