Натан Майер Ротшильд (; 16 қыркүйек 1777 – 28 шілде 1836) — еврей текті британдық банкир, Майер Амшель Ротшильдтің үшінші ұлы.

Өмірбаяны Ротшильдтер әулетінің ағылшын тармағының негізін қалаушы. 1798 жылы Манчестерге келді. Әкесі мен бауырларының капиталының көмегімен британдық тоқыма өнімдерімен сауда жасап, табысқа жетті. 1809 жылы француздар Ла-Манш бұғазын бөгегеннен кейін мата саудасы тиімсіз бола бастады. Осыдан кейін Натан Майер Лондонға көшіп, сол жерде N M Rothschild & Sons банкін құрды.

Натан Ротшильдтің ең табысты іскерлік қызметі 1814 жылы басталды, сол кезде Ұлыбритания үкіметі оның банкін Наполеонға қарсы жүргізілген әскери науқанды қаржыландыруға тартты. Ірі көлемдегі алтын қаражаттар бір жылдың ішінде 11 млн фунттан астам сомада Англиядан маршал Веллингтонға және одақтастарға бауырларының банктері арқылы жеткізіліп отырды. Ротшильдтер тұрақсыз Еуропада орасан зор қаржы ағындарын басқаруға барынша қолайлы болды, себебі олар клиенттерін ақшаны тасымалдау тәуекелінен және төлемдердің кешігуінен қорғады.

Ватерлоо шайқасы Наполеонның 1815 жылғы 18 маусымда Ватерлоодағы жеңілісі кезінде Ротшильдтің ұлдары орасан байлыққа ие болды деген әңгіме кең таралған хрестоматиялық оқиғаға айналды.

Шайқастың бастапқы кезеңінде басымдық Наполеон жағында болды, әрі бақылаушылар Лондонға оның жеңіп жатқанын хабарлаған. Алайда Веллингтон қолбасшылық еткен ағылшын әскерлеріне пруссиялық Блюхер корпусы көмекке жетіп, нәтижесінде одақтастар жеңіске жетті. Натан Ротшильдтің курьері Роворт шайқасты бақылап, Наполеонның ұрыс алаңынан Францияға қарай қашқанын көрген. Осыдан кейін Роворт Бельгиядағы Остенде портына асығып, дауылға қарамастан Ла-Манш арқылы өткізіп жіберуге бір балықшыны 2000 франкқа көндірген. Басқа бір нұсқа бойынша, ол көгершін поштасын пайдаланған.

Барлығы дерлік Веллингтон шайқаста жеңілді деп сенді. Осы сәтте Ротшильд биржадағы өз облигацияларын бірден сата бастады. Оның артынан өзгелер де жаппай сатуға көшті. Соның салдарынан бағалы қағаздардың бағасы дерлік нөлге дейін құлдырады. Дәл осы кезде Ротшильдтің агенттері акцияларды өте арзан бағамен жаппай сатып алды. 21 маусым күні кешкі сағат 11-де Веллингтонның адъютанты, майор Генри Перси үкіметке маршалдың рапортын жеткізді: «Наполеон жеңілді».

Осылайша, Натан Ротшильд бұл жаңалықтың арқасында 40 миллион фунт стерлинг табыс тапты. Басқалардан бұрын алынған нақты ақпарат Ротшильдтерге биржада тәуекелсіз ойын жүргізуге мүмкіндік берді.

Дәл сол кезде Натан Ротшильдке телінетін әйгілі афоризм айтылған деп есептеледі: «Ақпаратқа ие болған — әлемге ие болады».

Бұл әңгіме Ротшильдтер әулетінің Жорж Дарнавелл жазған өмірбаянына негізделген және кейіннен белгілі әулеттің баюы туралы көптеген материалдарда пайдаланылды. Сонымен қатар, бұл оқиғаның шынайылығын жоққа шығаратын дереккөздер де бар.

Отбасы 1806 жылғы 22 қазанда Натан Анна Коэнге (1783–1850) үйленді. Некеде олардың алты баласы дүниеге келді: Шарлотта (1807), кейінірек туысы Ансельм фон Ротшильдке тұрмысқа шыққан; Лайонель (1808); Энтони (1810); Натаниэль (1812); Анна (1815), ағылшын ақсүйегі сэр Генри Фицройға тұрмысқа шыққан; Луиза (1820), өзінің немере ағасы Майер Карл фон Ротшильдке тұрмысқа шыққан.

Ротшильдтер әулеті үшін ірі оқиғалардың қатарында 1847 жылы Натан Майердің ұлы, барон Лайонел Натан Ротшильдтің (1808–1879) Қауымдар палатасына сайлануы және 1885 жылы ағылшын Ротшильдтер әулетінің негізін қалаушының немересі Натаниэль Ротшильдтің (1840–1915) Лордтар палатасына сайлануы болды.

Әдебиеттер Frederic Morton. The Rothschilds; a Family Portrait. — Atheneum Publishers, 1962. — ISBN 1-56836-220-X (1998 reprint) Richard Davis. The English Rothschilds.: Collins, 1983. — ISBN 0-00-216212-1 Лотман Г. Ротшильды — короли банкиров. / пер. с англ. А. Н. Гордиенко.: Интердайджест, 1997. — 352 с. — ISBN 985-10-0004-3.

Дереккөздер

Санат:Ұлыбритания банкирлері Санат:Ротшильд әулеті