«Қарттарға мұнда орын жоқ»Unico Play қазақша дыбыстамасы () — режиссерлер Джоэл және Итан Коэндердің 2007 жылы жарық көрген нео-вестерн жанрындағы криминалдық триллері. Фильм америкалық жазушы Кормак Маккартидің аттас романына негізделген.

Фильм желісі 1980-ші жылдардағы Батыс Техаста өрбиді. Оқиға кездейсоқ есірткі мәмілесінің қанды ізіне тап болған ардагер Льюэллин Мосс (Джош Бролин) ақша толы чемоданды тауып алғаннан кейін басталады. Оның соңына ешқандай аяушылықты білмейтін, өзіндік қатал қағидалары бар жалдамалы қанішер Антон Чигур (Хавьер Бардем) түседі. Сонымен қатар, ескі заманның адамы, шериф Эд Том Белл (Томми Ли Джонс) болып жатқан қатыгездікті тоқтатуға тырысады, бірақ ол өзгерген әлемнің зұлымдығына қарсы тұрудың қиындығын сезінеді.

«Қарттарға мұнда орын жоқ» фильмін түсірумен және қаржыландырумен американдық Miramax Films және Paramount Vantage студиялары айналысты. Түсірілім жұмыстары негізінен Техас және Нью-Мексико штаттарында өтті.

Фильмнің әлемдік премьерасы 2007 жылы 19 мамырда Канн кинофестивалінде өтті. Туынды киносыншылардың ерекше жоғары бағасына ие болды. Фильм бүкіл әлем бойынша 171 миллион доллардан астам қаражат жинап, бюджетін жеті есеге жуық ақтады. «Қарттарға мұнда орын жоқ» 21-ші ғасырдың ең үздік фильмдерінің бірі ретінде мойындалып, «Оскар» сыйлығының сегіз номинациясына ұсынылып, төрт басты мүсіншені («Үздік фильм», «Үздік режиссура», «Үздік бейімделген сценарий» және Хавьер Бардем үшін «Үздік көмекші актер») жеңіп алды.

2024 жылы бұл туынды «мәдени, тарихи немесе эстетикалық тұрғыдан маңызды» деп танылып, Конгресс кітапханасының АҚШ фильмдерінің ұлттық тізіліміне сақтау үшін таңдалды.National Film Registry Adds 25 Titles for 2024 - Deadline

Фильм өзінің терең философиялық астарымен, минималистік саундтрегімен (фильмде музыка дерлік қолданылмайды) және Хавьер Бардемнің сомдауындағы кино тарихындағы ең қорқынышты кейіпкерлердің бірі — Антон Чигур арқылы ерекшеленеді. Туынды заманның өзгеруі, зұлымдықтың табиғаты және тағдырдың жазмышы сияқты күрделі тақырыптарды қозғайды.

Сюжеті 1980 жылдың маусымы. Батыс Техастың иен даласында аяусыз қанішер Антон Чигур қолға түсіп, жергілікті шерифтің көмекшісін буындырып өлтіреді де, қашып шығады. Ол жолда кездескен көлікті тартып алып, жүргізушісін пневматикалық тапаншамен (мал союға арналған құралмен) өлтіріп, сапарын жалғастырады.

Сол уақытта Вьетнам соғысының ардагері Льюэллин Мосс тауда бөкен аулап жүріп, шөл далада атыс болып өткен жердің үстінен түседі. Ол жерден есірткі таситын бірнеше мәйітті, жаралы мексикалықты және есірткі тиелген жүк көлігін табады. Оқиға орнынан сәл алыс жерден Мосс тағы бір мәйітті және ішінде 2 миллион доллар ақшасы бар чемоданды тауып алады. Ол ақшаны үйіне алып кетеді. Алайда түнде су сұрап жатқан жаралы мексикалыққа су беру үшін оқиға орнына қайта оралғанда, оны қылмыскерлер байқап қалып, соңына түседі. Мосс қашып құтылғанымен, көлігін тастап кетуге мәжбүр болады.

Соңына Антон Чигур мен мексикалық бандиттер түскенін түсінген Мосс әйелі Карла Джинді анасының үйіне жіберіп, өзі ақшамен бірге қашады. Ақша салынған чемоданның ішіне жасырылған радиотаратқыштың көмегімен Чигур Мосстың ізіне түседі. Олардың арасындағы қақтығыстар қонақүйлер мен көшелердегі қанды атыстарға ұласады.

Осы оқиғалардың ортасында зейнетке шығуға жақындаған қарт шериф Эд Том Белл жүреді. Ол заманның өзгергенін, қылмыскерлердің бұрынғыдан бетер қатыгез болып бара жатқанын сезеді. Белл Моссты аман алып қалуға тырысады, бірақ үнемі оқиға орнына кешігіп келеді.

Мосс Эль-Пасо қаласындағы қонақүйде мексикалықтардың қолынан қаза табады. Чигур болса ақшаны алып, ізін суытады. Фильмнің соңында Антон Чигур Мосстың жесірі Карла Джиннің алдынан шығады. Ол әйелдің тағдырын шешу үшін тиын лақтырады, бірақ Карла Джин «бұл таңдауды тиын емес, сенің өзің жасап тұрсың» деп бас тартады. Чигур үйден шыққанда аяқ киімін тексереді (бұл оның әйелді өлтіргенін меңзейді).

Соңғы көріністе зейнетке шыққан шериф Белл әйеліне өзі көрген екі түсін айтып береді. Екі түсі де баяғыда қайтыс болған әкесі туралы. Бұл түстер мен шерифтің ойлары фильмнің басты тақырыбы — ескі заман адамының жаңа әлемдегі қатыгездік пен зұлымдық алдындағы дәрменсіздігін ашады.

Рольдерде

Томми Ли Джонс — Эд Том Белл Хавьер Бардем — Антон Чигур Джош Бролин — Льюэллин Мосс Вуди Харрельсон — Карсон Уэллс Келли Макдональд — Карла Джин Мосс Гаррет Диллахант — Уэнделл Тесс Харпер — Лоретта Белл Барри Корбин — Эллис Стивен Рут — Уэллсті жалдаған адам Роджер Бойс — Эль-Пасо шерифі Бет Грант — Карла Джиннің анасы Ана Ридер — бассейн жанындағы әйел Мэтт Гейстлер — бассейн жанындағы ер адам Джош Блэйлок пен Калеб Джонс — велосипед мінген балалар Джин Джонс — жанармай бекетінің иесі Кэти Ламкин — Desert Aire менеджері

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер

Санат:Ағайынды Коэн фильмдері Санат:Ағылшын тіліндегі фильмдер Санат:2007 жылғы АҚШ фильмдері Санат:АҚШ триллер фильмдері Санат:АҚШ вестерн фильмдері Санат:АҚШ криминалды фильмдері Санат:АҚШ романдарының экрандаулары Санат:Үздік фильм үшін Оскар сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:BAFTA сыйлығының иегерлері (фильмдер) Санат:Miramax Films фильмдері Санат:Paramount Vantage фильмдері