«№37» — режиссер Жандос Айбасовтың 2025 жылы шыққан қазақстандық көркем фильмі. Туынды «ŞAM» тәуелсіз театрының көпшілік ықыласына бөленген аттас спектаклінің экранизациясы. Фильмнің Қазақстандағы премьерасы 2025 жылдың 20 қарашасында өтті.
Фильм қазақстандық кинематография тарихында театр спектаклі негізінде түсірілген алғашқы толықметражды экранизация. Фильм режиссер Жандос Айбасовтың толық метрдегі тұңғыш жұмысы болды.
Тарихы Фильм әзірбайжан драматургы Исмаил Иманның «Астара бақтары» (орыс. Сады Астары) пьесасының желісі бойынша түсірілген.
Фильмнің негізі болған спектакль алғаш рет 2022 жылы «ŞAM» театрында сахналанған және бұл қойылым аталмыш театрдың алғашқы жобасы болған. Түпнұсқа спектакль үш жыл ішінде Қазақстан бойынша 100 мыңнан астам көрермен жинаған.
Туындының басты ерекшелігі — сахналық нұсқадағы актерлік құрамның толықтай экранға ауысуы. Басты рөлдерді сомдаған Еркебұлан Дайыров пен Асан Мәжит — спектакль режиссері әрі киножоба идеясының авторы Фархад Молдағалимен бірге «ŞAM» театрының негізін қалаушылар. Кинонұсқаның қоюшы-режиссері — Жандос Айбасов.
Режиссердің айтуынша, кино форматы кейіпкерлердің театрда көрсету мүмкін болмаған «айтылмаған» сезімдерін ірі пландар арқылы ашуға мүмкіндік берген.
Қазақ кинематографиясында тұңғыш рет фильмнің бір сахнасы үшін метродағы жасанды жарылыс ұйымдастырылды. Бұл ауқымды әрі техникалық жағынан күрделі көріністі түсіру мақсатында ретро-эстетика үлгісіндегі тұтас метро станциясы арнайы тұрғызылды.
Бір баспалдақ аралығындағы адам нөпірі мен кептеліс сахнасын түсіруге 150 кәсіби актер жұмылдырылды. Бұл күрделі көріністерді қоюға «Nomad Stunts» тобының каскадерлері атсалысты..
Премьера Фильм премьерасы 2025 жылғы 20 қараша күні өтті.
Фильмнің жарнамалық науқаны аясында Алматы метрополитені мен ірі сауда орталықтарында кейіпкерлер стилінде киінген бір топ адамдардың қатысуымен арнайы қойылымдар өткізілді және әндер айтылды. Әлеуметтік желілерде кеңінен тараған бұл креативті флешмоб әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті.
Мазмұны Метрода орын алған жойқын теракт кезінде қаза тапқандар тізімінде сәулетші Расул Жақыпов (Еркебұлан Дайыров) №37 реттік санымен тіркелген болатын. Алайда, арада 15 жыл өткенде ол күтпеген жерден туған үйінің табалдырығын аттайды.
Оның оралуы туыстарына қуаныш сыйлағанымен, сонымен бірге үлкен соққы болады. Үйіне оралуға бел буған сәтте ол отбасындағы жағдайдың түбегейлі өзгергеніне куә болады: анасы әбден әлсіреп қалған, әкесі қартайған. Әйелі Расулдың туған інісі Әнуарға тұрмысқа шыққан. Ал өзі кезінде көріп те үлгермеген ұлына Расул депқ есім берілген және Әнуар інісінің баласы ретінде тәрбиеленіп жатқан еді.
Барлығын «Осы жылдар бойы ол қайда болды және неліктен дәл қазір келді?» деген сұрақ мазалайды. Отбасы мүшелері — әкесі (Сағызбай Қарабалин), анасы (Тынышкүл Сұлтанбердиева), інісі Әнуар (Асан Мәжит) және бұрынғы жұбайы Зейнеп (Зарина Кармен) бұл жағдайды әрқайсысы әрқалай қабылдайды. Мәселен, қарт әкесі болып жатқан жайтқа қарамастан, үйреншікті әдетімен құрбандарды еске алу жиынына аттанады.
Расулдың өзі де болған жайтты толық түсіндіріп бере алмайтын күйде болады. Оқиғаның шиеленісуіне теракт төңірегінде өршіген түрлі қастандық теориялары да әсер етеді. Солардың біріне сәйкес, жарылыстан кейін оқиға орнында арнайы жендеттер (ликвидаторлар) жұмыс істеп, тірі қалған куәгерлердің көзін жойған деген болжам айтылады.
Оқиға одан әрі кейіпкерлердің ішкі сезімдері, ауыр жеке жауапкершілік және отбасы ішіндегі шиеленіскен күрделі қарым-қатынастар аясында өрбиді.
Сценарий классикалық театр драматургиясының негізгі қағидасы — уақыт пен кеңістік бірлігін қатаң сақтаған. Расулдың естеліктері мен үй сыртындағы жалғыз сахнаны есептемегенде, оқиға желісі Жақыповтар әулетінің шаңырағында бір локацияда бір тәулік ішінде өрбиді.
Кинотуындыны жасаушылар сахналық нұсқаның актерлік табиғаты мен атмосферасын сақтай отырып, оқиғаны кинематографиялық құралдармен (динамикалық монтаж, қала кеңістігінің фактурасы, жарық) кеңейткен.
Шығармашылық топ Фильмдегі басты рөлдерді спектакльдің түпнұсқа құрамында ойнаған актерлер сомдады. Бұл көрерменге отбасылық қарым-қатынастың шынайылығын жеткізу мақсатында жасалған шешім болды.
Актерлік құрам Еркебұлан Мұратұлы Дайыров - Расул Асан Мәжит - Әнуар Зарина Кармен - Зейнеп Сағызбай Қарабалин - Расулдың әкесі Тынышкүл Сұлтанбердиева - Расулдың анасы Лиза Серікова
Түсіруші құрам Режиссер: Жандос Айбасов Сценарий авторы: Ефрат Шарипов Продюсер: Алмат Құрақ Оператор: Нұрсұлтан Базарбай Композитор: Шырын Базарқұлова Суретші: Әлия Қосаева
Пікірлер Кинотанушылардың пікірінше, фильмдегі метродағы жарылыстан кейінгі дүрбелең мен адамдардың қашу сәті көрсетілген ауқымды сахналар режиссерлік шеберлікпен қойылған. Қоюшы-оператор Нұрсұлтан Базарбайдың экспрессионистік стилде түсірген тоннельдегі кадрлары ерекше атмосфера қалыптастырып, олардың бірі фильмнің негізгі постеріне айналған. Бұл флешбек-эпизодтар қазақ кинематографиясында «Qaitadan» картинасынан кейін қайта жандана бастаған «фильм-апат» (фильм-катастрофа) жанрының элементтерін айқын көрсетеді.
37 номері басты кейіпкерді қаза тапқан адамдар тізіміндегі реттік номері болғанымен қазақ тарихы санасында 1937 жылғы саяси репрессия кезінде із-түссіз кеткен адамдардың тағдырына да сілтейді.
Дереккөздер
37 37 37