Әділет Назарбайұлы Барменқұлов (20 қараша 1971, Қапал ауданы, Талдықорған облысы, Қазақcтан) — қазақстандық спорт менеджері, халық шаруашылық ұйымдастырушысы. 2021–2024 жылдары Қазақстан футбол федерациясының президенті болған.

Өмірбаяны Әділет Барменқұлов 1971 жылы 20 қарашада Талдықорған облысының Қапал ауданында дүниеге келген.

1993 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қолданбалы математика факультетін тәмамдады. Кейін Мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығы Ресей академиясында «Мемлекеттік және муниципалдық басқару» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. Сондай-ақ ҚазҰТУ мен ХБА-да білім алған.

Еңбек жолы 1993–1995 — Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЭЕМ бағдарламалық қамтамасыз ету кафедрасының ассистенті.

1995–2000 — Tamos Education және физика-математика мектебінің директоры.

2001–2005 — «Таймас» компаниялар тобының президенті.

2006–2012 — ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігі жанындағы транспорттық бақылау комитетінің төрағасы.

2014–2016 — «Kazakhmys Smelting» компаниясының бас директоры.

2016–2020 — «Kazakhmys Holding» корпорациясында коммерциялық директор.

2021 жылдан бастап — «Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасының орынбасары.

«Шахтер» директорлар кеңесінің төрағасы.

Қазақстан футбол федерациясындағы қызметі 28 ақпан 2021 — Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды. Қазақстан футбол федерациясының кезекті ХХІ сайлау конференциясында федерация президенті лауазымына бес үміткер таласты. Жалпы дауыс берген 26 өкілдің 14-і өз дауысын Әділет Барменқұловқа берді. Әділет Барменқұлов – 14 дауыс, Берік Қаниев – 11 дауыс, Давид Лория – 1 дауыс, Қайрат Оразбеков – 0 дауыс , Ерлан Жарылқасынов – 0 дауыс.

2022 жылы ақпан айында — ресми түрде федерацияның жаңа президенті ретінде қызметке кірісті, Әділбек Жақсыбековті алмастырды.

Оның тұсында футбол инфрақұрылымын жаңарту, бұқаралық және балалар футболын дамыту бағытында бірқатар жобалар іске асты.

2022 жылы Қазақстан құрамасы алғаш рет УЕФА Ұлттар лигасының «С» дивизионын жеңіп алды.

2023 жылы ұлттық құрама ЕУРО-2024 іріктеу кезеңінде рекордтық 18 ұпай жинады және финалдық кезеңге шығуға жақын болды.

2023 жылы «ALAN» жобасы арқылы ел бойынша 13 жаңа футбол алаңы пайдалануға берілді.

2024 жылы мамырда ҚФФ мен Kaspi.kz компаниясы әлемдік деңгейдегі футбол академиясын ашу туралы меморандумға қол қойды.

11 маусым 2024 — Atlético de Madrid клубымен балалар және жасөспірімдер футболын дамыту туралы меморандум жасалды.

19 қараша 2024 — ҚФФ-ның кезектен тыс жиналысында өз еркімен президенттік қызметінен кетті.

Қызметінің негізгі бағыттары Бұқаралық және әйелдер футболын дамыту. Балалар мен жасөспірімдерге арналған футбол академияларын құру (Kaspi.kz және FIFA бірлескен жоба). УЕФА мен ФИФА-мен ынтымақтастық орнату. ФИФА-мен бірге 15 жасқа дейінгі Қазақстан футбол құрамасының академиясы ашылды AlmaU университетімен бірлесіп футбол менеджменті академиясын ашу. Қазақстанда стадиондар мен оқу-жаттығу орталықтарын жаңарту. Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ФИФА мен УЕФА рейтингтеріндегі орны жақсарды. Ұлттық құрама УЕФА рейтингінде екінші орынға көтеріліп, әлемдік рейтингте үздік бес құраманың қатарына енді.

Ұлттық құрама бапкерлері Магомед Адиев Станислав Черчесов

Марапаттары «Астананың 10 жылдығы» мерейтой медалі (2008). «Құрмет» ордені (2018). «Қазақстанның үздік спорт менеджері» атағы (2023).

Сын Әділет Барменқұловтың 2021–2024 жылдары Қазақстан футбол федерациясын басқарған кезеңі бір мезгілде реформалар мен дауларға толы болды.

Бұл жылдары федерацияда 3 млрд теңгеге жуық қаржылық заңбұзушылықтар анықталып, 350 млн теңге бөлінген Талғардағы спорт базасы аяқталмай қалды. Сондай-ақ кейбір қызметкерлерге негізсіз сыйақылар төленіп, «стратегиялық құжаттар» үшін 135 млн теңге мақсатсыз жұмсалған.

2024 жылы УЕФА Қазақстан чемпионатындағы мүмкін келісілген (сатылған) матчтар туралы шағымды қарады — төрешілер жұмысына ықпал ету және Барменқұловтың Қарағандының «Шахтерімен» байланысы сынға ілікті.

ҚФФ Қарағандының «Шахтер» футбол клубының жаттықтырушыларын оқыту бойынша 9 млн теңгеден астам сомаға тендер ұтып алғаны белгілі болды. Ал осыған дейін Барменқұлов аталған клубтың директорлар кеңесінің төрағасы болған. БАҚ бұл жағдайға байланысты мүдделер қақтығысы туындағанын атап өтті: федерация аймақтық клубтардың тендерлеріне қатысып қана қоймай, олардың жеңімпазы атанған.

Ұлттық құраманың осал ойындары да сынға ілікті. Еуро-2024 іріктеуінде Грекиядан 0:5 есебімен жеңіліп, Ұлттар лигасында соңғы орын алды. Басқару шешімдері де сынға ұшырады, атап айтқанда легионерлер лимиті алынып тасталды, қаржының ашық еместігі мен аймақтық федерациялардың шеттетілуі наразылық туғызды.

Бұдан бөлек, ҚФФ-тың букмекерлік компаниялардың мүдделерін лобби жасағаны жөнінде күдіктер айтылды.

2024 жылғы қарашада Барменқұлов отставкаға кетіп, көп ұзамай Қаржылық мониторинг агенттігі тергеу бастады. Оның командасы түгелге жуық федерациядан кетті. Нәтижесінде, ҚФФ беделі төмендеп, FIFA мен UEFA қаржылық есептілік туралы түсініктеме сұрап, бірнеше демеушілер келісімін тоқтатты.

Сонымен бірге, 2022 жылы интернетте Барменқұловтың аты тонау ісі бойынша қылмыстық тергеуге қатысты деген ақпарат тараған. Сол кезде ол «Қазақмыс» корпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары және «Kazakhmys Smelting» компаниясының бас директоры қызметін атқарған. Журналистердің сауалына жауап берген Бас прокуратура қылмыстық өткенін жоққа шығармаған, бірақ істің мән-жайын жеке деректерді қорғау туралы заңға сілтеме жасап ашпаған.

7 маусымда ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов тағайындалғаннан кейін ҚФФ атқарушы комитетінің сегіз мүшесі қызметтен кеткені белгілі болды. Бұл жағдай да Барменқұловтың жеке тұлғасына байланысты делінуде.

Дереккөздер