Грета Тинтин Элеонора Эрнман Тунберг ( ; 3 қаңтар 2003 туған, Стокгольм, Швеция) — Швед экологиялық белсендісі, климаттың өзгеруі салдарынан адамзат үшін сөзсіз туындайтын өмірлік дағдарыс туралы пікірді насихаттау арқылы халықаралық танымалдылық пен мойындауға ие болды. Ол тік сөйлейтін манерасымен және өзінің пікірінше, экологиялық мәселелерді шешу үшін жеткілікті әрекет жасамай отырған саясаткерлерді қатты сынға алуымен танымал.

2018 жылдың тамызында, 15 жаста болған кезде, Тунберг «Климат үшін мектептік ереуіл» деген жазуы бар плакатпен Швеция парламенті жанында наразылық акциясын бастады. Экологиялық мәселелермен күрес бойынша шұғыл әрекеттерге шақырды. Оның бұл әрекеті бүкіл әлемде қолдау тапты және «Болашақ үшін жұмалар» деп аталатын жаппай қозғалысқа ұласты. Сол жылы Тунберг БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясында сөз сөйледі. 2019 жылы әртүрлі қалаларда миллионнан астам адам қатысқан наразылық шаралары өтті. Сол жылы БҰҰ-ның климат саммитінде айтқан «Сіздердің бұған қалай дәттеріңіз барды?!» деген сөзі бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте кеңінен таралды.

Швед белсендісінің тез танымал болып, жаһандық деңгейде ықпалының артуын The Guardian газеті «Грета әсері» деп атады. Өз қызметі үшін Тунберг көптеген марапаттар мен құрметке ие болды. 2019 жылы Time журналы оны әлемдегі ең ықпалды 100 адамның қатарына қосып, сол жылы «Жыл адамы» деп таныды. Сонымен қатар, ол Forbes журналының нұсқасы бойынша әлемдегі ең ықпалды 100 әйелдің қатарына енді және 2019 және 2020 жылдары екі рет бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығы ұсынылды.

Жастық шағы Грета Тунберг 2003 жылы 3 қаңтарда Стокгольм қаласында опера әншісі Малена Эрнман мен актер Сванте Тунбергтің отбасында дүниеге келген. Оның әкесі жағынан атасы Олаф Тунберг актер әрі режиссер болған. Гретаның айтуынша, алғаш рет климаттың өзгеруі туралы 8 жасында естіген, бірақ неге ешкім бұл мәселемен айналыспайтынын түсіне алмаған. 11 жасында Тунберг депрессияға түсіп, тамақ ішуден және сөйлесуден бас тартқан. Дәрігерлер оған Аспергер синдромы (аутизм спектрінің жеңіл түрі), обсессивті-компульсивті бұзылыс және селективті мутизм диагноздарын қойған. Грета Аспергер синдромын өзінің «қабілеті» деп санайды, өйткені әлемді басқалардан өзгеше, «өте қарапайым әрі анық түспен» көреді. Оның ата-анасы бұл синдром Гретаның принципшілдігі мен қатаң ұстанымдарына әсер етті деп есептейді. Гретаның әкесі оның мектепке бармай жүргенін құптамағанымен, қызының пікіріне құрметпен қарап, оның бақытты болуын қалайтынын айтқан. Екі жыл бойы Грета ата-анасын өз өмір салттарын өзгертуге, табиғатқа зиянын азайту үшін көміртек ізі мен қоршаған ортаға кері әсерлерін азайтуға үгіттеген. Нәтижесінде отбасы вегандық өмір салтын ұстанып, әуе көлігін пайдаланудан бас тартқан. Гретаның айтуынша, экологияға келтірілетін зиян туралы мәліметтер ата-анасына әсер етпеген соң, оларға: «Сендер менің болашағымды ұрлап жатырсыңдар», — деп айтқан. Ұшудан бас тарту анасының опералық мансабын тоқтатуына себеп болды. Гретаның отбасы арасындағы қарым-қатынас туралы «Жүректен шыққан көріністер» («Scener ur hjärtat») атты кітапта кеңінен баяндалған. Бұл кітап 2018 жылы жарық көрген.

Экологиялық белсенділік

Швеция парламентінің жанында ереуіл нобай|256x256 нүкте|Грета Тунберг Швеция парламентінің алдында, 2018 жыл тамыз 2018 жылдың мамыр айында Грета Тунберг шведтік Svenska Dagbladet газеті ұйымдастырған климат тақырыбындағы мақала байқауында жеңімпаздардың бірі атанды. Газет оның мақаласын жариялағаннан кейін, онымен экологиялық бағыттағы Fossilfritt Dalsland ұйымының белсендісі Бу Торен байланысқа шықты. Тунберг олардың бірнеше кездесуіне қатысты. Сол кездесулердің бірінде Торен мектеп оқушылары климаттың өзгеруіне қарсы ереуіл ұйымдастыра алатыны туралы ой айтты. Кейінірек Тунбергтің айтуынша, бұл идея Флорида штатындағы мектептегі атыстардан кейін қорыққан америкалық оқушылардың ереуілдерінен шабыт алған. Басқа жастарды да бұл бастамаға қосылуға шақырып көрді, алайда «ешкім қызығушылық танытпаған», сондықтан жалғыз өзі ереуіл жасауға шешім қабылдаған. 2018 жылдың 20 тамызында Тунберг тоғызыншы сыныпқа өткен кезі болатын. Швецияда 9 қыркүйекте өтетін парламент сайлауына дейін мектепке бармауға шешім қабылдады. Бұл оның орман өрттері мен соңғы 262 жылдағы ең ыстық жаздан кейінгі наразылығы еді. Үш апта бойы сабақ кезінде Швеция парламенті ғимаратының алдында отырып, қолында «Skolstrejk för klimatet» («Климат үшін мектептік ереуіл») деген жазуы бар плакат ұстады. Гретаның талабы – Швеция үкіметінің климат мәселесіне нақты жауап беруі болатын. Кейін мұғалімдерінің оның пікірін қолдағанын, бірақ кәсіби тұрғыдан мұндай әрекетті құптамағанын айтқан.

Еуропадағы әлеуметтік медианың белсенділігі мен спектакльдері Грета Тунберг ереуілінің алғашқы күніндегі суретін Instagram мен Twitter желілеріне жариялады. Бұл жазбалар интернетте жылдам таралып кетті. Кейіннен оған басқа да белсенділер қосыла бастады. Ереуілдің алғашқы аптасында Швецияның алты ірі газеті Грета туралы жазды, швед және дат теледидарларына сұхбат берді, сондай-ақ екі швед саясаткерімен кездесті. Гретаның әлеуметтік желідегі парақшалары журналистердің назарын аударды, және бір аптадан сәл астам уақыт ішінде оның ереуілі халықаралық деңгейде танымал бола бастады. Грета Тунберг туралы ақпараттың таралуына айтарлықтай ықпал еткен алғашқы адамдардың бірі — швед PR-маманы Ингмар Рентцхог болды. Жақында ғана экобелсенділерге арналған We Don’t Have Time атты онлайн-платформасын құрған еді. Осы платформаның атын пайдалана отырып, 1 миллион доллардан астам қаражат жинаған. Алайда, Тунберг бұл ақшадан ештеңе алмаған, ал оның отбасы кейін Рентцхогтың Гретаның атын олармен келіспестен қолданғанын мәлімдеді. Svenska Dagbladet газетіне берген сұхбатында Сванте Тунберг (Гретаның әкесі) Рентцхогтың өз әрекеттері туралы алдын ала ескертпегеніне өкініш білдіріп, отбасын коммерциялық мақсатта пайдаланғанына ренішін жеткізді.

нобай|Берлиндегі наразылық, 2018 жыл желтоқсан

Кейіннен бұл экологиялық ереуілдер жеке наразылықтан бүкіл Еуропа бойынша жаппай демонстрацияларға ұласты. Бұған Гретаның өзі де себепкер болды — ол бұқара алдында батыл және әсерлі сөз сөйлеулерімен танылды. 2018 жылдың желтоқсан айындағы сайлаудан кейін Тунберг жұма сайын ереуілге шығуын жалғастырды. Ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды студенттік ереуілдерге қатысуға шабыттандырды. Нәтижесінде 270-тен астам қалада 20 мыңнан астам студент ереуіл өткізді.

2018 жылы БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған конференциясының пленарлық отырысында сөйлеген Грета Тунбергтің сөзі кең таралды. Өз сөзінде қатысушы әлем көшбасшыларын «шынайы шындықты айтуға жеткілікті ересек емес» деп сынға алды. 2019 жылдың алғашқы жартысында Грета Еуропа бойынша әртүрлі студенттік наразылықтарға қатысып, түрлі форумдарға шақырылды. 2019 жылдың қаңтарында Бүкіләлемдік экономикалық форумда сөз сөйледі. 21 ақпанда Тунберг Еуропалық әлеуметтік-экономикалық комитеттің конференциясында баяндама жасады. Наурыз айында Берлинге барып, мыңдаған адамның алдында Бранденбург қақпасының алдында сөз сөйледі. 30 наурызда Грета Германияның «Алтын камера» арнайы сыйлығына ие болды. Марапаттау салтанатында сөйлеген алғысөзінде ол танымал адамдарды климат дағдарысына қарсы күресте өз ықпалдарын пайдалануға шақырды. Бұдан бөлек, Грета әр жұма сайын Швеция парламенті алдында тұрақты түрде наразылық акцияларын өткізуді жалғастырды. Мектепке жиі қатыспағанына қарамастан, орта мектепті жақсы бағалармен аяқтады. 2019 жылдың сәуірінде Страсбургте Еуропарламент өкілдерімен кездесуде қатысушыларды «Брекcитке байланысты үш шұғыл саммит өткізіп, климат пен қоршаған ортаның жойылуына бірде-бір шұғыл саммит өткізбегені үшін» қатты сынға алды. Оның сөзі аяқталғаннан кейін зал ұзақ уақыт қол шапалақтады. Сол айда Грета Ватиканда жалпы қабылдауда Рим папасы Францискпен кездесті. Грета экологияны қолдағаны үшін оған алғыс айтты. Франциск оған: «Құдай сені сақтасын. Істеп жатқан ісіңді жалғастыра бер. Алға бас!» – деп жауап берді. 2019 жылдың мамырында Тунберг Арнольд Шварценеггер ұйымдастырған, 2015 жылғы Париж келісімін жүзеге асыруды жеделдетуге арналған конференцияда Аустрия президенті Александр Ван дер Белленмен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутеррешпен және Шварценеггердің өзімен кездесті. 2019 жылдың шілдесінде Гретаның Америкаға сапар шегіп, түрлі іс-шараларға қатысатыны белгілі болды.

Америкаға саяхат 2019 жылдың тамыз айында Грета Тунберг Англияның Плимут қаласынан АҚШ-тың Нью-Йорк қаласына Атлант мұхиты арқылы желкенді яхтамен жолға шықты. Яхта күн панельдерімен және генераторлармен жабдықталған болатын. Алайда кейінірек экипаж мүшелерінің қайтар жолда ұшақпен ұшатыны белгілі болып, бұл қоғамның наразылығын тудырды. Қыркүйек айында Грета АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасындағы климат дағдарысы жөніндегі арнайы комитетте сөз сөйледі. Алдын ала дайындалған сөзінің орнына жаһандық жылынуға қатысты сарапшылардың арнайы есебін ұсынды. 23 қыркүйекте Тунберг Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған саммитіне қатысты. Сол күні ЮНИСЕФ ұйымдастырған баспасөз конференциясында Грета басқа балалармен бірге климат дағдарысын шеше алмай жатқан елдерге қарсы ресми шағым түсіретінін мәлімдеді. Олар бұл жағдай балалар құқығын бұзады деп есептейтінін айтты.

нобай|Грета Тунберг Монреальдағы наразылық шарасында сөйледі, 2019 жыл қыркүйек

Канадада Грета Тунберг Монреаль, Эдмонтон және Ванкувер қалаларында өткен наразылық акцияларына қатысты. 2019 жылдың қыркүйегінде климаттық дағдарысқа қарсы өткен ереуілдерге бүкіл әлем бойынша төрт миллионнан астам адам қатысты. Монреальдағы наразылық шарасына жүздеген мың адам жиналды — бұл қала тарихындағы ең ауқымды шерулердің бірі болды. Бұл шараға Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да қатысып, Гретамен жеке сөйлесті. АҚШ-та да Грета бірнеше наразылық шарасына қатысты. Сол жылы желтоқсанға дейін Америка құрлығында қалып, БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған конференциясына қатысуды жоспарлаған еді. Алғашында конференция Чилидің Сантьяго қаласында өтуі тиіс болған, алайда елдегі наразылықтар салдарынан ол Испанияның астанасы Мадридке ауыстырылды. Қараша айының ортасында Грета Еуропаға қайту үшін қайықпен сапарға шықты.

Еуропадағы одан әрі белсенділігі Желтоқсан айының басында Грета Тунберг Еуропа құрлығына оралып, Мадрид қаласына жол тартты. Мұнда БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған конференциясына қатысты. Конференция барысында Грета нақты әрекеттерге көшуге шақырды. Оның айтуынша, өткен жылы бүкіл әлемді қамтыған ереуілдер толқыны ешқандай нәтижеге қол жеткізе алмады, өйткені парниктік газдардың шығарылуы әлі де өсіп жатыр.

2019 жылдың желтоқсан айының соңында Грета Тунберг BBC Radio арнасының бағдарламасына шақырылып, әлемдегі қазіргі жағдай туралы пікір білдірді. 2020 жылдың 11 қаңтарында Германияның Siemens компаниясын Аустралиядағы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп жатқан Кармайкл көмір шахтасына жабдық жеткізуді тоқтатуға шақырды. Алайда Siemens бұл жеткізілімдерді жалғастыратынын мәлімдеді. 21 қаңтарда Тунберг Швейцарияның Давос қаласында өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда тағы да сөз сөйледі. 4 наурызда Еуропарламенттің қоршаған орта мәселелері жөніндегі комитетінің кезектен тыс отырысына қатысты. 2020 жылы COVID-19 пандемиясының салдарынан дәстүрлі наразылық акцияларын өткізу қиындады. Осыған байланысты, наурыз айынан бастап ереуілдер интернетте өткізілетін болды. 20 тамызда, өзінің алғашқы мектептік ереуілінің екі жылдығына орай, Тунберг Германия канцлері Ангела Меркельмен басқа белсенділермен бірге кездесті. 2020 жылдың желтоқсан айының басында Жаңа Зеландия үкіметі климаттың өзгеруіне байланысты төтенше жағдай жариялады. Алайда Грета бұл шешімді сынға алды — оның пікірінше, бұл тек символикалық қадам болып табылады және нақты әрі батыл әрекеттермен бекітілмеген. Жауап ретінде Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардерн елдің климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге шын ниетті екенін айтты.