Нұрлан Сраилұлы Омаров (16 мамыр 1957, Шар, Семей облысы, Қазақ КСР) — қазақстандық саяси және шаруашылық қайраткері.
Өмірбаяны Семей облысы Шар қаласында туған. Әкесі — Омаров Сраил Бітімғазыұлы (1925 ж.т.) — Ұлы Отан соғысына қатысушы. Білімі 1979 жылы В. И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген.
1992 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтын саясаттану мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолы 1979 жылы Қазақ политехникалық институтын бітіргеннен кейін «Алтайалтын» тау-кен байыту комбинатының Бөке кенішінде (Семей облысы, Жарма ауданы) кен шебері, осы шахтада инженер-технолог, аға инженер-технолог қызметтерін атқарды.
1981 жылдан бастап — комсомол жұмысында еңбек етті. Қазақстан ЛКЖО Семей облыстық комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан ЛКЖО Жаңасемей аудандық комитеттің бірінші хатшысы болды. 1985-1990 жылдары Семей облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1990 жылы Қазақстан ЛКЖО ОК хатшысы болып сайланды. Ал 1991 жылы — Қазақстан ЛКЖО ОК бірінші хатшысы болып тағайындалды. Нұрлан Омаров Қазақстан комсомол ұйымын таратылғанға дейін басқарды.
1991 жылдың қарашасынан 1994 жылдың қаңтарына дейін — Қазақстан Жастар одағы ОК бірінші хатшысы лауазымында еңбектенді.
1994 жылдың қаңтарынан 2000 жылдың наурызына дейін — Қазақстан Республикасы Президентінің аппаратында жұмыс істеді.
2000 жылдың наурызынан 2001 жылдың қарашасына дейін — Семей қаласының әкімі қызметін атқарды.
2001 жылдың қарашасынан 2004 жылдың қаңтарына дейін — Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болды.
2004 жылдың қаңтарынан 2007 жылдың наурызына дейін — тағы да Семей қаласының әкімі қызметін атқарды.
2007 жылы ҚР Көлік және коммуникация министрінің кеңесшісі болып жұмыс істеді.
2007-2009 жылдары — «Жетісу» ӘҚК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болды.
2009-2010 жылдары — «Ертіс» ӘҚК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары лауазымында еңбек етті.
2010 жылдың қазан айынан бастап — «Семей машина жасау зауыты» АҚ бас директоры болып келеді.
Отбасы Әйелі — Зайда Заманбекқызы (1955 т.ж.), ұлдары — Тимур (1979) менен Алмас (1981), қызы — Жанар (1988).
Марапаттары 2004 жылы 15 желтоқсанда «Құрмет» орденімен марапатталған.
2011 жылы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.
2013 жылы қайта құрылған «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісімен марапатталды.
2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін «Семей машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Нұрлан Срайұлы Омаров «Парасат» орденімен марапатталды.
Ғылым Саясаттану ғылымдарының кандидаты (2007). Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қалыптасуы» тақырыбында зерттеу жүргізілді.
Мәдениет және спорт Қазақстан Республикасының 1-қысқы Спартакиадасын (2003) дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің мүшесі болды. Қазақстан Республикасының құрметті дене шынықтыру және спорт қайраткері.
Таңдамалы лауазымдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 12-шақырылым депутаты.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты.
Дереккөздер
Санат:Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті түлектері Санат:Семей әкімдері