Гази Михал бек мешіті () — Осман сұлтаны Мұрат II тұсында Едирнеде (Түркия) салынған мешіт.

Тарихы Гази Михал мешіті — Едирнедегі сақталған көне мешіттердің бірі. Оның маңдайшасында жазылған арабша мәліметке қарағанда, мешіт 1422 жылы Мұрат ІІ тұсында салынған. Жазбада Михал руынан Әзиз бейдің есімі де айтылады. Бұл отбасы тек Едирнеде ғана емес, Балқанның көптеген жерлерінде қайырымдылық шараларымен танымал болды. 1907 жылы Едирне қаласының көрікті жерлеріне талдау жасаған К.Гурлитт айтылу қателігінен мешіт атын қате жазып кеткен. Ұзақ уақыт бойы құрылысшының аты да, мешіт атауы да дұрыс жазылмағандықтан бұл құрылысқа қатысты шетелдік ақпарат көздерінде түсінбеушілік орын алған.

Өкінішке орай, мешіт 1752 жылғы жер сілкінісінен қатты зардап шекті. Осы табиғи апаттан кейін оның мұнара бөлігі қатты зақымдалды. Қираған мұнара барокко стилінде қалпына келтірілді. Өз тарихында көптеген апаттарға тап болған Гази Михал мешіті 1891 жылы ерекше күрделі жөндеуден өтті.

1953 жылы болған жер сілкінісінің салдарынан ғимарат қайтадан бүлініп, ішінара қирағанымен, бұл жолы жөндеу жұмыстарын ешкім қолға алған жоқ. Ұзақ уақыт қараусыз қалған мешітті қалпына келтіру жұмыстары 40 жылдан кейін жүргізілді.

Сипаттама Мешіт ойылған тастар мен кірпіштен салынған. Оның сыртқы қабырғаларында көзге көрінетін әшекейлер жоқ, бірақ ашық сұр түсті тастар мен қызыл кірпіштердің кезектесіп қабаттары жағымды сәндік әсер береді. Кіреберіс үстіндегі күмбездің ішкі жағында көк және сары бояумен боялған ою-өрнектің әлсіз іздері бар. Ағаш есіктер сүйір доғамен қапталған мәрмәр жақтауға орнатылған. Есіктердің үстінде араб қарпімен жазылған жазу бар.

Архитектуралық тұрғыдан алғанда ғимарат аксиали-эйван мешітінің иллюстрациясы болып табылады. Бұл үш қабырғалы, бір жағы аулаға ашылатын төртбұрышты бөлме. Эйван әдетте қасиетті ғимаратқа монументалды кіреберіс ретінде қызмет етеді.

Гази Михал мешітінің алдында бес аралықты кіреберіс бар. Оның орталық және одан жоғары аралығы үлкен сопақша күмбезбен жабылған, ал қалған аралықтарында жалпақ айқас күмбездері бар. Негізгі намазхана төртбұрышты түрде жасалған. Ол бекітілген үлкен жарты шеңберлі күмбезбен жабылған.

Бір кездері дәуріштердің жатын орны болған екі бүйірлік бөлме кішірек қырлы күмбезбен жабылған. Бастапқыда бұл бөлмелерге орталық залдан кіруге болатын болса, енді оларға тек сырттан кіруге болады. Мешіттің шығыс жағында орналасқан бір балконы бар жалғыз мұнарасы бар.

Галерея

Дереккөздер

Санат:Түркия мешіттері Санат:Едирне мешіттері