Көкжар мешіті, Ойыл мешіті – Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енген тарихи-мәдени нысан.

Орналасқан жері Ойыл ауданы, Ойыл ауылы.

Кезеңі 1893 жыл.

Сипаты, тарихи деректер Сызбасы бойынша төртбұрышты ғимараттың өлшемдері үлкен – 20x40 м. Іргетасы жабайы тастардан, ал ғимараттың өзі этнографиялық жазбаларда айтылғандай Орынбордан алып келінген қызыл кірпіштен тұрғызылған. Құрылыс ерітіндісіне жүн мен сүттің де қосылғаны бұл ғимараттың берік болуына септігін тигізген. Өзінің ислам діні әдет-ғұрыптарын орындауымен қатар, Көкжар мешіті аймақтың маңызды рухани білім беру орталығы болған. Алғашқы имамдардың аймақ халқын діни және адами тәрбиелеуге көп күш жұмсаған жоғары білімді адамдар болғаны белгілі. ХХ-ғасырдың 30 жылдары мешіт өзінің функциясынан айырылып, ғимарат аймақтық театрға берілді, кейіннен тіпті қоймаға айналып кетті. Ғимаратты алғашқы толыққанды зерттеу 1973 жылы орын алды. 2014 жылы мешіт және оның ауласы толығымен жөнделіп, қалпына келтірілді. Бүгінде Көкжар мешіті өзіне аймақтың рухани орталығы мәртебесін қайтарып, толыққанды жұмыс істеп тұр. Бұл тарихи-мәдени нысан – XIX ғасыр соңына жататын сәулет өнерінің жәдігері.

Халық арасында әлі күнге дейін Көкжар мешіті көп километрлік жер асты өткелдері арқылы бай саудагерлер үйі мен сауда қатарларымен байланысып тұр деген әңгімелер бар. Алайда мұны растайтын сенімді дәлелдер табылмаған.Қазақстанның тарихи-мәдени нысандарының және жаппай зиярат ету орындарының альбомы/ ; ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты ; [жоба авторы Т. Бекбергенов ; бас ред. А. Р. Хазбулатов]... – Астана : [б. ж.], 2018. - 495 б., суретті; . – Библиогр.: 490 б. . – 100 дана – ISBN 978-9961-23-485-9

Дереккөздер

Санат:Ақтөбе облысы сәулеті Санат:Ақтөбе облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Қазақстан мешіттері