Андрей Арсеньевич Тарковский (4 сәуір, 1932Andrei Plakhov // Большая российская энциклопедия. Том 31. Москва, 2016, с. 674., Завражье, Иваново өнеркәсіп облысы, РКФСР — 29 желтоқсан, 1986, Париж, Франция) — кеңестік кинорежиссёр және сценарийші.
Ол кино тарихындағы ең ұлы және ықпалды режиссерлердің бірі болып саналады. Оның фильмдері рухани және метафизикалық тақырыптарды зерттейді. Тарковский туындылары кадрлардың баяулығымен, ұзақ пландарымен, түс көрудей әсер беретін бейнелерімен, сондай-ақ табиғат пен естелік тақырыбына ерекше ден қоюымен танымал.
Тарковский Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтында (ВГИК) режиссер Михаил Роммның шеберханасында білім алған. Кеңес Одағында ол өзінің алғашқы бес толықметражды фильмін түсірді: «Иванның балалық шағы» (1962), «Андрей Рублёв» (1966), «Солярис» (1972), «Айна» (1975) және «Сталкер» (1979).
Мемлекеттік кино билігімен болған көпжылдық шығармашылық қақтығыстардан кейін, 1979 жылы ол елден кетіп, соңғы екі туындысын — «Ностальгия» (1983) және «Құрбандық» (1986) фильмдерін шетелде түсірді. 1986 жылы оның кино мен өнер туралы «Уақытты бейнелеу» (Запечатлённое время) атты кітабы жарық көрді. Сол жылдың соңында режиссер қатерлі ісіктен қайтыс болды. Бұл дертке «Сталкер» фильмін түсіру кезіндегі улы локациялар себеп болуы мүмкін деген болжам бар.
Андрей Тарковский өз мансабында көптеген беделді марапаттарға ие болған. Оның жетістіктерінің қатарында Канн кинофестивалінің FIPRESCI сыйлығы, Экуменикалық қазылар алқасының сыйлығы және Гран-при бар. Режиссердің дебюттік туындысы — «Иванның балалық шағы» Венеция кинофестивалінің жоғары марапаты «Алтын арыстанды» жеңіп алса, оның соңғы туындысы «Құрбандық» BAFTA сыйлығына ие болды.
1990 жылы оған қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының ең мәртебелі Лениндік сыйлығы берілді. Sight & Sound журналының 2012 жылы жүргізген сауалнамасы бойынша, әлемдік кино тарихындағы ең үздік 100 фильмнің тізіміне Тарковскийдің үш бірдей туындысы — «Андрей Рублёв», «Айна» және «Сталкер» енді.
Фильмография
Дереккөздер
Санат:BAFTA марапаты иегерлері Санат:РКФСР-дің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері Санат:Лениндік сыйлықтың иегерлері Санат:Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институты түлектері