Темір жол – халық шаруашылығының және халықтың байланысының негізгі тұтқасы, күре тамыры. Өлкемізде темір жол құрылысы соңғы уақытта дамып, шаруашылықтың басты саласына айналды.

Гурьев-Доссор темір жол құрылысы нобай|оңға|250px|Дизель локомотиві 1925 жылдың басында КСРО Халық шаруашылығы кеңесінің шешімімен Гурьев-Доссор тар табанды темір жолын салу үшін Ембі-мұнай тресінің жанынан құрылыс басқармасы ұйымдастырылды. Рабочая правда газеті 18.12.1926г. Жол салу ерекше қиын жағдайда жүргізілді. Ешбір құрылыс механизмі болмады, трасса бойын ауыз сумен қамтамасыз ету үлкен күшке түсті. 1925 жылы мамыр және маусым айларында жол салу үшін 30 еңбек артельдері құрылды, олардың әрқайсысында 30-35 адамнан болды. Гурьев-Доссор тар табанды темір жол құрылысына Коломенск және Луганск зауыттары паровоздар, Октябрь және Москва-Курск темір жол бөлімдері вагондар, Брянск және Екатеринослав заводтары темір жолға рельс дайындады.Нығмет Г.Н."Күретамыр-мұнайлы Ембіге 80 жыл. Атырау -08.06.1991 ж." Жолшылардың ер еңбегі нәтижесінде Гурьев-Доссор тар табанды 93 километрлік темір жолы 1926 жылы 18 желтоқсанда пайдалануға берілді. Жол бойында ірі үш бекет (Гурьев, Қарабатан, Доссор), 3 разъезд (Сокол, Ескене, Даңғар) іске қосылды. Алғашқы кезде поезд Гурьевтен Доссорға дейін 11 сағат, кейін 7 сағаттай уақытта жүріп өтті. Гурьевтен негізінде су және басқа тауарлар, Доссордан мұнай өнімдері тасылды. 1934 жылы мұнай өндіру қарқыны артуына байланысты Ескенеде тағы бір тар табанды темір сол салынды.

Қандыағаш-Гурьев темір жол құрылысы 1936 жылы 25 ақпанда Ауыр өнеркәсіп халық комиссариатының бұйрығы бойынша, осы комиссариатқа қарасты Көлік басқармасына Гурьев - Ақтөбе темір жол құрылысын ұйымдастыруды тапсырды, 1936 жылы сәуірде Ақтөбе қаласында Гурьев - Ақтөбе темір жол құрылысы басқармасы құрылды. Кейін бұл темір жол құрылысы Гурьев - Қандыағаш темір жол құрылысы деп аталатын болды.

Құрылыс жұмысын жүргізу мердігерлік мекеме ретінде «Союзтрансстрой» деп аталатын құрылыс басқармасына жүктелді. Ұзындығы 518 шақырым болатын Гурьев - Қандыағаш темір жолын елдегі ең үздік мекеме - Магнитогорск металлургиялық комбинатының кірме жолдары мен Уфа - Ишимбай темір жол құрылыс мекемесі салды. Құрылыс жұмыстары екі жақтан қатар жүргізілді. Солтүстік учаске деп аталатын Қандыағаш бекетінен және Оңтүстік учаске деп аталатын Гурьев қаласынан басталды. 1936 жылы 19 мамырда солтүстік учаскенің құрылысшылары салтанатты жағдайда алғашқы текше метр топырақ төкті. Көп кешікпей, 26 мамырда Оңтүстік учаскеде де топырақ төгу жұмысы басталды. Құрылыс жұмысы өте қиын климаттық жағдайда жүргізілді. Темір жол трассасы халықтың сирек қоныстанған жерлері арқылы өтті. Жердің қатып қалуы салдарынын қазу жұмысы жиі қиыншылыққа тап болды. Жергілікті жерде құрылыс материалдары тапшы болды. Құрылысқа қажетті тасты Солтүстік учаске үшін 125 шақырым жердегі Мұғаджар карьерлерінен Оңтүстік учаске үшін Жайық өзенінің жағасында орналасқан 200 шақырым жердегі Индерден тасып әкеліп отырды.

Алғашқы кездері құрылысшылардың тұрмыстық жағдайы өте төмен болды. Оларды уақытша барақтарға, киіз үйлерге тіпті жертөлелерге орналастырды. Электр қуаты тартылмағандықтан жұмысшылар жататын орындар керосин шамдармен және май шамдармен жарықтандырылатын еді. Ауыз судың өзін 250-300 шақырым қашықтықтан тасып әкеліп отырды. Техника жетіспеді. 1936 жылы шілде айында 91 автокөлік, 12 тіркелмелі арба, 366трактор, 50 вагон болған екен. Сол себепті қазу жұмыстарының көпшілігі қолмен атқарылды. Құрылысшылардың саны күннен-күнге артып отырды. 1936 жылы 1 шілдеде олардың саны 1 012 адам болса, осы жылдың қазан айында 2 380 адамға, 1937 жылы мамырда 2 973, ал 1938 жылдың бірінші жартысында 3 994 адамға өскен. Темір жолы құрылысына жұмысшылар, негізінен, ауылдық жерлерден жұмылдырылды. Жер қазу жұмысы мен құрылыс жұмыстары қажетті материалдардың уақытылы жеткізілмеуі себепті қарқынын түсіріп алды. Мысалы, 1936 жылы 100 шақырымға жететін темір жол желісінің орнына 50 шақырымдық темір жол рельсі жеткізілді 60 мың дана шпалдың орнына 10 400 ғана шпал жеткізілген. Гурьев - Қандыағаш темір жол құрылысына қажетті рельстерді уақытында жеткізе алмауы себепті жұмыс тұрып қалмауы үшін бұрын-соңды қолданыста болған рельстерді төсеуге мәжбүр болды.РМЭА (РГАЭ). - 31-т., 2619-іс, 25-п.

1937 жылы КСРО Ауыр өнеркәсібі халық комиссариаты Қазақ КСР Халық Комиссарлар кеңесіне Гурьев Қандыағаш темір жолы құрылысына 3 400 тонна рельс, 93 тонна арматура темірің, 30 тонна шеге, 46 тонна телеграф сымдарын, 340 вагон полиметалл және 25 тонна автомашина бөлінгенін хабарлады. Материалдар мен механизмдердің жеткізілуіне байланысты құрылыс жұмысы қайтадан жалғасын тапты. 1937 жылдың 10 айында белгіленген 1 907 мыңның орнына 1 947 мың топырақ үйіндісін төседі. Сонымен қоса екі учаскеде 251 шақырым темір жол салынды.

Құрылыс жұмыстарының алғашқы жылдарында жұмыс қолы жетіспеді. Осыған орай Құрылыс Басқармасы 1938 жылдың 25 қазан айынан бастап құрылысшыларға арнап өндірістен босатып оқу үшін қысқа мерзімді курстар ұйымдастырды. Курска 3-4 кластық білімі бар құрылысшылар алынды. Бұл курстарда тас қалаушы, сылақшы, пеш салушы, ағаш ұстасы, жол бригадирі, майлаушы, кондукторлар, бағыттамашы мамандықтары болды. Курстар Ақжар, Қандыағаш және Шұбарқұдық ауылдарында ашылды. Қысқа мерзімді курстардың ашылуы маманданған құрылысшылардың қатарын көбейтті. 1938 жылы осындай курстарды тамамдағандардын саны 624 адамға жетті. Олардың 408-і техникалық минимум тапсырды. Ал 1939 жылы 1054 адам мамандық алып, олардың 463-і техникалық минимум тапсырды. 1937 жылы құрылыс жұмысына тартылған 4 638 жұмысшының ішінде қазақтар саны 2051 адам болса, келесі жылдың қазанында олардың саны 5300-ге жетті. Ал Оңтүстік учаскеде қазақтар саны 90% құрады. Құрылыстың солтүстік бөлігінде 46 дүкен мен ондаған сауда орындары, наубайханалар мен асханалар ашылды. Өткір проблемалардың бірі тұрғын үй мәселесі еді. Құрылысшылардың басым бөлігі 46 303 шаршы метрді құрайтын жатақханалар мен вагондарда турды. 1936-1940 жылдары 18 343 шаршы метр тұрғын үй салынды. 1940 жылы Ақтөбе облысымен Гурьев қаласында үш пионер лагері ашылып, онда 310 құрылысшының баласы демалды.

1939 жылы желтоқсан айында Гурьев - Қандағаш темір жолы уақытша пайдалануға беріліп, Ембі мұнайлы ауданы Орынбор - Ташкент темір жол торабымен байланыстырылды.

Мақат-Ақтау темір жол құрылысы Өткен ғасырдың 50-ші жылдары Маңғыстаудан оңай да, арзан алынатын уран кені табылғандыктан, үлкен өндіріс ашып, thumb|right|200px|Мақат темір жол станциясықала салу жоспарланды. Осыған байланысты Мақат-Ақтау аралығына темір жол салуға машина жасау министрлігі каржы бөлді.Мұнайлы астана газеті. 20.05.1995 ж. Құрылысты тұрғызу үшін 1963 жылы 30 қаңтарда №99 құрылыс басқарма ұйымдастырылып, ол ілкіде Мақат елді-мекеніне орналасты. 1963 .жылдан бастап Мақат-Ақтау-Өзен аралығына 712 км.темір жол құрылысы салына бастады. Жол бойында 14 млн. текше метр топырақ төгілді, 400-дей ірілі-ұсакты күрделі құрылыстар (көпір, өткел, дамбы) салынды, 760 шакырым темір жол торабы төселді, 710 шақырым жоғарғы кернеулі электр жүйесі қосылды және 50 мың текше метр тұрғын үйлер салынды. Мақат-Ақтау темір жолы 1966 желтоқсанда уақытша, ал 1969 жылы тұрақты пайдалануға тапсырылды.

Гурьев-Астрахань темір жол құрылысы Темір жол саласындағы тағы бір құрылыс Гурьев-Астрахань темір жолы 1966 жылы салына бастады. Жол бойында 5 станция мен 21 разъезд іске қосылды. 7 миллион текше метр топырақ үйіліп, 56 күрделі кұрылыстар және көптеген мәдени орындары салынды. 330 шақырым темір жол төселіп, 1969 жылы 30 сәуірде жол тапсырылып, жұмысшы поездар жүре бастады. Гурьев-Астрахань темір жолы тұрақты пайдалануға 1970 жылы желтоқсанда берілді.

Бейнеу-Қоңырат темір жол құрылысы 1972 жылы 24 желтоқсанда Орта Азиямен байланыстыратын төте жол Бейнеу-Қоңырат болат магистралі тұрақты пайдалануға берілді.

Құлсары-Теңіз темір жол құрылысы 1986 жылы 4-қазанда ұзындығы 102 шақырым Құлсары-Теңіз темір жолы пайдалануға беріліп жұмысшы поездар жүре бастады.

Мақат-Индер темір жол құрылысы 1987 жылы 5 желтоқсанда Мақат-Индер темір жолы пайдалануға берілді.

Қазақстан темір жолы құрамындағы ұзындығы 2 мың шақырым Атырау бөлімшесінде 90-шы жылдардың ортасында 500-ден астам инженерлер, 1,5 мың жарым орта білімді мамандар қызмет еткен еді. Мұнда 80-нен астам станция мен разъездер жұмыс істейді. Отыз шақты пайдалану кәсіпорындары, жол кызметіне қажетті онда ұйымдар бар. Атырау темір жол бөлімшесі - іргелі кәсіпорындарының бірі. Облыс бойынша тасымалданатын барлық жүктің 80 %-нан астамы бөлімше ұжымының үлесіне тиіп отыр.

Дереккөздер

Сыртқы сілтемелер Ғинаятолла Нығмет. Солтүстік Каспий жағалауындағы көлік қатынасы

Санат:Қазақстан темір жолы Санат:Атырау облысы