Қоға өлеңшөп – қияқ өлеңшөптер тұқымдасы, өлеңшөп туысы. Өлеңшөп өзен аңғарларында, суда, батпақты, сулы шалғынды жерлерде өседі. Көпжылдық өсімдік, биіктігі 100-250 см жетеді, тамырсабақтары жайылып өседі, жуан болады. Сабағының жуандығы 2-3 см, цилиндр тәріздес, тегіс келеді; жапырақтарының қынабы жалаңаш, астыңғы жағы қоңырқай, үстіңгі екеуі бізтәріздес немесе ұзынша жалпақ, 1-10 см дейін жетеді. Сабақтарының ауатаратқым қуыстары бар. Гүлшоғыры 5-8 см, дәнді басы қысқалау, ал жанындағы гүлсабақтары ұзын болады. Шоқгүлінің түбі өскін 1-2 гүлсабағы бізтәріздес жапырақты, төменгі қынапты түбі желбезекті келеді. Дәнді басы домалақ жұмыртқа тәріздес, ұзындығы 8-10 мм, қызыл-қоңыр болып келеді. Жауып тұрған қабыршағы жұмыртқа тәріздес, шеттері кірпікшеленіп келген, үсті тегіс келіп, жоғарғы жағы ұялы және ортасы қысқа білікті. Гүлшоғырының қылшасы 6, артына қайырылған аналық аузы 3. Жидегі жаңғақ тәрізді, ұзындығы 3 мм, жұмыртқа қуысты, сопайған үшқырлы. Маусым, тамыз айларында гүлдейді. Қоға кейде қаптап қау болып өседі. Соның нәтижесінде торфтың пайда болуына ықпал етеді. Қоғаның сабағынан түрлі ыдыстар жасалынады, құрылысқа пайдаланылады, сондай-ақ, ондатр мен су тышқанның қорегі.

Дереккөздер "Күншығыс" энциклопедиясынан.

Санат:Қияқөлеңдер