Иван Всеволодович Мещерский (29.07.(10.08).1859, Архангельск — 07.01.1935, Ленинград) — теориялық және қолданылмалы механика саласындағы совет ғалымы. Петербург университетінің физика–математика факультетін бітіріп (1882), 1890 жылдан сонда қызмет істеді. 1902 жылдан Петербург политехника институтының теориялық механика кафедрасының меңгерушісі болды. Оның ғылми еңбектері реактивтік техника, аспан денелері механикасының өзекті мәселелеріне негіз болған массасы айнымалы дене механикасына арналды. Ол теориялық механика курсын оқыту әдісін түбегейлі өзгертті. Оның «Теориялық механиканың есептер жинағы» (1911) атты кітабы біздің елде және көптеген шетелдерде бірнеше дүркін жарық көрді. Мещерский — аса көрнекті педагог. Ол теориялық және қолданылмалы механиканың өзара тығыз байланыста идеясын үнемі қолдай отырып, оны жүзеге асыруға көп еңбек сіңірді. Массасы айнымалы денелердің дифференциалдық теңдеулері Мещерский есімімен аталды.Қазақ Совет Энциклопедиясы.1976. Том 8

Дереккөздер