Малдыбай газ кен орны — Шу-Сарысу алабының Мойынқұм ойысында, Жамбыл облысы, Тараз қаласының солтүстігінде 185 км жерде орналасқан. Кен 1977 жылы ашылған.

Геологиясы мен сипаты Брахиантиклиналь қатпар түріндегі кең құрылымы төменгі визе газды қабатының беті бойынша 1910 м-лік изогипспен шектеледі. Оның өлшемдері 12,5х2,7 км, амплитудасы 192 м. Қанаттарының еңістелу бұрышы 8-90°. Серпухов газды қабатының беті бойынша құрылымның өлшемдері 13х3 км, амплитудасы 150 м-ге жуық. Кен төменгі визенің көмірлі-теригендік және төменгі серпухов карбонатты шөгінділеріндегі қабаттық-дөңдік типті екі иірімнен тұрады. Дөңіндегі жатыс тереңдігі 2025 м-лік төменгі визе иірімінің биіктігі 135,2 м. Газ-су жапсары анықталмаған. Өнімді қабаттарының жалпы қалыңдығы 171 м, тиімді қалыңдығы 4,2 м, газға қаныққан қабаты 1,4 м.

Құрамы Кеуекті және жарықшақты типтегі коллекторлар құмтастардан құралған, кеуектілігі 14,4%. Газға қаныққан коэффициенті 0,77. Қабат қысымы 21,8 МПа, температурасы 63°С. Газдың бастапқы шығымы 7,95 мм-лік диафрагмада 7,5 мың м3/тәулік. Иірімнің жаппасы болып онымен бір жастағы көмірлі аргиллиттер және олардың бетіндегі ортаңғы визенің ангидриттері мен сульфаттанған әктастарының қабаты саналады. Төменгі серпухов иірімінің зерттелуі аяқталмаған. Оның газдық қалыңдығы 57-63 м, органогендік-кесекті әктастардан базальттық горизонтымен байланысты. Бұл әктастар көршілес Анабай, Амангелді, т.б. кендерде өнімді болып саналады. Төменгі визе шөгінділерінің газ құрамы, %-дық мөлшері: метан 89, этан 0,91, пропан 0,05, н-бутан 0,022, т.б. Төменгі серпухов иірімінің газдары 88,85%-ға дейін метаннан, этан 4%, пропан 1,1%, азот 4,9%, көмірқышқыл 1,15%, гелий 0,085% тұрады. Иірімдердің режимі серпімді газ-арынды. Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5

Тағы қараңыз Қазақстанның кен ресурстары

Дереккөздер

Санат:Жамбыл облысы кен орындары