Сидақ қаласы, Садық ата, Сейдақтөбе – Түркістан облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген ерте ортағасырлыққа тән ескерткіш.
Орналасқан жері Түркістан қаласының батыс жағында 18 км жерде орналасқан.
Қалашық топографиясы Түркістаннан батысқа қарай 18 км жерде бақшалар мен мақта егістігінің ортасында шағындау сарғыш төбе көрініп тұрады, оны жергілікті адамдар Сейдақ ата төбесі деп атайды. Осы атаудың өзінде жеке тұлғаның халыққа соншалықты сыйлы болғанын байқау қиын емес. Аңыз бойынша, Сейдақ ата – өз ата-бабасының жерінде Мұхаммед ілімін тарату мен нығайтуға қосқан үлесі арқылы құрмет пен атақ-абыройға ие болған адам. Орта тұсы күдірейе көтерілген биік, төртбұрышты төбе өзінің астына ортағасырлық қамалға ұқсас құрылысты, ал онымен ұштасып жатқан аласа алаңқайда – бір кезде тіршілік еткен адамдардың әр түрлі үй-жайларын көзге көрсетпей қымтап жатқандай әсер береді. Оңтүстік Қазақстанның пейзажына жан кіргізетін көптеген осы тектес ескерткіштер бұл саланың мамандарына осылайша көрінеді. Алайда Сидақтың топографиясы күрделі – оның тік солтүстік беткейіне сәл төмен тағы бір құрылыс жанастыра тұрғызылған (оны дәстүр бойынша қамал деп атаймыз). Оның кескіні негізгі төбе-ескерткішті қайталайды, бірақ едәуір кішірейтілген масштабта жасалған. Қамалдың үсті жағы тағаны еске түсіреді, ол әуеден түсірілген суреттен айқын көрінеді. Бұл типтегі ескерткіштерді әдетте кейінгі ерте дәуірге және ерте ортағасырға, яғни жаңа эраның алғашқы ғасырларынан бастап VIIІ–IX ғасырларға дейінгі кезеңге жатқызады. Мұндай хронологиялық анықтама беруге көптеген орынды негіздер бар.
Зерттелуі Сидақ қалашығы сырттан жай ғана төбе болып көрінгенімен, бұдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын Оңтүстік Қазақстан аумағында алғашқы алдын ала анықтап алу жұмысын іске асыратын Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясының назарына ілікті. Материалдар осы жерден жиналып, жоспары түсірілді. 1947 жылдың өзінде-ақ атақты кеңестік археолог, шығыстанушы, Қазақстандағы археология ғылымының негізін салушылардың бірі А. Н. Бернштам ескерткіштің сыртқы қабатына археологтар зер салып қарауы кезінде оның әдеттен тыс ерте заман ескерткіші екенін атап көрсетті. Қыштағы бірқатар белгiлердi қарап көріп, мақалаларының бірінде былай деп жазды: «Садық ата (Сейдақ ата төбесі. –ред.) материалы аса көне, ол негізінен б. з. д. I мыңжылдықтың аяғы мен б.з. алғашқы ғасырларына жатқызылады, ал материалының сипаты (қаланың пайда болуының бірінші сатысы) алыс батыстық және барынша көне қаңлы-хорезм мәдениетінің жарқылын көрсетеді». Түркістан археологиялық экспедициясының 2001 жылығ қазба жұмыстарының алғашқы маусымы Сейдақ ата төбесі шындығында да бірқатар тарихи-мәдени мәселелерді зерттеуге тұрарлық және көптеген жаңа бірегей материалдар бере алатынын көрсетті. Кең ауқымды қазба жұмыстарын 2001 жылы Түркістан археологиялық экспедициясымен Археология институты «Әзірет сұлтан» мемлекеттік мұражай-қорығымен (Түркістан қаласы) бірлесе отырып бастаған болатын. Қала топографиялық белгілері бойынша Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінің ежелгі және ерте ортағасырлық дәуірлеріне тән «алаңы бар төбешік» типіне жатады.
Өрт Қорғантөбе құрылысының шикі кірпіштен қаланған қалың қабырғасына өз ізін қалдырғанындай, ол үлкен бір өрттің салдарынан біржолата тасталған болып шықты. Еденде күйген арқалық мәткелер, тұрғын бөлмелерде ондаған сынық және бүтін тұрмыстық қыш ыдыстар жатты. Бірақ өрт тұрғындар үшін тосыннан болмаған. Тасталған және өртеніп кеткен үйлердің қоймалары үлкен қыш ыдыстар – хұмдармен толтырылған болатын, олар астық, ұн, шарап, май және басқа азық-түліктер сақтауға пайдаланылатын. Осындай ондаған хұм-қоймалардың бірде-бірінен бір түйір дән кездеспеді. Яғни барлық қоймалар алдын ала босатылып алынған. Тұрғын үйлердің едені мен сұпысында керексізден тасталған жарығы бар ыдыстардан басқа әдеттегі тұрмыстық керек-жарақтардан ешнәрсе жоқ. Мұның бәрі өрттің алдында тұрғындар тұрмысқа керектінің бәрін алып кеткенін куәландырады. Ендеше, өртті әдейі алдын ала даярлаған.
Қазба жұмыстары Бірінші қазба жұмыстары қаланың жоғарғы құрылыс қабаты VII ғасырға, VIII ғасырдың 1-ші жартысына жататындығын көрсетті, бірегей сақталған бұл қоңыстың өмірі жойқын өрттен кейін тоқтап қалған. Қала қорғанына храм кешені аршылып алынды, оған стратиграфиялық зерттеу жүргізілді. Қаланың батыс жағынан 800 м жерден табылған зиратты зерттеу де қатар жүргізілді. Алынған материалдарға қарап, жойқын өртті VIII ғасырдың 2-ші ширегіндегі араб әскерлерінің әрекетімен байланыстыруға болады. Қаланың қорғанындағы жүргізілген жұмыстар археологиялық – сәулет және құрылыс объектілерін алдағы консервациямен мұражайландыруға дайындық мақсатын көздейді. 2006 жылы мамыр-шілде айларында Түркістан археологиялық экспедициясы «ҚР Мәдени мұрасы» бағдарламасы шеңберінде храм ғимаратын зерттеу жөніндегі жұмысты жалғастырды. Мұндай жұмыс храм және қорған бөлігіне жататын әртүрлі кезеңде салынған құрылыс элементтерінің 3 учаскесі бойынша жүргізілді.
Қамалдың солтүстік батыс бұрышында екі ғибадатхана аршылған болатын. Бірінен жартылай сопақша формалы алтарь (құрбандық шалатын орын), екіншісінің қабырғасынан үңгіп қазып, астына ортасынан қақ жарылған кеспелтек ағаш төселген алтарь мен еденнен тостаған тәрізді етіп қазылған алтарь кездесті. Екінші алтарь кездескен жердегі бөлменің ерекше жағдайға арналғандығы қабырғасының соншама қалыңдығынан және өзге құрылыстардан тым оқшауланғандығынан көрінеді. Бұл кеңдігі 55 м2 болатын, екі бағаналы және қабырғаны бойлай сұпылары бар жеке тұрған зал монументальды ғибадатхана болып шықты. Бұл орын (зал) өзін қоршаған құрылыстардан бұрышында үлкен қуысы бар жіңішке көшесымақпен бөліп тасталған. Аласалау подиумның (биік орын) үстінде күл қабаты тәрізді өрттің және күлгін сылақтың ізі көрінеді. Рух беруге арналған биік орын және діни атрибуттар қойылатын қуысы бар бұл жерде тағы бір құрбандық шалатын орын болғаны анық. Қазу жұмыстары барысында әр түрлі қыш ыдыстар, қоладан, мүйізден, тастан істелген бұйымдар, сондай-ақ қолөнершілердің жабдықтары, әшекейлер, тұрмыстық заттар және т. б. салмақты коллекциялар жиналған болатын. Олардың кейбіреулері, мысалы: қолдан істелінген көзеші шеңбері, «үш көзді идол» тәрізді сирек кездесетін бұйымдар.
Өрт қабаты уақытының негізделуі Діни құрылысты, сонымен бірге бүкіл қонысты жойып жіберген Сидақтағы бұл өрт апаты қашан болған? Өрт қалдықтары арасынан табылған әр түрлі тиындар бұл сұраққа жауап беруге септігін тигізді. Олар мұның уақытын VIII ғасырдың ортасына таяу деп нақтылап берді және оны осы жүз жылдықтың бірінші жартысында бұл өлкені мұсылмандардың жаулап алуымен байланыстыруға толық негіз бар. Анықталған тиындардың ішінен VIII ғасырдың бірінші жартысына жататын, бетіне арыстан мен таңбаның белгісі салынған қола анэпиграфтық тиынды жекелеп атап айту керек. Мамандардың пікірі бойынша мұндай тиындар жергілікті билеушілердің нұсқауымен VII–VIII ғасырлар басында шығарылған. Типі жағынан бұған ұқсас тиындар – Отырар оазисіндегі жиі кездесетін олжалар. Бұрын олар Түркістан оазисінен табылған. Бір тұрғын үйден төртбұрышты тесігі бар қола тиын табылды. Ол мейлінше жақсы сақталған және жақсылап тазартудан кейін оны Түркеш қағандығында соғылған деуге мүмкіндік берді. Бұл типтегі тиындар Жетісу, Сырдария маңы және Орта Азия табылымдарынан жақсы мәлім. О. Смирнованың пікірі бойынша, олар VIII ғасырдың 30-шы жылдардан бастап шығарылған. Бұл жоғарыда айтылған Сидақтағы өрт қабатының уақытын негіздей түседі. Сидақтағы өрт қалдықтарынан тазартылған, айқын танылатын тиындардың шығу уақыты VIII ғасыр ортасына жақын деп есептеуге болады. Тарихтан белгілі болғанындай, бұл – хорасандық Халифат билеушілері өкілдерінің Сырдария маңы мен одан шығысқа қарайғы өңірлерде белсенді іс-қимылдары кезеңі. Мұсылмандардың Орта Сырдарияны жаулап алу жөніндегі «Қасиетті хикаяны» мазмұндайтын «Оңтүстік қазақстандық қожалар шежіресі» тәрізді өзіндік ерекшелігі бар жазба ескерткіште имам Мұхаммед ибн әл-Ханафия ұрпақтарының қолбасшылығындағы араб әскері Сырдарияның орта тұсындағы өңірге 718 немесе 767 жылы келді деп есептеді. Белгілі болғанындай, мұсылман жаулап алушылары, әсіресе осындағы бұрынғы дін арқылы тараған ғибадат құрылыстары мен діни орындарға (капищеге) ешбір төзбеді. Тіпті «келісім бойынша», яғни шабуылсыз, күштеусіз, қинаусыз және басқа дөрекіліктер көрсетпей жаулап алғанның өзінде тәңірлік ғибадатханаларды, көне дінге қатысты орындарды талқандады. Өлкені жаулап алуда біріншіден храмдар жойылды. Исламды енгізудің ерте кезінде бұрын орын тепкен пұтқа табынушылықпен байланысты «дуаға сену, отқа табыну, басқа да салт-жораларды жою» жасыл тудың астындағы олардың идеологиялық саяси ұстанымы болды. Сидақ төбесі жасырып тұрған қираған үйінді храмды қоныстың қалдықтары деп есептеуге болады. Оның тұрғындары рулық немесе тайпалық қауымдастықтың ата-бабалар аруағына құлшылық ететін, сондықтан, ол өртке ұшырап, толық жойылды.
Алайда археологтарды алда шынайы сәулеттік ашылым күтіп тұрды. Қорғанның солтүстік бөлігіндегі өрттен күйген жекелеген құрылыс құрылғыларын ашқаннан кейін өте ерте кездің аса зор, қалыңдығы 3-4 м жуық сазан өрілген қабырғалар жалаңаштанып көріне бастады. Мұндай қойманың рөлін атқаратын бірқатар құрылыстар (еденге көптеген хуммалар қазып орналастырылған), сұпы-подиумы бар алтарь бөлігі, алаулы телімдер, тағы басқалар сұлбасынан таныла бастады. Бұл қабат құрылысының негізділігі, көптеген жөндеу жұмыстарының ізі оның пайда болу кезеңі IV–VI ғасырлар деуге толық мүмкіндік береді. Бұлайша кесіп айтуды тағы бір үй құрылысының алтарь-подиумын еске алып, құрбандық беруге арналған қойманың табылуы растай түседі. Әлгі үй құрылысының қабырғасын бойлай салынған сұпыдан бос тұрған бес хум аршып алынды. Олардың біреуінің қасына құмыра көмілген. Құмыраның аузы асүйлік қыш құмыраның сынған түбімен жабылған. Ішінен көптеген моншақ, сасанидтік қима асыл тас (гемма) және тұмарлар табылды.
Табылған жиынтықтар кезеңі Пайда болу кезі анықталған осы жиынтықтың ішінен үш халцедондық қима асыл тас сасанидтік қима тастар тобына жатқызылады. Жетіасар зираттар кешенінің материалдарын зерттеу жерлеу орнынан шыққан штрихтық мәнермен жасалған ирандық қима тастардың жиырмасы Сырдария маңынан өз ұқсастарын тапқанын көрсетті. Оларды III–V ғасырларға жатқызуға болады. Қима тастардың өз ұқсастарын тапқан екінші өңірі Сырдарияның орта тұсындағы Отырар оазисі болып табылады. Онда сасанидтік қима тастардың көп таралғандығын Жетіасар мәдениетімен салыстыруға келеді. «Ирандық импорт» деп аталатын қима тастардың бір мезгілде бүкіл Ортаңғы және Төменгі Сырдарияда таралуы ондағы тұрғындардың мүдделері мен дүние танымдары ұқсас екенін, бірдей тарихи жағдайда өмір сүргендерін көрсетеді. Өрт қабатындағы сәулеттік құрылыстарды қазу мен зерттеу Сидақтағы ғибадат орталығы кем дегенде сегіз ғасыр өмір сүргенін, жергілікті тайпалардың едәуір мол бірлестігі ата-бабалар дінін ұстанғанын паш етеді.АЛТАЙДАН КАСПИЙГЕ ДЕЙІН. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАБИҒИ,ТАРИХИ ЖӘНЕ МӘДЕНИ ЕСКЕРТКІШТЕРІ МЕН КӨРНЕКТІОРЫНДАРЫНЫҢ АТЛАСЫ. 3 томдық. Алматы. 2011. 1 т.–584 б., карталар, суреттер. ISBN 978-601-280-215-3, ISBN 978-601-280-216-0
Көмбелер Ауланың оңтүстік-шығыс бөлігін алтарьдан солтүстікке қарай тазалауда өте ертедегі қабырға табылды, бұл суфасы және алтарь ошағы, құрылыс қабатынан бұрынғы горизонт екені анық. Бұл ерте дәуірдегі деңгейдің үш бөлмежайы тазаланды. Оның қабырғалары 0,8-1,2 м аршылған бөлме жайлардан интерьердің іздері байқалмайды, бірақ хумдардың үйінділері мен адамның кейбір сүйектері еденнен табылды (бұл қабаттың 1-ші бөлмежайында адамның бас сүйегі жатыр). Ауланың бөлмежайларын қамалдың сыртқы қабырғалары бойымен қосымша тазалау кезінде (алтарь ошақтары мен суфалары бар қабат) тұмарлардың көмбесі табылды.