Қытайда тұратын қазақтардың тұрмыстық салт-дәстүрі тұтас қазақ ұлтының салт-дәстүрінен бөлектеніп кетпейді. Дегенмен де, тайпалық одақ дәуірінен қалыптасқан қоныстық өзгешелік олардың әр біреуінің өзіне тән жерлік қасиеттерімен ерекшеленіп отыратын болған.
Үй- жайы
Қазақ киіз үйінің шығу төркініне тоқталғанда қытайлық қазақ ғалымы Ясын Құмарұлы оның арғы сорабы мен көріністік ерекшелігін Қытайдың орта жазық өңірлеріндегі ата-бабаларымыз қоныстанған ежелгі өңірлерден тауып, осыдан 5 мың жыл бұрын жасалғанын тілге тиек етеді. Ал қазақ мәдениетін зерттеуші қытайлық ғалым Су Бихай: «сақтар көшпенді өмірге үйлесу үшін киіз үй тігуді білген, киіз үйлер сыртынан қарағанда дөңгелек пішінде болып, ішін ағаш керегеден 6-10 қанат етіп, жеңіл уықтар шаншып тігетін етті». Керегенің сыртына киіз жапты, бұл – сақтардың маңызды жасампаздығы еді. Америка, Африка құрлықтарындағылар ерте заманда мал өсіруді білгенімен, киіз үй тігуді білмеді. АҚШ ғалымы Лауфер: киіз басу басқа өңірлерге Орта Азиядан тараған мәдениет саналады. Тігуге, жығуға қолайлы кереге-уық пен киіз арбамен немесе атпен алып жүруге өте ебдейлі, осының бәрі көшпенді өмірге үйлесу үшін алып парасаттылықпен тапқырланған»(96) деп көрсетті. Ал үйсінге ұзатылған Хан патшасының қызы Ши Жүн ханшаның: «дөңгелек үй, туырлық там орнына, ет жеп, қымыз ішеді ас суына» деп ел жұртын сағынған жырынан да үйсіндердің киіз үйде тұратындығы меңзеледі. Киіз үй керегесінің санына қарай «алты қанат», «сегіз қанат», «он екі қанат» болып көп түрге бөлінеді. Уықтың басын буып қалқиған қара қосты «абылайша» деп атайды. Киіз үй құрылымы жағынан – кереге, уық, шаңырақтан құралады. Сыртынан туырлық, шаңыраққа түңлік жабылады. Есігіне жарма есік (сықырлауық) ұсталады. Киіз үйдің сыртқы әбзелдері туырлық, үзік, таңғыш, бас арқан, белдеу, шалма, желбау, басқұр, туырлық бау, үзік бау, бақан, ши секілді түрлерге бөлінеді. Үйдің ішкі жиһаздары мен басқа да керек-жарағынан абдыра, ағаш төсек, адалбақан, алаша, асадал, аяққап, бөлшек, дастарқан, жүкаяқ, кебеже, сандық, қоржын, көрпе-жастық, құстөсек, сандық қап, сырмақ, текемет, түскиіз секілділерді атауға болады. Шынжаң қазақтарының ата мекеніне ірге тепкенінен қазірге дейінгі тарихында киіз үй және көшпенді тірлігінен әлі қол үзіп көрген жоқ. “жаз жайлау, қыс қыстау” өмірі сол ата бабаларымыздан қалған ескі дәстүрмен жалғасып келеді. Қыстаулар немесе отырықты елдің үйлері сол өңірдің жаратылысына сай тастан, ағаштан, шымнан қаланатын болған. Осы үйлермен қатар “шошала” (кей жерде “тошала үй” делінеді) деп аталатын шошақ төбелі үйлер болды. Оның құрылысы киіз үйге ұқсас келеді. Өткен ғасырдың орталарынан кейін ғана балшықтан, кірпіштен, күйген кірпіштен, бетоннан үй тұрғызу жалпыласа бастады. Қазіргі кезде қытай қазақтары киіз үйдің өзін ағашсыз жеңіл метелдардан тұрғызатын болды. Қытайлардың “отырықты орында мал бағу” саясаты және жайлауларды саяхат орнына айландыруына байланысты ондағы қазақтардың көшпелі тұрмысы да жыл сайын азайып барады.
Киім-кешегі
Төрт түлік туралы сөз болғанда қазақтарда «мінсең ат, саусаң сусын, кисең киім, жесең тамақ» деген тәмсіл бар. Демек ата-бабаларымыз төрт түлікті тіршілігінің арқауы етіп келгені белгілі. Малдың терісі мен жүні қазақ халқының ғасырларға жалғасқан ең негізгі киімі болды. Сол үшінде: «тоғыз қабат торқадан, тоқтышақтың терісі артық» деген мәтел бар. Қазақ даласының ескі жұрттарынан табылған баскиім үлгісі «шошақ тымақ» түрінде кездеседі. Есік обасынан, Шілікті жазығынан және 1983 жылы Қытайдың Күнес ауданынан табылған жәдігерлердің ішінде «шошақ тымақ» айрықша көзге түседі.
Баскиім жағында «қыста ұзын және жалпақ милығы, мойынды жауып тұратын желкелігі бар шошақ төбелі тымақ киді. Мұндай баскиім елтіріден немесе түлкі терісінен тігілді. Жиегін дөңгелете аң терісі тігілген шошайма баскиім ерекше болды. Боран болған кезде баскиімнің сыртынан кең жалбағай киінетін. Жазда ми қайнатқан ыстықта жұқа ақ киізден тігілген биік шошақ төбелі қалпақ киді. Айыр қалпақ деп аталатын қайырмасы бар және қайырмасы тілік қалпақ кең таралды»... ұзатылмаған бойжеткен қыздар жас келіншектерден өзгеше, жиегіне аң терісі тігілген, әсем, шошақ үкілі бөрік киді. Келін алғашқы түскен жылы әдетте тойға киген баскиімін – сәукеле киіп жүрді. Бір жылдан кейін ол сәукелесін тастап желек киетін болды. Желекті тұңғыш баласын немесе екінші баласын туғанға дейін киді. Кимешек – 30-40 жастағы әйелдердің кесте тігілген бас киімі. Бірнеше баланың анасы болған орта жастағы әйелдер біршама қарапайым баскиім – жаулық жауып жүрген. Қазақтың егде тартқан әйелдері сәукелеге ұқсас дөңгелек бас киім – күндік киіп жүретін болған»(97).
Қытай қазақтарында ерлердің қыстық баскиімі “керей тымақ”, “қызай тымақ”,“қызай қалпақ” деп бірнеше түрге бөлінеді. Қыздардың бас киімі: алуан түрлі моншақтармен безендіріліп, кестеленіп, әрленіп тұратын. Қыз баланың басына кішкене күнінен үкілі төбетай (маржандармен безелген, үкі тағылған тақия), бойжетіп қалған кезінен бастап маржанды шашақ, үкі тағылған бөрік кигізілетін. Бөрік әр үйдің ауқатына жарай құндыз, сусар сияқты қымбатты хайуан терілерімен, тіпті болмағанда қара мақпалмен қиюланады.
Қыз ұзатылған кезінде алуан түрлі кесте және моншақтармен безелген шошақ төбелі сәукеле киеді. Бірақ сәукеле кию салты 19-ғасырдың соңынан кейін негізінен қалды. Кейіндеп жаңа түскен келіншек желек(көбінше қызыл торғыннан жасалады) немесе әсем тоқылған қызыл, ақ бөрте салып жүретін болды. Жаңа түскен келіншек бір жылға дейін желегімен жүретіндіктен, қазақтардың аузында “желегі желбіреп тұр” деген сөз жалпыласқан. Бір жылдан кейін (немесе бір балалы болғанға дейін) желек орнына кестеленген, маржанды, салпыншақты киімешек шылауыш киеді.
Қазақ әйелдерінің кимешек шылауыштары жас кезінде, барынша ашық, әсем жібек жіптермен қанық және жиі кестеленеді. Алдымен кимешек киіледі де үстінен шекесіне шылауыш тартылады. Шылауыштың маңдайы, төбесі ( тіпті етегіне дейін ) кестеленіп, маңдайына күміс салпыншақ тағылады. Кимешек шылауыштың жасауында жалпы үлгісі ұқсаса да кейбір үлкен тайпалардың (үйсін, найман, керей) әйелдерінің кимешек шылауышында айырма да болады.
Үйсін әйелдері кимешектерін баспалап тігеді де, кимешегіне маңдай (шылауыш орнына) қояды. Ал керей әйелдерінің кимешегінің жағы кең тігіледі де, құлағы, самайы көрініп тұрады. Қызай әйелдерінің кимешегі көбінше кестеленіп (ішінара кануалап) тігіледі де, жағы басына лайықтап тігіліп әдетте құлағы көрінбейді. Қазақ әйелдері жасы ұлғайып кеткенде кимешек шылауыштарын шалаң кестелеп киеді. Өлімді-жітімді болған кездерінде, қызыл алалы кестелі кимешек-шылауыштарын бір жылға дейін кимей, бастарына қаралық салады. Ал күйеулері өлген әйелдер кимешек-шылауышты мүлде кестесіз (тек лайықты дәрежеде ақ, сары машина жіппен өрнектеп) киеді. Келіншектердің кимешектерінің алды көрікті, кестелі болудан сырт, оған маржандап сөлкебай тағылады. Шылауыштарының маңдайна тағатын салпыншақтары асыл меруерт маржандардан немесе күмістен жасалады. Бас киімде әсемділік әйелдердің көркін асыра түседі.
Қазақ қыздары мен келіншектері алуан түрлі торғыннан, барқыттан, бал барқыттардан желбіреуік салып көйлек киеді, көйлектерінің сыртанан камзол (немесе жеңсіз қысқа казекейлер) киеді. Камзолдарының кеудесін кестелеп өрнектейді. Оған қыз балалар толып жатқан түрлі моншақ (түйме, маржан, сөлкебай т.б.) қадайды. Әйелдердің қыстық, жаздық шапандары және ішіктері өз дәуірінің ең жаңасын, ең асылын өлшем ететін. Олардың жүн тартқан ұзын қысқа шапандары, ішіктері тек ең асыл кездемелермен тысталып, ең асыл терілерден жасалатын. Бірақ көрінісі жағынан ұқсас болмаған бай, кедей үй әйелдерінің киімі сапа жағынан бірінен бірі өзгеше болды. Әйелдердің дағдылы үнемілік аяқкиімі бұрын көбінше кебіс мәсі болатын. Ауқатты үй әйелдерінің аяқкиімі сән-салтанат үшін тігілген кестелі етік, көк сауырдан тігіп оюлап күміс құйма қақтырған кебістер болды. Әйелдер, қыздар бұрын сым орнына әсемдеп, кестелеп тізе қап киетін. Жазда астарлап қана, қыста жүн тартылып тігілетін. Онда ау, ышқыр болмайтын. . .
Заман өзгерісіне қарай қазақ әйелдерінің қыстық-жаздық киімдерінде үлкен өзгерістер болды. Ежелгі үлгідегі киімдердің ең көрікті, ең жақсы түрлері (желбіреуікті көйлек, үкілі тақия, әсем камзол, бөрте сал т.б.) ғана сақталып қалды. Қазақ әйелдері құлақтарына сырға алтыннан, күмістен, меруерттен, қолдарына алтын, күміс (немесе жез) білезіктер, саусақтарына алтынды, күмісті көзіне тас орнатқан жүзік салады. Қыздар, келіншектер мойындарына меруерт маржаннан алқа тағады. Қазақ ерлерінің де өзіне лайық киімі бар. Баскиімнің ертедегі үлгілері мен бүгінгі үлгілерінде жақындық болғанның сыртында, ерлер (ауқатты адамдар) құндыз, сусар, түлкі терісінен бөрік немесе тымақ киеді. Түлкінің пұшпағынан, елтіріден де тігіп киеді. Жаңбырдан, шаң тозаңнан қорғау үшін тымақ сыртынан киетін қаптаманы – кұлапара дейді. Онан қалса жалпы қазаққа ортақ тақия атты баскиім бар. Ол көбінше қара, жасыл түсті бал барқыттан дөңгеленте машинамен сырылып жасалады және зерден жиек- өрнек салынады. Қазір қазақ қолөнершілері тақияны түрлендіре тігіп, дүкендерде сататын болды.
Ерлер қыста қой, түйе жүнінен қалың кездемелермен (шибарқыт, штрке т.б) тыстап кең-мол тігілген күпі киетін. Қой терісін қолдан илеп, бояуға салады да, жүнін ішіне қаратып тон және шалбар тіктіреді. Шалбарларының балағына, тондарының етек-жеңіне қара кездемелерден қию қойып, машинамен сырғызып, әсем түрге кіргізеді. Ауқатты үйлердің адамдары елтіріден, қасқыр, түлкі, қабылан терілерінен (ішінара сусар, құндыз терілерінен) асыл кездемемен тыстаған қайырма жағалы ішік киеді. Материалына қарай: тамақ ішік, пұшпақ ішік, орман ішік, тай тері деген аттары болады. Мұндай ішіктерді шыдамды шибарқыт секілді кездемемен тыстап та киеді. Сондай-ақ, жүнін сыртына қаратып әдемі жарғақ киетіндер де бар еді. Жаз күндері жауын-шашыннан сақтану үшін әдемі тоқылған кең сулық шидем болды. Сырттан киетін жаздық шапандарына жүн тартылатын. Кездемеден тігілетін сырттан киетін сымдарын астарлап-жұқалап жүн тартқызып киеді. Әсіресе жігіттер мен балалардың сымдары балағы әшекейленіп тігілетін. Ерлер жазда жұмсақ, жұқа кездеменден көйлек, оның сыртынан қысқа жеңді казекей, алуан үлгіде тігілген шапан киеді. Шапандарының жағасы, жанқалтасы алуан түрлі болады. Қазақ ерлерінің аяқ киімі де алуан түрлі. Көбінше қыстар киілетіні - өкшесі биік, қоншы тізені қаптайтын шоңқайма етік, былғарыдан тігілген саптама етік, аңға киетін қайқы тұмсық жұмсақ етік, жасы ұлғайған адамдар көбінше жұмсақ былғарыдан тігілген мәсі немесе шеттік, оның сыртынан кебіс немесе калош киеді. Кедей кепшіктердің, жалшылардың қолы жеткені етік кисе, қолы жетпегендері сиыр терісінен, сиырдың бас терісінен, пұшпақтан т.б. шақай (шарке, шабат) тартады. Саптама етік кию Алтай, Құмыл, Санжы өңіріндегі қазақтарда қазірге дейін бар. Іле, Тарбағатай өңірінде қазір көбінше етік-калош (қыста калошпен киетін киіз етік) кию жалпыласты.
Қазіргі кездегі әртүрлі модаларға байланысты Шынжаң қазақтарының киім-кию үлгісі күн сайын өзгеріп барады. Соның ішінде қытайдың киім кию мәдениетінің ықпалы өте зор. Концерттік кештер, мерекелік басқосулар, ақындар айтысы секілді көп жиналған орталарда жиі көрінетін қазақы киімнің күнделікті пайдалану көлемі күн өткен сайын азайып бара жатыр.
Ішіп-жем және ыдыс-аяғы
Қазақтың малшаруашылық өмірі олардың ішпек-жемегімен де тығыз байланысты болды. Қазақты құраған ежелгі тайпалар заманнан қалған деректердің бәрі де бұл шындықты тіпті де айғақтай түседі.