Халықтың дәстүрлі мәдениетін зерттеу оның негізгі қаңқасын ұстап тұрған бағыттаушы сілемдері мен категорияларын анықтаудан басталғанда ғана, талғамшыл көзді біршама қанағаттандыра алар қорытындылар беруі мүмкін.
Сондықтан, тек осы шартты орындағанда ғана, көне мәдениеттің бізге жеткен қиындыларын еппен қиыстырып, біршама сындарлы пішін жасауға болады. Бұл үшін түрлі қилы салалары арасындағы көзге бірден түсе қоймас өзекті тіндерін суырт- пақтай келіп, ондағы әмбебап желім – «жөн» категориясының алатын орны мен маңызын анықтап алайық. Дәстүрлі мәдениеттің тарау-тарау құрамдас бөлімдері негізгі парадигма аясындағы бірнеше принциптер мен категориялар жиынтығынан тұрады. Біз өз мақсатымызға сәйкес «жөн» категориясын және оның әрекетті өрбіген әлеуметтік құндылықтарын ғана шолып өтеміз. «Жөн» категориясы, аты айтып тұрғандай, «қиядан шауып, қисынын тауып» үйлестірген адамның ішкі дүниесімен сыртқы дүниенің арақатынасында қылаудай қайшылық болмауын талап етеді.
Өнер салалары, тұрмыс пен болмыс сияқты мәдени сағаналарды сараптан өткізе келе бір байқайтынымыз, олардың тұла негізінде бірыңғай талап-жөн білу, ыңғайласу, үйлесу, жарасу, қарама-қарсылықты пайдаланып өсу, айтыс арқылы өрбу, яғни, тежелмеуге тырысып, ілгерілемелі өсу жолында жатқанын көреміз. Мәселен, ертегілердегі үш айырық жол, үш ағайынды, үш зат: жігіттің сегіз қырлы, бір сырлы болуын қалау: Алпамыстың Ұлтан құлды жазалауы. Баянның Қодарқұлды жазалауы сияқты, яки Асан Қайғының Жерұйықты іздеуі, Қорқыттың өліммен күресуі, ою-өрнек топан су, сыңар өре, тұмар сияқты әуезелерді қарастыра келе, «жөн» категориясының әмбебап тұғыр екенін пайымдаймыз. Уақыт-кеңістік континуумы мәдени сағаналарда қалай көрініс тапқанын бажайласақ, «жөн» категориясы көне дүниеде «Ажа» терминімен белгіленгенін анықтаймыз. «Жөн» және «Ажа» сөздері бірінен бірі туындаған ұғымдар. Қазіргі кезде мәні жойылып, атау қалыптастырушы формантқа айналып кеткен көне етістіктердің біреуінен жасалған ивриттегі «иеда», санскриттегі «веда», түркілердегі «ыды», қазақтағы «жады», «ұйық», сахалардағы «сата» тәріздес әсер тасымалдаушыны бейнелейтін сөздердің құбылуына емес, мән тұрақтығына қарасақ, «жөн» категориясының да жалпы адамзатқа ортақ бір ұғымды бейнелегеніне көз жеткіземіз. Макрокосм мен микрокосм және мегакосм арасындағы үйлесім көне тілдерде «Ажа» және «карма», «гармония» деген тегі бір сөздермен аталған. Соңғы тармақ көне шығыс мәдениетіндегі себеп-салдар түсінігін анықтайтын «көр» түсінігінен өрбіп, әрекет иесін нақтылайтын «ші» жұрнағы сияқты, осы күнгі тілдердің көбінде өмір сүріп отыр. Демек, көне дүние мәдениеті біртектес принциптер негізінде дамыған. Қазіргі байқалып отырған қайшылықтар үстіртін, форманың құбылуынан туған, жалған өзгешеліктер. Сондықтан, конвергенция мен диффузия, мутагенді және метисациялаушы мәдениеттер, культуртреггер ұғымдарына аса зор сақтықпен қараған жөн. Адам санасы бағынатын парадигма барлық ойкуменде бірдей жұмыс істейді. Сана қоршаған ортаны тек әрекет үстінде игерген. Оның әрекет өрісіне іліккен дүние әсер етуші, әсер тасымалдаушы, әсер қабылдаушы құрылым ретінде қабылданған. Көне дүние бұл құрылымды түрлі қуат көздерінің жұрнақ ретінде сатылана тіркеліп, біртұтас түбір жасаған құбылыс ретінде ұққан. Өйткені, сананы табиғат парадигмасы жетілдіргендіктен, сана өз кезегінде оны баламалы, қарайлас суреттей алған. Қоршаған ортаның күрделі байланыста тұрғанын бажайлаған көңіл көзі өзінің ішкі дүниесін үңгігенде де осы қармасқан байланысты көрген.
Көңілдің бұзылуын табиғаттың өзгеруіне немесе кері процеске балаған. Мұның өзі Дүние құрылымы белгілі бір заңдылықтарға бағынады, тәуелденеді деген пікірге әкеп соққан. Құрақта құралған әлем киімін бір-бірімен байланыстырып ұстап тұрған әлдебір заңдылықты көне дүние «Ажа», яғни, «гармония» деп белгілеген. Біз миф, діни түсінік, т.б. сәл кемсіте атайтын ұғымдар шын мәнісінде өз кезінің нағыз ғылыми пайымдаулары еді.
Ажаның шын мәні – мүшеленген, бөлшектенген дүниені белгілі бір тәртіппен қайта қалпына келтіру. Әрі бұл жарату актісі үйлесімін тауып, жөнімен іске асырылуы керек. Кем-кетікті дүниенің қалыпты өмірді қамтамасыз ете алмайтыны бесенеден белгілі ғой.
Сондықтан, жарату актісін жүзеге асырушы болсын, оның үйлесімді өмір сүруін қамтамасыз етуші, келешегін көздеп артық-кемін дер кезінде жөндеп, реттеп отырушы болсын – әлеуметтік құрылым үшін өте маңызды жұмыспен шұғылданушылар, сондықтан, қасиетті субъектілер ретінде қабылданған. Түркі дүниесінде мұндай субъектілер зия, еже, ашаман, ишан, қожа, абыз, әже, аға, кие, ие деген сияқты толып жатқан вариацияларымен белгілі. Материалды, реалды космос ішкі дүниеге экстраполяция жасағанда эмоциялық космос ұғымы туған. Эмоция-космос өнердің, шығармашалықтың бүкіл салалаларына тараған, мызғымас басты принципке айналып кеткен. Бұл принцип полиэйконизм немесе көп қырлы бір сырлылық деп аталады. Сөз асылы-жыр жанрындағы толғау-терме, айтыс, жұмбақ, жаңылтпа қара өлеңдердің эволюциясы, яғни, туу, қалыптасу /онтогенез/: әлеумет шырқын сақтау үшін аласұратын бақсылардың әрекеті, қолданатын құралдарына қойылатын талаптар, қысқасы, барша дәстүрлі мәдениет үлгілері осы принцип негізінде жасалған. Принциптің мәні – дүниенің дамуы бірін-бірі үздіксіз тудырып, тіпті, бірінің аузынан екіншісі, ол өзі бөлектеніп үлгермей, үшінші бір құбылысты дүниеге келтіріп жатқан, шиыршық ата ирелеңдеп, ұзап бара жатқан мезгілдің жолын тұжырымдау. Яғни, әрбір үзік ирегі бір бөлшек болып артында қалып жатқан уақыт-жылан жолы. Бұл аспан дүниесін бақылаудан келіп шыққан ұғым.
Астральді дүниені бақылау ақыр аяғында спиральді даму идеясы мен фәни дүниенің бұзылып, қауіпті жағдайда тұруы идеясына әкеп соқты. Мұның өзі жалпы адамзатқа тән гармония ұғымына кірбің енгізді. Бұзылған Ажаны қалпына келтіру – тым болмаса, жаратылыс актісін үздіксіз қайта жасау арқылы оның осы халін тұрақтандырып қалу ниеті. Бұл ойды іске асыруға қажет құралдар пайда болды. Өйткені, физикалық және әлеуметтік-психикалық космос тепе-теңдік жағдайынан шығып кетті, бірақ, әлі толық күйреген жоқ. Қазақ аңызында көк өгіз жерді қазып, алғашқы екі адамға су шығарып береді. Артынан мүйізімен жерді көтеруге кіріседі. Бірақ, өкінішке орай, белгісіз себептермен бір мүйізі сынады, сөйтіп, дүние кемелі толмай қалған. Қазақтардың кез-келген ою-өрнек композициясында кездесетін тұмар ою мен сыңар оюлар осы оқиғаны ишаралайды. Қытайдың антропоморфты космосы да оңтүстікке қарап иіліп тұр. Мұны біз қобыздан да байқаймыз. Уақыттың туындысы болғандықтан, адам оның ізін қайталауы керек. Сондықтан, ырымның бірінде үйді айналып жүгіруге болмайды. Әйтпесе, шеңбер ашылмай, полиэйконизм принципі талап ететін спиральді, төңкеріле-аударыла даму орындалмайды. Яғни, адам уақыттан тыс қалады. Ол мәңгіліктің шеңберіне түседі. Онда тіршілік жоқ. Өлім де жоқ, өмір де жоқ. Қаңтарылмаған, теңдігі бұзылған дүниені, әлемді жөнге салып тұрған осы астральді жол, спираль. Спираль, сөз жоқ, өзінің ішкі логикасы арқылы «контраст», «ала» ұғымын тудырады. Мәселен, күндіз бен түннің, жаз бен қыстың, т.б. ауысуы ою-өрнекте кесте мен бос кестенің арақатынасы ретінде көрініс тапқан. Мұнда жануарлардың өзара және өсімдіктермен оппозицияда тұрғанын байқауға болады. Мысалы, адамның құлағы мен оған ілінген сырға қарсы бағытта иірілген контраст, биполярлық контур. Бұл арада біз жауыққан қарама-қарсылықты емес, бірінен бірі туындаған, позицияның табиғи ауысуын, жұптың таққа, тақтың жұпқа өтуін көруіміз керек. Үзілді-кесілді жаулыққа «жөн» категориясы тыйым салады. «Контраст: немесе «ала» ұғымы бірінен бірі туып, бірін бірі жұтып, қайта құсып жатқан, яғни, жаңа құбылысқа бастама болып жатқан баспалдақты, дамуды көздейді. Оюлардан құлақ шыққанда /тісі шыққанда/ бұрылып кетуі, әйгілі «хайуанаттар стиліндегі» тас ғасырынан үзілмеген шарпысу, қажасу, жұту, құсу, кірігу, құбылу сілемдері, қаңтарылмаған дүниені одан әрі бұзылудан сақтау үшін жөн, амал іздеу биполярлық контурды шөгендеу ниетімен туған біртекті процестің тарихи дамуы ғана. Соңғы орта ғасырда ою-өрнектердің басым болып кетуі өнер дамуының өзіне тән ішкі заңдылығы деп танылғаны жөн. Ою-өрнектер мейлінше дерексізденген, өте көне полиэйконизм принципінің ең жоғарғы сатысы. Жоғарыдағы айтылған адам санасындағы әсер тудыру, әсер тасымалдау, әсер қабылдау процесі әрекет аймағында қалыптасқан сананы түрлі әсер тасымалдаушы құралдар жасауға итермелейді. Сондай тылсым күші бар деп есептелінген көптеген құралдардың бірі қазақтың «Нар қобыз» деп аталатын аспабы. Ажаның бабын табуға, гармонияны сақтауға міндетті бұл құрал туралы түрлі зерттеулер біршама. Қазақ мәдениетінің компоненттері ішіндегі ауызға бірден іліккен, бірақ, көп сырын бүгіп қалған бұл ғажайып музыкалық аспаптың аты көбею, қомдану, көбіктену, жарату актісіне дайын субъект мағынасын береді. Оның формасы мен мазмұны идеалды түрде кірігіп кеткен. Мұндай өте сирек мәдениет туындысы әлемде тек Мысыр пирамидалары шығар. Жаратылыс барысы күңіренген, ыңырынған, ұлыған, өксіген дыбыстарсыз үн-түнсіз жүруі мүмкін емес. Дүниенің жұрнақтары /блок, компонент, фраза, т.б. / – қажасып, талмаураған зооморфты, терраморфты бейнелер, не түрлі түсініктердің шағылыс барысында құбылуы, эмоцияның құйын болып ауысуы тұрғысында үйлесіп жатқан тізбек ретінде түсіндірілген. Мысалы, Бапыхан сұраған затты алып шығу үшін көлге түскен Шалқұйрықтың жаратылыс процесіне араласқаны ақ көбік, қызыл көбік арқылы беріледі. Манас жауға шапқанда оның айналасын түрлі жыртқыштар қаумалап жаудың үрейін алады. Бұл арада шексіз мысалдар тіркемесін келтірмей-ақ, толқу үстіндегі түстер мен аңдардың дүние жаратылып немесе қайта туындап жатқан мезгілдегі эмоционалдық спектрдің жылжуын ишаралайтынын айтсақ жеткілікті.
Қазақ күйлерінің табиғаты, құрылымы, әуезесі осы процестің табын меңзейді. Бұл жерде санның сапаға ауысуы биполярлы контурдың оқтын-оқтын дем алуын, яки, күндіз бен түннің алмасу кезеңдерінің сәтсіз өту мүмкіндігі, үздіксіз процестің зиянды бағыт алып кету қаупі құрал әлемінде қалыптасқан сананы медиатор аспап істеуге әкеліп тіреген. Күй композициясындағы әуеннің өзгеруі мен ою-өрнектегі құлақ шыққанда аунап түсу, көңіл-күйдің өзгеруі жаратылу актісінің бүкіл процесіне таңылған. Біртекті, сәйкес құбылыс ретінде қабылданған бір жөнге бағынып үйлескен, гармония-ажарға түсірілген нарқобыздың құрылысы өте күрделі. Ондағы бір элементтің кейбір бөліктері екінші элементтің құрамдас бөлігі болып келеді. Екі элементі жиналып үшінші элементке айналады. Форма мен мазмұнның идеалды қабысқан тұсы ретінде негізгі құрамдас бөлімдерін кейде қолмен ұстап, көзбен көруге мүлдем келмейді. Әуез-әуеннің тегі туралы майталман күйшілердің эзотериялық мифінде күй атасы Нұртөлі туралы былай делінеді: Ертеде адамдар еліне жыландар елі шабуыл жасапты. Әсіресе, үйді бірнеше орап, ешкімді шығармай жатып алатын жыландар патшасы өте ауыр тиіпті. Қос алтын мүйізі дем тартып, уытын шашқанда үйге тығылған адамдардың еті ағып түсіп, қу сүйегі қалады екен. Мүлде құруға айналған адамдар сонда тәңірге жалбарынып көмек сұрапты. Сол кезде аспаннан жарық сәуле түсіп, онымен қос өркеш түйеге теріс қарап мінген Нұртөлі атты бала жерге түскен екен. Бұлт арасынан шыққан қол оған домбыра ұсыныпты. Домбырасынан сиқырлы үн төккен Нұртөлі Солтүстік Қара теңізді бетке алып жүре берген. Оның күйіне елтіген жыландар, патшасы бас болып, ере берген. Сол күйімен Нұртөлі теңіздің астына кетіпті. Жыландар да бірге түсіп, теңіз мақұлықтарына айналған. Нұртөлі әлі күнге дейін теңіз астында домбырасын тартып отыр, теңіздің үздіксіз күңіреніп, шу шығарып жататыны сондықтан. Оның күйі ешқашан тоқтамауға тиіс-міс. Бұл мифтің асқан әдеби көркемдігін былай қойып, оның қобызға қатысын қарастырайық.