Қазақстанның кең-байтақ даласында 4970-ке жуық археологиялық ескерткіш мемлекеттік есепте тұр. Орта ғасырлар кезеңінде тарихшылар, географтар, саяхатшылар және ғалымдар ескі қоныстар мен қалалардың орны туралы мәліметтер қалдырған.
XVIII ғасырдағы зерттеулер 1707 жылы жарық көрген С.Ремезовтің «Сібір картасы» қазақ даласындағы археологиялық ескерткіштер туралы мәліметтерді қамтиды. 1733 жылы Г.Ф.Миллер бастаған бірінші академиялық экспедиция қазақ жерінде жұмыс істеді. П.И.Рычковтың 1774 жылы жарық көрген «Орынбор топографиясы» атты еңбегінде ертедегі кеніштердің орны туралы ақпараттар бар. Бұл кезеңдегі зерттеулер ғылыми негізде жүргізілмей, кездейсоқ табылған жәдігерлерді жинаумен шектелді.
XIX ғасырдағы зерттеулер Ресейдегі археологиялық зерттеулердің кеңеюі Қазақстандағы көне ескерткіштерді ғылыми түрде зерттеуді қажет етті. Атақты қазақ ғалымы Ш.Уәлиханов өз қолжазбаларында ортағасырлық Талғар және Шеңгелді қалалары туралы мәліметтер қалдырған. Орыс шығыстанушысы В.Радлов Шығыс Қазақстандағы археологиялық ескерткіштерді бірінші болып тарихи кезеңдерге бөлді. Оның еңбектері Қазақстан археологиясының дамуына үлкен үлес қосты.
1867 жылы Ресейдің Археологиялық комиссиясының шешімімен орыс шығыстанушысы П.Лерх Түркістан өлкесін зерттеуге кірісті. Ол Сауран, Сығанақ, Тараз қалаларының жоспарларын картаға түсіріп, Жаңакент қаласындағы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді және ортағасырлық қалаларды зерттеудің ғылыми негізін қалады.
1862 жылдан бастап В.Радлов Шығыс Қазақстан жерінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1893-1894 жылдары белгілі ғалым В.Бартольдтың Орта Азияға ғылыми сапары Қазақстан археологиясының дамуына негіз болды. Оның ғылыми еңбектері әлі күнге дейін маңызын жоғалтқан жоқ. 1895 жылы академик В.Бартольд Ташкент қаласында алғашқы археологтар үйірмесін ашты. Үйірме мүшелері В.Кларе мен А.Черкасов 1904 жылы Отырар қаласында қазба жұмыстарын жүргізді.
XX ғасырдағы зерттеулер 1920 жылы Түркістан мәдени ескерткіштерді қорғау және мұражайлар комитеті құрылды. Комитеттің негізгі міндеті тарих ғылымының үлкен бір саласы – археологияны дамыту болды. Сайран және Тараз қалаларында археологиялық зерттеулер жүргізіліп, М.Массоның Түркістан туралы алғашқы ғылыми еңбектері жарық көрді.
XX ғасырдың 30 жылдарында Қазақстанда М.Грязнов, И.Синицын, С.Черников және О.Кривцова-Гракова бастаған экспедициялар орталық және шығыс аймақтарда жұмыс істеді. 1936-1940 жылдардағы А.Бернштам бастаған археологиялық зерттеулер ғылыми жағынан өте құнды болды. Экспедиция Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу жеріндегі сақ дәуірінен соңғы орта ғасырлардағы ескерткіштерге зерттеулер жүргізді.
Қазақстан жеріндегі ежелгі адамдар
Тек 1948 жылы белгілі археолог Г.Н. Сосновский кездейсоқ табылған тас құралдар мен жануар сүйектерін зерттей отырып, «Қазақстан жерінен Азияның осы бөлігіне тән алғашқы қоныстанушылардың қалдықтары табылуы мүмкін», – деген болжам айтты. Қазақстан археологтарының жетістіктері бұл болжамнан асып түсті. Талантты қазақстандық археолог X.А. Алпысбаев 1957 жылы Үлкен және Кіші Қаратау жоталары маңынан ертедегі тас дәуіріне жататын көптеген тұрақ пен үңгір тапты. Бұл жаңалықтар қазіргі уақытқа дейін жалғасын тауып келеді. Қазіргі уақытта Қазақстанның барлық аймақтарында ерте тас ғасыры ескерткіштерінің орны белгілі болды. Оларға «Бөріқазған», «Тәңірқазған», «Тоқалы», Ш.Уәлиханов атындағы тұрақ, «Шабақты», «Мұзбел», «Үшбас», «Қошқорған», «Шоқтас», «Ащысай», «Семізбұғы», «Қарабас», «Ангресор», «Батпақ» және басқа да ескерткіштер жатады. Қаратаудың алғашқы тұрғындары от жағып, оны сөндірмей, ұстай білген. Олар аң аулаумен, азық болатын өсімдіктерді жинаумен айналысқан. Орталық Қазақстандағы қазбаларға қарағанда, ежелгі адамдар тас құралдарын кеңінен пайдаланған. Олар тастарды үшкірмен, қырғыштармен, шапқылармен және кескіштермен жасап, өз қажеттеріне жаратқан.
Жетісу аймағында артефактілері анықталған тас дәуірінің тұрақтары Шарын өзені аңғарындағы «Ақтоғай-1-4» ескерткіштерінен табылды. Осы аймақта тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Қ. Таймағамбетов көп мәдени қабаттан тұратын Майбұлақ тұрағын ашты. Ол Алматы облысындағы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылынан оңтүстік-батысқа қарай екі шақырым жерде Іле Алатауының солтүстік беткейінде орналасқан. Қазба жұмыстары төбешіктің орталық бөлігінде жүргізіліп, оның аумағы 130 шаршы метрді құрады. Қазбаның тереңдігі 8 метрге жетіп, үш мәдени қабат анықталды. Қазба барысында таспен қаланған ошақ пен оттың орны анықталды. Еңбек құралдарынан екі қырғыш, қырнауыш, ойықты құрал табылды. Мәдени қабаттардың қалыңдығы адамдардың ұзақ уақыттық қонысымен қатар, тұрақ-шеберханалардың болғандығын дәлелдейді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор В.Ф. Зайберт басқарған Солтүстік Қазақстан және Көкшетау археологиялық экспедицияларының 30 жылдық ғылыми зерттеулері Қазақстанның ежелгі тарихында әлемдік өркениеттер қатарына жататын бірнеше жаңалықтарды ашты. Жылқы жер бетінде тұңғыш рет б.з.д. IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстанда қолға үйретілді. Бұл құбылыстың тарихи мәні өте зор. Б.з.д. IV мыңжылдықтан бастап, Еуразияның ежелгі жылқыларының пайда болу кезеңінен XVII-XVIII ғасырлардағы индустриялы дәуірге дейін жылқы өркениет үдерісінің дамуында тек ұлы далада ғана емес, ескі әлемнің адамдар мекендейтін барлық жерлерінде де негізгі рөл атқарды.
«Ботай» қонысы әлемде алғашқылардың қатарында жартылай отырықшылық тұрмыс салтына көшті. Жартылай жер үстіне тұрғызылған үйлер ағаштан, саз балшықтан, жылқы сүйегінен, қайың қабығынан және шымнан салынды. Үйлердің ауданы 120 шаршы метрге дейін жеткен. Олардың пішіні көпбұрышты, ал күмбез тәрізді төбелері ешқандай тіреусіз-ақ өте берік болды.
Ботайлықтар қола дәуіріне дейін екі мың жыл бұрын мыстан жасалған құрал-саймандар мен әртүрлі заттарды пайдаланған. Ежелгі ботайлықтардың үй кәсібінде сүйектен заттар жасау кеңінен қолданылды. Сонымен қатар, тері илеу, тоқыма бұйымдарын дайындау, ағаш өңдеу де дамыды. Сүйектен және мүйізден жасалған бұйымдарға аралау, бұрғылау, жону және жылтырата тегістеу әдістері кеңінен қолданылды, тіпті оларды өңдеуге мыс құралдарды да пайдаланған.
«Ботай мәдениетін» жалғастырушылар алғаш рет даладағы малшылардың күнтізбегін жасады. Қыста олар қыстақтарда әрі тұрақты үйлерде тұрса, жаз айларында Жезқазған мен Ұлытаудың таулы-дала аймақтарында малдарымен бірге көшіп жүрген. Қыш құмыраға салынған екі доңғалақ пен олардың ортасында тұрған аттың нақышталған кескіні бұл көшпелі өмірдің дәлелі болып табылады.
Қазақстандық археологтар мен олардың шетелдік әріптестерінің «Ботай мәдениетіне» қатысты ғылыми ізденістері бүкіл әлемде ғылыми және қоғамдық жариялылыққа ие болып, олардың жұмыс нәтижелері адамзаттың жұмбақ тарихының сансыз сауалдарына жауап беруде және болашақта да жауап бермек.
Алғашқы палеометалл және индустрияның бастауы
Қазақстан жеріндегі археологиялық зерттеулер Ғылым академиясы құрылғаннан кейін жаңа қарқынмен жүре бастады. Республикадағы археологиялық зерттеулерге Тарих институтының археология бөлімі жетекшілік етті. Академик Ә.X. Марғұлан бастаған Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы көптеген жылдар бойы ұлы Арқа жеріндегі зерттеулерін жүргізді. Қола дәуірінің негізгі орталықтарының бірі – Орталық Қазақстан. Бүгінгі күні ғалымдар бұл өңірден сол кезеңге жататын 30-дан аса елді мекен мен 150-дей қабірді (қорымды) зерттеді. Біздің заманымызға дейінгі XII-VIII ғасырлар «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталады. Бұл мәдениет Қарағанды қаласы маңындағы Дәндібай ауылында және Балқаштың солтүстік төңірегіндегі Беғазы қойнауында қола ескерткіштерінің алғаш табылған жерлеріне қарай аталған.
«Беғазы-Дәндібай мәдениеті» Атасу өзенінен Ертіске дейінгі байтақ даладан табылған көптеген ескерткіштерімен сипатталады. Олардың қатарына «Ақсу-Аюлы-ІІ», «Ортау-ІІ», «Байбала-ІІ», «Бесоба», «Бұғылы-ІІІ» кешендері жатады. Археологтардың еңбегімен Солтүстік және Батыс Қазақстанда қола дәуірінің көптеген ескерткіштері ашылды. Оның ішінде ғылымға кеңінен белгілі «Алексеевка», «Ұралысай», «Тастыбұлақ» және басқа қоныстар бар. Батыс Қазақстан жеріндегі қола дәуірінің ескерткіштері таспен қоршалған болса, Есіл өңірінің Петровка, Боголюбово төңірегіндегі елді мекендер орман және қазылған ор топырағынан соғылған дуалмен қоршалған.
Археологиялық жаңалықтар Қола дәуіріне жататын Қазақстан жеріндегі ежелгі қалалардың бірі – Қостанай мен Челябі облыстарының түйіскен жеріндегі Арқайым. Соңғы кездегі археологиялық зерттеулер Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда қола дәуірінде адамдар қоныстанғанын және игергендігін көрсетіп отыр. Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан, қола дәуірінің соңғы кезеңіне жататын Түгіскен кесенесі (мазары) де маңызды ескерткіштердің бірі. Мазар саз кірпіштен салынып, іші дөңгеленіп, қабырғаларының сырты төртбұрышты болып келген. Шеңберді айналдыра кірпіштен тікбұрышты тіреулер өрілген. Үйдің ортасына және дәліздерге ыдыстар, қоладан жасалған құралдар мен қарулар, алтын әшекейлер қойылған. Өлген адамның мәйітін ортаңғы бөлмеге жатқызып өртеген.
Металлургия және тау-кен өндірісі Қола дәуірінде далалық өркениеттің іргетасы қаланды. Орталық Қазақстан аймағы Орал тауларынан Енисейге дейін, оңтүстігінде – Тянь-Шань мен Памир, Орталық Азияның шөлдеріне дейінгі аралықты қамтыған Андронов тарихи-мәдени қауымдастығының құрамында болды. Бұл мәдени орта Еуразия аймағындағы бірегей құбылыс болып табылады. Б.з.д. II мыңжылдықта өндіруші мал шаруашылығы мен кешенді отырықшы-бақташылық бағыттары толықтай қалыптасты.
Жезқазған кенішінен қола, сақ және орта ғасырлар дәуірлерінде 1 миллионнан астам тонна мыс рудасы алынған. Аса ірі көне кен орнына «Кенқазған» жатады. Мұндағы көне карьердің қазіргі ұзындығы – 500 м, ені 100 м. Мамандар оның қазіргі сақталған тереңдігі 10 м, ал кезінде 30 м-ге жеткен деп санайды. «Кенқазғаннан» көне дәуірде 800 мың тонна мыс рудасы алынған. «Кенқазған» рудасы одан 100 шақырым қашықтықтағы қола дәуірінің «Атасу» қонысына жеткізіліп, сонда балқытылған. Атасу өзені алқабында орналасқан осы қонысты зерттеген археологтар мұнда 22 балқыту пешінің орнын ашты. Қарағанды облысындағы «Суықбұлақ», «Қарқаралы 1-2», «Шортандыбұлақ», «Талдысай» сынды көптеген металлургиялық қоныстар да бар.
Қорытынды Орталық Қазақстан Еуразияның аймағында үлкен тау-кен, металлургия және металл өңдеу ошақтарының біріне айналды. Қазақстан жеріндегі қола дәуірі қоныстарының ең үлкені болып табылатын «Кент» қонысының ауданы – 30 гектар. Мұнда тұрғын үй, түрлі шеберханалар, ғұрыптық орындар санатына кіретін 100-ден астам құрылыс орны бар. Беғазылықтар әскери ақсүйектер – пәрменді көсемдер басқарған бірнеше ірі тайпалық бірлестіктен құралған. Үлкен көлемдегі тас кесенелер билік пен байлықты өз қолдарына жинаған, металл өндіру мен оны бөліп тарату саласына бақылау жасап отырған, алыс өлкелерге жорықтар жасаған қаһарлы көсемдердің қабірлері болып табылады.
Петроглифтер
Қазақстан аумағында петроглифтердің зерттелу тарихы 100 жылдан астам уақытты қамтиды. Тас ғасырынан бастап кейінгі орта ғасыр уақытына дейінгі кезеңдерді қамтитын петроглифтер түрлі аймақтарда табылған. Оларға «Тамғалы», «Теріс», «Қарасай», «Баянжүрек», «Ешкіөлмес», «Маңғыстау», «Мұғалжар», «Қаратау», «Қарақыр», «Ақбақай», «Қырғыз Алатауы» жатады.
Таңбалы археологиялық кешені 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне Қазақстаннан екінші болып «Таңбалы археологиялық кешені» енгізілді. Бұл кешен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен кейінгі екінші орынға ие болды. «Таңбалытас» суреттері Таңбалы өзенінің құрғап қалған арнасының ортасындағы жырылған сайдың аңғарында орналасқан. Өзеннің екі жағындағы жота беткейлерінің жоғарғы жағы сурет салуға қолайлы.
Петроглифтердің сипаттамасы