Монтмориллонит (Францияның Вьенна департаментіндегі Монтморийон қаласының атынан шыққан) – силикаттар класының минералы. Химиялық құрамы: (Na, K, Ca) (Al, Fe, Mg) [(Sі, Al)4O10] (OH)2*nH2O. Минералдың құрылымы үш қабатты пакеттен (текшеден) тұрады. Оның екі қабаты кремний-оттекті тетраэдрден құралған, олардың арасындағы алюминий катиондарынан тұратын үшінші октаэдрлі қабаты кристалдың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Пакет (текше) араларын су молекулалары Ca2+, Mg2+, Na+, K+, т.б. алмасу катиондары толтырады. Алюминийдің Fe3+, Cr3+, Ca2+, Mg2+, Zn2+, Cu2+, Lі+, т.б. катиондарымен алмасуынан Монтмориллониттің нонтронит, керолит, хризоколла, бейделлит, сапонит, т.б. көптеген түрлері түзіледі. Монтмориллонит жасырын кристалды, топырақ тәрізді, тығыз массалы агрегаттар құрайды және ұсақ қабыршақтар түрінде кездеседі. Магмалық жыныстардың, олардың туфтарының, кальцийлі, темірлі шөгінді жыныстардың жер бетінде, құрғақ климат жағдайында, сілтілік ортада үгілуінен, сазды жыныстардың шайылып екінші жерге тұнуынан пайда болады. Түсі ақшыл сұр, көкшіл ақ, қызғылт, кейде жасыл; Моос шкаласы бойынша қатт. 1 – 2,5; тығыздығы 1,8 г/см3. Кавказ таулары, Қырым түбегі, Түрікменстан, АҚШ, Жапония, Франция, т.б. елдерде Монтмориллониттің бірнеше кендері бар. Мұнай өнімдерін тазарту, сабын қайнату, резина, қағаз, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін тазарту, т.б. үшін қолданылады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев — Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, XI том 27 бет.

Дереккөздер

Санат:Алюминий минералдары Санат:Магний минералдары Санат:Натрий минералдары Санат:Кальций минералдары Санат:Силикат минералдар