Бекітпе - тау-кен бекітпесі — кеніштегі, шахтадағы кен қазбаларының төбесі мен қабырғалары опырылып құлап түспеу үшін, сондай-ақ, тау қысымын реттеу мақсатында қазба ішінде тұрғызылатын немесе тұтас орнатылатын тау-кен техника құрылысы. Кен қазбаларының түріне, оларда атқарылатын жұмыстың сипатына, пайдалану мерзіміне қарай бекітпелер уақытша және тұрақты болып бөлінеді.
Тұрақты бекітпе — кеніш, шахта аймағындағы кенді түгел алып біткенше сақталады және олар өте берік, жоғары сапалы материалдардан (металл, бетон) жасалады.
Уақытша бекітпе — кен қазу алдында дайындық үшін жүргізілетін, пайдалану мерзімі 2 — 3 жылдан аспайтын қазбаларда қолданылады. Пайдалану ерекшелігіне, түсетін қысымның сипатына байланысты бекітпе қайыспайтын, аздап иілетін, топсалы және құрастырмалы, түр-тұрпатына қарай — тік бұрышты, трапеция тәрізді, күмбез, сақина тәрізді болып бөлінеді. Тау-кен бекітпелерінің материалдарына ағаш, бетон, темір, темірбетон пайдаланылады. Көмір шахталарында бекітпелер құрылымдық ерекшелігіне байланысты механикалық-жылжымалы,қалқанды болып келеді, ал атқарар қызметіне қарай — кенжармалық және шөктіргіш болады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
Дереккөздер
Санат:Геология