Қазыбек Шорманұлы (1864, Жетісу облысы, Жаркент уезі, Байынқол болысы - 8.8.1916, Қырғызстан, Қарақол қаласы) — Қарқара көтерілісі басшыларының бірі.

Ұлы жүздің Албан тайпасынан шыққан.

Қазыбек еңсегей бойлы, қарулы, ел жұртқа әділдігімен белгілі, сыйлы кісі болған. Әкесі Шорман, атасы Есенғұл да белгілі адамдар. 1916 жылы шілде айының бас кезінде Қарқара - Кеген - Нарынқол өңірлерін мекендеген елдерді Ж.Мәмбетов, Ү.Саурықов, Ә.Сұлтанбеков, Т.Жансеркеев, К.Қаңтаров сынды беделді адамдармен бірге «маусым жарлығына» қарсы шығуға үндеді. Ол Ереуілтөбеде болған көп адам қатынасқан мәжілісте патша жарлығын орындауға үзілді-кесілді қарсы шықты. Осы жиыннан кейін Қарқара көтерілісі басталды. Көп кешікпей патша жазалаушылары Ереуілтөбеде болғандарды түгелімен тұтқындап, Қарақол (Пржевальск) қаласының түрмесіне жапты. 8 тамыз күні ішінде Қазыбек бар бір топ көтеріліс басшыларымен бірге атылды. Қазыбектің үш әйелінен 4 қыз, 6 ұл болған.Айбын. Энциклопедия. / Бас редакторы Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. ISBN 9965-893-73-Х

Дереккөздер

Санат:Қарқара көтерілісі