Араб жазбалары Араб тіліндегі Қазақстан туралы жазбалар Араб тіліндегі Қазақстан туралы жазбалар — 8-15 ғасырлардағы Қазақстан жерін мекендеген халықтар мен тайпалардың тарихын, әсіресе, Шыңғыс хан шапқыншылығы кезеңін зерттеуге қажетті деректемелері мол араб тіліндегі тарихи-географиялық әдебиет. Араб халифаты заманында арабтардың шығысты жаулап алып, мұсылман синкретик. мәдениеті мен ислам дінін таратып, мұсылман дүниесінен шалғайдағы кейбір аймақтармен сауда қатынасын дамытуының нәтижесінде көрші және алыс елдерден жан-жақты мәліметтер жиналды. Орта ғасырлардағы араб тарихнамасында Қазақстан аймағының ерекше орын алуын, біріншіден, арабтардың Орта Азиядағы жаулап алған жерлеріне билігін нығайтуға, екіншіден, қазақ даласын мекендеген көшпелі жауынгер тайпалардың шабуылынан сақтануға тырысқан әрекеттерімен түсіндіруге болады. Қазақстан халықтары туралы ертеректегі деректер араб тіліндегі классик. тарихи шығармалардан белгілі. 9 ғ-да өмір сүрген әл-Белазуридің “Китаб футух әл-бұлдан” (“Жорық кітабы”), әт-Табаридің “Тарих әр-русул уә-л-мулук” (“Пайғамбарлар мен патшалар тарихы”) атты шығармаларында 7-8 ғ-дағы арабтардың Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанның кейбір аймақтарына жасаған жорықтары айтылады.
әт-Табаридің замандасы, бағдаттық әл-Жаһиздың (9 ғ.) “Манақиб әл-атрак” (“Түркілердің лайықты қасиеттері”) кітабында Қазақстандағы көшпелі түркі тайпаларының этнологиясы жөнінде тұңғыш мәліметтер берілген, Аббас әулеті халифтары ұландарының қатарындағы түрік сарбаздары жайлы, араб қалалары тұрғындарын таңдандыратын түркілердің жауынгерлігі, олардың әдет-ғұрпы туралы баяндалған. Тамим ибн Бахр 9 ғ-дың 1-жартысында Ертіс бойындағы (Солт.-Шығыс Қазақстан) қимақтар елі арқылы тоғыз-оғыз қағанының астанасын басып өтіп, Шығыс Түркістанға саяхат жасады. Тамим ибн Бахр қимақтардың мекен-жайы, шаруашылығы жайында мәлімет бере отырып, Тараз қ-нан қимақ патшасының сарайына дейінгі көрген-білгені жайлы әңгімелейді. Қазақстан жерін мекендеген тайпалар туралы деректер 9 ғ-дағы араб тілінде жазылған геогр. шығармаларда да ұшырасады. Мұндай ерте кезден сақталған еңбекке почта мен тыңшы қызметінің бастығы ибн Хордадбектің “Китаб әл-масалик уә-л-мамалик” (“Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап”) атты әкімш.-геогр. анықтама еңбегі жатады. Онда Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуды басып өтетін Ұлы Жібек жолы, оның бойындағы қалалар мен қоныстар жайлы айтылып, түрлі елді мекендердің ара қашықтығы көрсетілген. ибн Хордадбек, көбінесе, халифаттың ерте кездегі байланыс қызметі архивіне сүйенген. Тарихшы-географ әл-Йақубидің (9 ғ.) “Китаб әл-бұлдан” (“Елдер кітабы”) атты геогр. шығармасында Қазақстан түркілері жайындағы тарихи этногр. кең ауқымды материал қамтылған. Бұл еңбекте түркілер туралы деректер анағұрлым нақты берілген. Әсіресе, оғыз, қарлұқ, қимақ, қырғыз, тоғыз-оғыз тайпаларының бірлестіктері туралы мәліметтері аса маңызды.
Қазақ жері жайлы жазған мұсылман географ-тарихшылары әл-Белазури әт-Табари әл-Йақуби Тамим ибн Бахр ибн Хордадбек Құдама ибн Джафар әл-Факих әл-Балхи Ибн Фадлан ибн Хаукал Әбу Дулаф әл-Масуди Исхақ ибн әл-Хұсайын әл-Маруази Закария әл-Қазуини Ибн әл-Асир ибн Баттута Ибн Халдун ибн әл-Фурат Ибн Арабшаһ
Қазақ жері жайлы жазған араб кітаптары
Араб географы, филолог Құдама ибн Джафар (10 ғ.) “Китаб әл-харадж уә сан(ат әл-китаба” (“Харадж және хатшылық өнер жайлы кітап”) деген ресми құжаттар мол пайдаланылған геогр.-әкімш. шығармасында халифаттың әкімш. бөліктері, ірі қалалары, таулары, өзен-көлдері және жеті климат (ықылым) туралы деректер береді. Мұнда аймақтардағы жол қатынасы, жер жағдайы, алым-салық мәселесі туралы айтылады. Шығармада көршілес мұсылман елдері жөнінде мағлұмат беріліп, онда қарлұқ, қимақ, оғыз тайпалары, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу шебіндегі жол қатынасы, қалалар мен елді мекендер, олардың ара қашықтығы жөнінде нақты мәліметтер жинақталған. Араб географы ибн әл-Факих (9 ғ-дың соңы — 10 ғ-дың басы) “Китаб ахбар әл-бұлдан” (“Елдер туралы әңгіме кітабы”, 903 ж.) атты тарихи шығармасында, көбінесе өзіне дейінгі авторлардың (әл-Жаһид, ибн Хордадбек, әл-Жейхани) мәліметтеріне сүйенеді. Шығармада Азия мен Батыс Еуропа елдері туралы тарихи-геогр. материалдар мол. Түркі тайпалары (қарлұқ, қимақ, қыпшақ, оғыз, тоғыз-оғыз т.б.) жайлы, олардың орналасуы, шаруашылық және мәдени өмірі, елдер, қалалар, сауда жолдары туралы деректері аса құнды. 10 ғ-дың басында ибн әл-Факихпен бір мезгілде Ахмед ибн Рүсте көп томдық энциклопед. шығарма жазды. Бұл еңбектің аймақтардың тарихи-геогр. сипаттамасы жазылған бір ғана томы сақталған. Ибн Рустенің түрлі саяхташылар мен географтардың шығармаларының негізінде түркі тілдес тайпалар туралы жазған “Китаб әл-алақ ән-насифа” (“Қымбат алқа туралы кітап”) атты еңбегінің Қазақстан тарихы үшін үлкен маңызы бар. 10 ғ. — араб геогр. әдебиетінің кемелденген кезі. Бұл дәуірдегі арабтың көрнекті географ-саяхатшысы ирандық әл-Истахридің (10 ғ.) “Китаб масалик уә-л-мамалик” (“Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап”) атты еңбегі әл-Балхидің бізге жетпеген геогр. шығармасының өңделген және толықтырылған нұсқасы болып табылады. Кітапта Парсы теңізі, Мағриб, Египет, Сирия, Румдар теңізі, Ирак, Үндістан, Хазар теңізі, Армения мен Әзірбайжан, Хорасан мен Мауераннахрға геогр. сипаттама берілген.
300px|thumb|Хорезм Империясы 1190—1220 жылдары
Бұл елдердің әрқайсысының шекарасы, қалалары, бір-бірінен қашықтығы, қатынас жолдары туралы дерек келтіріліп, азық-түлік, сауда-саттық, қолөнері жөнінде егжей-тегжейлі жазылады. Сонымен қатар шығармада Шығыс Еуропа жайында, соның ішінде хазарлар, бұртастар, бұлғалар жайында, бүгінгі Қазақстан жерін мекендеген түркі тайпалары: оғыздар, қимақтар, қарлұқтар туралы маңызды мәліметтер бар. Түркі тайпаларының орналасқан жерлері белгіленген “Дүние жүзінің картасы” берілген. әл-Истахридің еңбегін 10 ғ-дың соңында ибн Хаукал толықтырып, “Китаб әл-масалик уә-л-мамалик” (“Жолдар мен мемлекеттер туралы кітап”) деп атады. Оның жазбасына қарағанда олар бір тілде сөйлеген. әл-Истахри мен ибн Хаукал еңбектерінің маңызды бөлігі “Сурат әл-ард” (“Жер беті”) деп аталатын геогр. карта болып табылады. 10 ғ-да Қазақстан жері арқылы арабтың 2 саяхатшысы, ибн Фадлан мен Әбу Дулаф сапар шеккен. Ибн Фадланның “Рисала” (“Жазба”) еңбегінде араб халифатының астанасынан Еділ бұлғарларына барған елшіліктің сапары жазылған. Елшіліктің мақсаты хазарларға қарсы араб-бұлғар одағын құру, әрі бұлғарлар арасына ислам дінін орнықтыра түсу еді. Елшілік Бағдадтан 921 ж. маусымда шығып, 922 ж. мамыр айында бұлғарларға жетеді. Бұлар Хамадан, Рей, Нишапур, Мерв, Бұхара, одан Хорезм, Үстірт, Жайық арқылы Еділ бойына келді. Мұнда орыстар мен хазарлардың әлеум. және рухани өмірінен, Қазақстанның бүгінгі батыс облысытарын мекен еткен көшпелі түркі тайпалары: пешенек, башқұрт, әсіресе, оғыздардың этногр., шаруашылық, тарихи-геогр. жағдайынан маңызды деректер келтірілген. Ибн Фадлан 942 ж. Қытай мен Үндістанға жасаған саяхаты жайындағы сапарнамасын 2 “Рисалаға” (“Жазба”) жинақтады. Онда оғыздардың, қимақтардың, қарлұқтар мен жікілдердің шаруашылығы, діні мен тұрмыс жағдайы туралы деректер берілген. Жазбада автор көргенінен гөрі естігенін көп әңгімелейді. Бағдат қ-нда туған араб тарихшысы әрі географы әл-Масудидің (10 ғ.) шығармасы құнды тарихи деректеме болып табылады. Ол Үндістаннан Атлант мұхитына дейінгі, Қызыл т-ден Каспий т-не дейінгі аралықтағы елдерге саяхат жасап, ондағы түрлі қауым өкілдерімен араласып, дидарласу арқылы дүниетанымын кеңейтті. “Ахбар әз-заман” (“Дәуір тарихы”) атты 30 томдық тарихи-геогр. энциклопедиядан қысқа ғана үзінділер сақталған. Оның тарихи шығармаларынан “Мурудж әз-захаб уә ма(адин әл-жауахир” (“Алтын шайқайтын және жарқырауық тастар алынатын кен орны”) атты еңбегі ықшамдалған, ал “Китаб әт-танбих уә-ш-шираф” (“Ғибрат және қайыра қарастыру кітабы”) атты геогр. шығармасы толық күйінде жетті. әл-Масудидің еңбектерінде түркі тайпалары қимақтар, оғыздар, қарлұқтар, барисхандар, тоғыз оғыздар, хазарлар туралы құнды тарихи-этногр. деректер және ерте орта ғ-дағы Қазақстанның тарихи геогр-сы жайында бағалы мәліметтер берілген. Сонымен қатар Батыс Қазақстандағы 9 ғ-дың 2-жартысындағы тарихи оқиғаларға қысқаша тоқталады. әл-Макдиси (10 ғ.) шығармаларының ішінде оның өзі куә болған оқиғаларға негізделген тарихи-геогр. еңбегі маңызды орын алады. “Ахсан әт-тақасим фи марифат әл-ақалим” (986 ж.), (“Аймақтар жөнінде мағлұмат беретін таңдаулы тарау”) атты шығармасы елдер мен аймақтарды араб әдебиетінде толық та, жүйелі түрде сипаттайтын еңбек. Онда Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан, ондағы халықтардың тайпалық құрамы, қалалары мен елді мекендері, сауда жолдары, сауда-саттық заттары, шаруашылығы мен діни көзқарастары, тілі, әдет-ғұрпы жайында маңызды деректер келтірілген.