Даруға (көне моңғолша: daruγači) — ортағасырлық түркі және моңғол мемлекеттеріндегі ханның жеке иеліктері мен бағынышты аумақтарындағы әкімшілік өкілі, салық пен алым-салықтың жиналуын қадағалап, ханның тапсырмаларын орындаған жоғары лауазымды қызметкер.

Этимологиясы

«Даруға» термині көне моңғол тіліндегі daruγači сөзінен шыққан. Оның түбірі daru- «тұру», «үстем болу», «бағындыру», «мөр басу» деген мағыналарды білдіреді.

Қысқаша мәлімет

Даруға қызметі Моңғол империясында, Жошы ұлысында және кейіннен олардың негізінде құрылған мемлекеттерде болған. Даруға хан атынан белгілі бір аумақты басқарып, салық пен алымның жиналуын, халық санағын жүргізуді және тұрғындардың ханға адалдық антын қабылдауын қадағалады. Оның қарамағында алым жинаушылар, хатшылар және басқа да атқарушы қызметкерлер болды. «Даруға» атауы Алтын Орда хандарының жарлықтарында бірнеше рет кездеседі. Өзбек ханның жарлығында «даңқты даруғалар», Төлек (Атюляк) ханның жарлығында «болыстық даруғалар», ал Тайдуланың митрополит Феогностқа берген жарлығында болыстық, қалалық және ауылдық даруғалар аталады.

Даруғалар Бұхара хандығы мен Хиуа хандығында да үлкен ықпалға ие болып, кейде әскер басқару ісіне де қатысты. Кейінірек бұл қызметті Мәскеу кінәздігінің билеушілері де қолданды. Мысалы, IV Иван Сібір хандығына алым жинау үшін даруға жібергені жөнінде деректер сақталған. Жазба деректерде даруғалар басқарған аумақтар: болыстық даруға — тұтас өңірді немесе кінәздікті басқарды; қалалық даруға — жеке қаланы басқарды; ауылдық даруға — ауылдар мен оған қарасты қоныстарды басқарды.

Әкімшілік-аумақтық бірлік

Кейбір зерттеушілердің пікірінше, XIV ғасырдан бастап «даруға» атауы тек лауазымды ғана емес, салық жиналатын әкімшілік-аумақтық бірлікті де білдіре бастаған. Қазан хандығында XIII ғасырдан бастап бес негізгі даруға болды: Алат, Ар, Галич, Зүрей және Ноғай даруғалары. 1552 жылы Қазан хандығы құлағаннан кейін Мәскеу билігі бұл әкімшілік жүйені сақтап қалып, Қазан және Уфа уездерінде даруғалар ұзақ уақыт бойы қолданылды. Даруғалардың шекаралары нақты бекітілмеген және жерді қайта сипаттау кезінде өзгеріп отырған. XVIII ғасырдың басында губерниялық басқару жүйесі енгізілгеннен кейін де даруғаларға бөліну іс жүргізу тәжірибесінде XIX ғасырдың басына дейін сақталды.

Дереккөздер

Санат:Лауазымдар Санат:Моңғол титулдары