Ақшатау жотасы – Сарыарқаның оңтүстік-шығысындағы жота.

Географиялық орны Абай облысындағы Абай, Аягөз аудандары жерінде, Шыңғыстау жотасының оңтүстігінде орналасқан.

Жер бедері Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай жалғаса созылып жатқан Қарақшы (биіктігі 1151 м), Жалтыртұмсық (биіктігі 1169 м), Қособа (биіктігі 1305 м) сияқты бірнеше жеке таулар мен шоқылар тізбегінен тұрады. Оларды Арсалаң, Ақшатау өзендерінің аңғарлары бөліп жатыр. Жотаның оңтүстік-батыс беткейі тіктеу, жартасты, биіктігі 1300 м-ден 1000 м-ге дейін күрт төмендейді. Солтүстік-шығыс беткейі еңістеу, бірте-бірте көлбеуленіп жазыққа айналады. Оңтүстігінен Балқыбек, Көксала, Қалғұтты, шығысынан Сарыбұлақ, солтүстігінен Шетембай, Терісайрық өзендері бастау алады.

Геологиялық құрылымы Ақшатау жотасы палеозойдың кварцит, құмтас, әктас, конгломерат, эффузивті жыныстарынан құралған.

Өсімдігі Жотаның жалпақ төбелері мен беткейлерінің қоңыр топырағында далалық өсімдіктер (қараған, тобылғы, тасжарған, т.б. бұталар) өседі. Сайларында шоқ қайың, көктерек, тал өседі. Мал жайылымына қолайлы.Қазақстан Республикасының табиғаты туралы энциклопедия, V- том

Дереккөздер

Санат:Абай ауданы (Абай облысы) таулары Санат:Аягөз ауданы таулары