Көне түркі таңбалары Біздің заманымызға дейін жеткен көне түркі таңбалары құрыптық кешендерінің кейбір бөліктеріне, бітіктастарға, сандықтастарға (барықтарға), атақты бекзат тұлғаларға арналған бәдіздерге, зооморфтық мүсіндерге, балбал-меңгірлерге қашап түсірілген; мұның барлығы аталмыш жәдігерлердің сакралдық әрі семиотикалық мағынасы бар екендігін көрсететіні анық. Сонымен қатар, түркі заманының бірсыпыра таңбалары жартастарға, бұйымдарға, қару-жарақтарға да көркем нақышталған. Көне түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі болып саналатын байырғы түркілердің таңбалары мен символикалық белгілері зерттеушілердің назарын ұдайы аударып келеді. Алайда ұлан-ғайыр Еуразия даласындағы түркі тілді халықтардың таңбалары мен белгілері, олардың шығу тегі мен даму барысы, трансформациясы жайында толыққанды біртұтас ғылыми зерттеу әлі де жасала қойған жоқ. Тарихи диахрондық тұрғыдан қарағанда, таңба қолданысы қоғамдық құбылыс ретінде бірнеше даму сатыларын өткізгенін аңғаруға болады. Атап айтқанда, тас дәуірінің әр түрлі кезеңдерінде белгілер мен символдар белгілі бір жердің, қастерлі өңірдің, қару-жарақ пен алуан түрлі заттардың айқындаушысы болып келді. Алайда палеолит-неолит дәуірлерінде қоғамдық институттардың дамып жетілмегендігіне, этноәлеуметтік қатынастардың айырмашылықтарына, тағы да басқа факторларға байланысты «таңба қолданысы» болды деп айту, сондай-ақ аталмыш дәуірде таңбалар кеңінен қолданылды деп қарастыру әлі де болса жан-жақты талдауды қажет етеді. Көне түркі дәуіріндегі бітіктастарда аталатын оғыз, тоғыз оғыз, сегіз оғыз, үш оғыз, түргеш, он оқ, құрықан, үш құрықан, байырқұ, ұйғыр, он ұйғыр, қырғыз, чік, қарлұқ, басмыл, отұз татар, қытан, татабы және т.б. көптеген көшпелі этностардың өз алдына жеке-жеке арнайы таңбалары болды. Онда жалпы тайпалық таңбалары, одан өрбіген туынды әрі күрделі таңбалары, сонымен қатар жеке, отбасылық, рулық, тайпалық секілді олар билік, меншік иелерінің қоғамдық мәртебесін айқындайтын саяси-әлеуметтік белгілер болып табылады.
Аталуы Көне түркілер осы таңбаларын «tamץa» деп атады, ол екі мағынаны білдіреді. Біріншісі — «ру, тайпалардың белгісі, таңбасы», екіншісі «қағанның алтын мөр белгісі». Көне түркі бітік тілінде аталмыш сөздің түптөркіні *tab // *tab- (семантикасы: бірдеңенің ізі, қалдығы, із қалдыру – «таптау, табы, табандау») // > tam (семантикасы: «тамызу, күйдіру, белгіен басу») > tam+ץa > tamץan (tamץa+n / tamץa+čï семантикасы: мөр жасаушы, мөр таңба сақтаушы) > taŋba («таңба, таңбалау») деген бағытта дамып өрбіген. Көне моңғол тілінде taba > тав (табы, бірдеменің ізі), tamץa>тамага>тамга (таңба) тұлғасында сақталған. Көне түркі этномәдени ерекшеліктерінің ішінде «қаған әулиетінің таңбасы» деп аталатын ерекше бітімді таңбаның орны бөлек. Ол — тауешкінің арқа жон тұсына түзу сызық салған кескінді таңба. Яғни «екінші түрік қағандығының (680-745жж.) қытайша «ашина» әулетінің геральдикалық белгісі» деп те қарастырылады. Бұл таңба орхон ескерткіштері – Күлте мен Білге қаған бітіктастарында, Онгин ескерткіші, яғни Ел етміш йабғұға арналған бітіктаста басы иілген аса таяқ іспетті (таяқша) қосымша белгімен екі рет қашалған. Мұндай кескін таңбалар кейбір бәдіздерде, «Дэл уул» жартасында және т.б. ескерткіштерде кездеседі.
Қола дәуіріндегі таңбалар жүйесі Қола дәуірінде символдар мен таңба тектес белгілердің біршама күрделі жүйесі қалыптасқаны аян. Бұлар жылжымайтын және қозғалмайтын дүние-мүлік иелерінің айқындаушысы болып, күнтізбелік жүйесінің мифтік-салттық кешендерінде кеңінен қолданылды; тіпті табиғат құбылыстарын, қоршаған ортаның нышандарын бейнеледі. Осы кезеңдерде қоғам өмірінің рухани саласында символдар мен белгілердің сакралдық-магиялық қызметі басымдық етті. Қола дәуірінде Еуразия даласының тұрғындарында «таңба қолданысы» нақты іске аса бастады.
Темір дәуіріндегі таңбалар жүйесі Ежелгі темір дәуіріндегі мемлекеттің экономикалық қатыныстырында өндірістің көшпелі шаруашылық тәсілдері кең жайыла бастады, ал қоғамдық қатынастарда мүліктік-дәрежелік айырмашылықтар пайда болды. Демек мүліктік-дәрежелік айырмашылықтардың күшеюі, қоғамның әлеуметтік құрылысында жайылым жерді кеңейту, қайтадан бөлшектеу, байлықты молайтуды тұрақты көздеген әскери ақсүйектердің одақтастығы басты қызмет атқарғаны ерекше байқалады. Егер Ордостан Қарпат тауы, Қара теңіздің солтүстігіне дейінгі Еуразияның кең байтақ даласындағы көшпелі мемлекеттердің өзара саяси-әлеуметтік, экономикалық және этномәдени ұқсастықтары болды десек, онда б.з.д. 1-ші мыңжылдық бойы (хұн-сармат деп аталатын дәуірді қамтып) олардың даму кезеңдеріндегі, әр түрлі сатыларындағы өзгерістер мен жаңарулар барысында алуан түрлі таңбалар мен символдар кеңінен қолданылды деуге негіз бар.
Таңба қолданысының сипаттары Таңба қолданыстың бастапқы сатысында жануарлардың тұяқ-табаны, аспан денелері сияқты түрлері басым болды да кейін одан әрі күрделеніп, кейбіреулері абстракциялық символдарға айналды. Ортағасырлық ру-тайпалар мен этносаяси бірлестіктерден құрылған түркі мемлекеттерінде таңба қолданысының қызметі мен мағынасы ерекше мәртебелі болды. Әсіресе әкімшілік-басқару жүйесінде, сыртқы саяси және басқа да мемлекеттік істерде бірегей қызмет атқарады.
«Сарматтық» таңба белгілер «Сарматтық» мәдениет өкілдерінің таңба-белгілерінің жүйесі туралы, әсіресе Қара теңіздің солтүстік аумағындағы әйгілі ескерткіштерінің таңбалары мен белгілері топтастырып талдаған еңбектер баршылық. Мұндай еңбектерде таңбалардың шығу тегі мен қызметтері және мән-мағынасы туралы алуан түрлі тұжырымдар жергілікті (Соломник, 1959; Драчук, 1975; Яценко, 2001). Сақ-сармат дәуірінде символикалық белгілер мен таңбалар жүйелі түрде қазіргі түсініктегідей нақты өз мағынасымен көрініс таба бастады. Басқаша айтқанда, меншік белгілерінің (жеке меншік, ру-тайпалық және т.б.) ру, тайпа, әулеттерге қатыстылығының «сыртқы көрінісі» толық айқындалды. Ежелгі көшпенділер және көне түріктер тарихи түрлі кезеңдерде таңбаларды қолайлы табиғи жерлерге, заттар мен бұйымдарға, ғұрыптық кешендердің құрылыстарына салатын болды. Мал шаруашылығымен айналысатын халықтар малға ен-таңба салуды үйренді. Онда ен таңбалар меншік құқықтарының айқын белгісі болып саналды. Тіпті малды кездейсоқ айдап әкетсе, ен-таңбалар малды тануға, оған меншік иелігін білдіре алатын заңды құжат іспетті болды (Ефименко, 1874, қараша, 145-170б; 1874 желтоқсан, 271-293 б; Ольховский, 2001, 100-109 б; Народные обычаи..., 1871, 45-167 б.; Полубояринова, 1980,165-212 б.; Симчинко, 1965; Яценко, 2001 және т.б.). Үстірттегі «Бәйте-3» ғибадатханасы секілді кеңінен танымал «сармат (дахо-массагет)-алан» таңбалары өткен ғасырдың 80-жылдан бастап, 2004 жылға дейін ҚР БҒМ Ә. Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Батыс Қазақстан археологиялық экспедициясы тарапынан З. Самашевтің жалпы жетекшілігімен, Үстірт тобын басқарған В. С. Альховскийдің қатысуымен зерттелді (Самашев және т.б.., 2007, 202-207 б.). Ғибадатхана қабырғасының бір бөлігіндегі таңбалардың ішінде көне түркі бітігінің таңба-әріптерінің үлгілері болуы ықтимал. Тіпті, онда сақ жазуының белгілері де бар делінгенімен, сызықтардың пішімі мен жазу іспетті белгілердің қай-қайсысы да әзірінше дәлелденген жоқ. Ғибадатхана қабырғаларындағы және кейбір бәдіз-тасмүсіндердегі таңбалар мен арбаның гравюрлеріне, балық, лабиринт, кейбір адам бейнесі мен жылан секілді бейнелерге әлі де талдау жүргізу қажет.
Бірнеше ғасырлар бойы тұрған бұл ескерткіш Үстірттегі, Сырдариядағы және Сарыарқадағы басқа да ескерткіштер секілді өзгеріске ұшырады, әуелгі (ата-баба әруағына арналған ғибадатхана, жаугершілік, отқа табынушылық және т.б.) мәртебесі жолаушылар мен керуен тартушылардың уақытша қорғаныс үңгіріне немесе ерте ортағасырлық жерлеу орындарына айналды. Сондықтан хронологиялық межесі, этникалық тегі, тіпті таңбалар мен графиттер секілді белгілері, жалпы осы ескерткішті талдау мәселелері өзекті болып отыр. Бұл орайда Бәйте-3 таңба, белгілерінің барлық түрлерін тек қана иран тілді әулеттің, рудың еншісіне телінуі даулы мәселе. Түрлі зерттеу бойынша Жем өзені бойынан сармат таңбаларының күрделі түрлері анықталған болатын. Ташкент маңынан табылған таңба-белгілері мен символдары бар ескерткіш тас ерекше жәдігер. Оны біздің заманымыздың бірінші ғасырымен, қауыншы мәдениетімен байланыстырады. «Отырар-Қаратау» және Жетіасар, Қауыншы мәдениеті қаңлы этносаяси бірлестіктерінің негіздері болды. (Богомолов, 2003, 83 б.). Бұл ескерткіште өте күрделі заманның композициясы, әлем құрылысы мен адамның заман-кеңістіктегі мифологиялық орны көрсетілген. Аталмыш ескерткіштің біртұтас композициясындағы қосымша көптеген символикалық белгілер юечжи-кушан және де сармат-алан таңбаларымен сырт пішіндері жағынан ұқсас. Аталмыш қосымша элементтер көптеген зерттеушілер «Кубрат ханның қазынасы» деп таныған 7-8 ғасырдың басындағы Перешипинск кешені жүзіктеріндегі монограммаларды еске түсіреді. (Комар, 2006, 226 б). Алайда бұл композицияның тұтастығы мен сипаты оның басқа да ерекшеліктері, аталмыш ескерткішті қоғамдық-саяси әрі құқықтық тұрғыдан нақты қызмет атқаратын таңбалар «жиынтығы» деп қарастыруға болмайтындығын аңғартады. Мұнда жалпы адамзаттық әмбебап мүддесінің дүниетанымдық ерекшеліктеріне байланысты таңбалау жүйесінің күрделілігі бар. Дегенмен, Байкөлдің арғы бетінен Мысырға дейінгі аумақты археологиялық, этнографиялық алуан түрлі ескерткіштерден Маңғыстаудағы қазақтардың құлыптасына дейінгі аралықтан ұқсас көріністерді іздеп көрген Г. И. Богомоловтың талдау ізденістері әдістемелік тұрғыдан толығымен оң нәтиже бере алмады (Богомолов, 2003, 83-95 б.).
Хұн таңба-белгілері Хұн дәуірінің әртүрлі зат бұйымдарға, жартастарға қашалған нақты таңба, белгілері әзірше Моңғолияда ғана кездеседі. Хұн дәуірінің таңба іспетті белгілері мен көне түркі дәуірінің және де қазіргі түркі-моңғол халықтарының таңба-белгілері, олардың типологиясы, топтамалары, салыстырмалы талдаулары туралы Х. Пэрлееээнің қызықты морфологиялық еңбегі бар. Орталық Азиядан Солтүстік Қара теңіз аумағына дейінгі «сарматтық» таңба белгілерді негізінен Моңғолияда пайда болған хұн дәуірінің таңба белгілерімен салыстыра қарағанда, сарматтық белгілердің сарқыншақ тегін аңғаруға болады. Сонда, көне түркі таңбаларының негізгі ұйытқысы хұн-сармат текті мотивтерімен қоса ою өрнегінің аздығы, тіпті геометриялық сызықтарының молдығы аталмыш таңбалардың өзгеше даму сатысының ерекшелігін көрсетеді. Кейбір зерттеушілер көне түркі бітіктерінің әліппесі таңба іспетті белгілерден пайда болды деген пікірді айтқан болатын (Аристов, Маллицкий және т.б.). шын мәнінде түркі бітігінің кейбір таңба-әріптері көне түркі таңбаларына ұқсас. Алайда көне түркі бітігінің шығу тегін анықтау өте күрделі ғылыми зерттеу мәселесі екендігін, сондай-ақ қазірге дейін алуан түрлі талдаулар мен ұсыныстар бар екенін айтқанымыз жөн (Аманжолов, 1978, 76-85 б.; Лившиц, 1978, 93 б.; Гузев, Кляшторный, 1993, 60 б.; Кызласов, 1994; Щербак, 2001, 32-53 б.).
«Шивээт улаан» ғұрыптық кешені «Шивээт улаан» ғұрыптық кешенінің мерзімі жайлы зерттеушілерде бірізді пікір жоқ. Мысалы, С.Г. Кляшторный, 692 ж. қайтыс болған Елтеріс (Құтлық) қағанға арналып 693 ж. орнатылған дейді. Бұл ғұрыптық кешенде тастан жасалған текше қоршаудың ішкі тұсында тас үйінді қорған орналасқан және көптеген адам, арыстан бейнелі мүсіндер, аталмыш таңбалары бар ескерткіш тастан құралады (Кляшторный, 1978, 576 б.) В.В. Войтов ескерткіштегі таңба-белгілер «екінші» түрік қағандығының негізін қалаушы, қытайларға қарсы күресіп, түріктерге тәуелсіздік әкелген билеуші тайпа Күлтегіннің әкесі Елтеріс қағанның (Құтлық, қытайша «гудулу-шеху») нөкерлерінікі, яғни түрік ру-тайпа басшыларыныңкі деп есептейді. (Войтов, 1996 ж, 88 б).